Білім • 23 Наурыз, 2022

Аралас мектептен арыламыз ба?

1698 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қанша күлбілтелесек те, қоғамның қос тілде сөйлейтінін мойындауымыз керек. Алайда бұл үрдісті мүдде мен мақсат жолындағы кемшілік деп емес, ұлт пен ұлыстың арасындағы дәстүр, мәдениет, тіл сияқты негізгі құндылықтарға құрмет деп қабылдауымыз керек. Ал елді тұтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесі әрдайым жоғары тұруы тиіс.

Аралас мектептен арыламыз ба?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. Бұған дейінгі баспасөзге берген сұхбатында Президент «Қа­зақтың тілі – қазақтың жаны! Хал­қымыздың тарихы да, тағ­ды­ры да тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В.Рад­лов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен балдырғанның тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» дегенді тілге тиек еткен. Яғни ел билігі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді балабақша мен мектептерден бастау керек екеніне баса назар аударып отыр. Бұл – қуанарлық жағдай, әрине.

Алайда еліміздегі аралас мектептердің жағдайы да күн тәртібінде тұрғанын естен шығармауымыз керек. Өйткені қоғамда қазақ тілінің дамуына кері ықпал етуші фактордың бірі ретінде осы екі тілде білім беретін мекемелердегі жағдай аталып жүр. Дерек бойынша, бүгінде 6 957 мемлекеттік мектеп бар екен. Оның 53 пайызы, яғни 3 733 білім ұясы таза қазақша оқытса, орыс тілінде білім беретін 1 160 мекеме бар көрінеді. Бұл елдегі жалпы мектептердің 16,6 пайызын құрайды. Ал қалған 29,4 пайыз білім ошағында оқушылар аралас тілде тәрбиеленіп жатыр. Демек, қоғам белсенділері алаңдаушылық білдірген аралас тілді ұрпақ осы 2 047 мектептің партасында отырғаны анық. Кезінде бұл мәселе Парламент мінберінен де айтылған. Депутат Динар Нөкетаева Парламенттің кезекті отырысында «Қазақ­стан­дағы аралас мектептер ел мектептерінің 30 пайызын құрай­ды. Әлемнің ешбір елінен мұндай көрсеткішті көрмейсіз. Біздегі жағдай осы. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, қазақ тілінің болашағы қандай болатынын, еліміздің тағдыры нендей болатынын ешкім болжай алмайды» деген еді. Яғни аталған аралас мектептерде оқитын 1,5 млн-ға жуық баланың қазақ тіліне деген сұранысты төмендететін буын болып қалыптасып отырға­ны қоғамды алаңдатуы тиіс.

Әлбетте, аралас мектептер саны Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында көбірек бол­ғанымен, аймақтар да қалыспай тұрғаны шындық. Мысалы, Алматы облысында 306 аралас мектеп болса, онда 256 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал өңір тұрғындары бұл жағдайға наразы. Ата-аналар атқарушы билікті мектептерді аралас тілде оқытуға лайықтап ашып отыр деп айыптайды. Мысалға, «Егемен Қазақстан» газетінің тілішілер қосынына хат жолдаған Талғар ауданының бір топ тұрғыны Талғар қала­сындағы Тұрар Рыс­құлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектептің болашағына алаңдау­шылық білдірген еді.

«Талғар қаласында жаңадан салынған мектеп ғимаратына апатты жағдайда білім беріп келген Т.Рысқұлов мектебі қоныстанады деген келісім бол­ған. Бұл – таза қазақша оқы­татын білім ошағы. Алайда жаңа ғимараттың құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілетін кезде аудан әкімдігі тарапынан бұл «аралас мектеп болады» деген нұсқау шықты. Жалпы, Талғар қаласында №1, №5, №6 және №8 мектептер аралас тілде оқытады. Мұнан бөлек, №3 және №4 орта мектепте таза орысша білім береді. Ал аудан орталығындағы тұрғындардың денін қазақтар құрайды. Қазір ауданда 63,77 пайыз тұрғын қазақша сөйлесе, орыс тілділер саны 18,25 пайыз және басқа да ұлт өкілдері бар. Ал 1 200 орынды жаңа мектептің «аралас мектеп» болып ашылатыны бізге түсініксіз», дейді Талғар қаласының тұрғыны Кәмнұр Тәлімұлы.

