Аймақтар • 25 Наурыз, 2022

«Сергек» миллионнан астам ереже бұзу дерегін анықтаған

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кез келген қоғамдық саланы цифрлы технология­ларсыз елестету мүмкін емес. «Ақылды қалалар» жобасы аясында бақылау жүйелерінің тиімділігі күн сайын артып келеді. Осы орайда «Сергек» бақылау камераларының жұмысын жетілдірудегі қадамдарды атап өтуге болады.

«Сергек» миллионнан астам ереже бұзу дерегін анықтаған

Алматы қалалық Полиция департа­ментінің мәліметінше, өт­кен жылы алма­ты­лық жүргізушілер жол қозғалысы ере­жесін миллионнан аса бұзған. Оларға салынған айыппұлдан бюджетке түскен қаражат көлемі өткен жылы 9 млрд 373 млн 600 мың теңгеге жеткен. Нақты айтқанда, жол ережесін бұзу фактісі 1 млн 312 мыңды құрайды. Қалада жиі кездесетін жол қозғалысы ережелерін бұзу жол белгілерінде немесе жолдың жүру бөлігін таңбалауда көзделген талаптарды сақтамаумен байланыс­ты болып келеді. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­ке (ӘҚБтК) сәйкес 130 953 құқық бұзушылықтың күші жойылған.

Алматы қаласы Әкімшілік департа­­менті Әкімшілік басқарма­сы­ның Әкім­шілік тәжірибе бөлімі таратқан мәліметке сәйкес қазіргі уақытта Алматы қаласында 468 агроөнеркәсіп кешені (2258 камера) жұмыс істейді, олардың орналасқан 85 жол қиылысы, 379 желілік учаске, оның ішінде 21 пост Алматы қаласының кіреберісі мен шығысында орналасқан. Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында қаланың апатты учаскелеріне, жаяу жүр­гін­шілер өткелдері мен көше қиылыс­тарына «Сергек» камералары орнаты­луда. Орнатылған камералар саны апатты учаскелердің, жаяу жүргіншілер өткел­дерінің, жол қиылыстарының санына және тұрғындардың өтінішіне байланыс­ты ескеріліп отыр.

ІІМ Әкімшілік полиция ко­ми­­­тетінің мәліметінше, авто­кө­лік оқи­ғалары салдарынан бо­латын өлім-жітім оқиғалары жаяу жүргіншілерді қағып кету, көлік­тердің аударылуы және қа­рама-қарсы жолаққа шығып соқ­ты­ғысуынан орын алуда. Жол көлік оқиғаларының осы түрлеріндегі өлім-жітім 56 пайызды құрайды. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы елді мекен­де жылдамдықтың артуына байла­ныс­ты орын алады. 2020 жылы 200 мың­нан астам жаяу жүргінші тәртіп бұ­зып, жол оқиғасының себепкері болса, өткен жыл­дың төрт айының өзінде 70 мың­ға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталған.

 

АЛМАТЫ