Айтпақшы, жақында ға­лам­торда Ресей федерациясы Мемлекеттік думасының депу­таты Г.Зюгановтың жария мәлімдемесі пайда болған еді. Көрші елдегі коммунистер партиясының лидері саналатын саясаткер Қазақстандағы ұлт, тіл және әлеуметтік ұс­та­нымдарға қатысты пікір біл­діре келіп, елімізде «орыс мүддесінің аяқасты болып отырғанын» айтты. Зюганов өз сөзінде «елдің солтүстігінде орыс тілінің ықпалы сақталып отыр, ал оңтүстікте қазір орысша оқыту тоқтады...», деген дәйек келтіреді. Бізді ресейлік коммунистің саяси ұстанымы емес, жария мәлімдемесіндегі салыстырулар қызықтырған болатын. Шынымен Қазақстандағы орыс тілінің мектеп деңгейінде оқытылуы қандай дәрежеде? Бұл сұраққа жауап табу үшін біз ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, бірқатар облыс пен қаланың білім беру мекемелеріндегі оқыту тіліне талдау жасап көрдік. Сонымен оңтүстік облыстарда, оның ішінде Шымкент қаласындағы мектептерде 2020-2021 оқу жылыңда 152 мың бала қазақ тілінде, 54 мың бала орыс тілінде және 20 мың бала өзбек тілінде білім алған. Ал Алматы қаласындағы білім ошақтарында 153 мың оқушы орыс сыныптарында және 140 мың оқушы қазақ сыныптарында оқыған. Орталық облыстардағы жағдай былай екен: осы 2020-2021 оқу жылында Қарағанды қаласында 12 мектептегі оқу үрдісі бір тілде – орыс тілінде жүргізілсе, 56 мектеп аралас тілде білім берген. Ал қазақ тілді мектептердің саны – 10. Сондай-ақ сәйкес мерзімде Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерде 108 мың оқушы қазақша және 85 мың оқушы орыс тілінде білім алған. Еліміздің солтүстік облыстарындағы ахуалды былай сипаттауға болады: 2021 жылғы дерек бойынша Қостанай қаласында 17 мектеп таза орыс тілінде, 10 мектеп аралас тілде және 6 мектеп қазақ тілінде оқушыларға білім берген. Ал Павлодар қаласында да аталған кезеңде 7 қазақ мектебі, 12 орыс мектебі және 18 аралас мектеп жұмыс істеген. Сондай-ақ Ақмола облысында жалпы білім беретін 555 мектеп болса, оның ішіндегі 159 мектеп қазақша оқытып, 218 мектеп аралас тілде білім берген. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы оқушылар 259 орыс тілді мектепте, 114 қазақ тілді мектепте және 95 аралас тілді мектепте 2020-2021 оқу жылын аяқтаған.

Жалпы, еліміздегі тіл саясаты орнықты даму үстінде деп айтуға болады. Яғни мемлекет қазақ тілі мен басқа да ұлыстардың ана тілінің қолданыс аясын кеңейтуге барынша қолдау білдіріп отыр. Оны кейінгі 4-5 жыл кезеңінде тілді дамытуға бөлінген қаржының көлемінен де байқауға болады. Мысалы, мемлекеттік және басқа да тілдерді дамытуға 2018 жылы 973 млн 621 мың теңге бөлініп, игерілген. Сәйкесінше, 2019 жылы 933 млн 674 мың теңге және 2020 жылы 743 млн 105 мың теңге жұмсалған. Ал был­тыр бұл қаржы көлемі – 773 млн 513 мың теңге шама­сында болған. Сондай-ақ биыл тіл дамытуға 591 млн 590 мың теңге қарастырылған. Бұл қаржының негізгі бөлігі мем­лекеттік тіл саясатын насихаттау іс-шарасы мен әліпби ауыстыруға әзірлік жұмысына жұмсалған көрінеді. Сондай-ақ этностардың мәдени орталық­тарындағы ұлт тілін қолдау мен мемлекеттік тілді оқып, үйренуге де біраз қаржы жұмсалады дейді бізге мәлім ашық ақпарат көздеріндегі деректер.

 

Алматы облысы