Аймақтар • 25 Наурыз, 2022

Әділет министрі Қанат Мусин Алматы тұрғындарымен кездесті

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жиынға белсенділер, сарапшылар мен қоғамдық кеңес мүшелері де қатысты. Қанат Мусин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында жариялаған реформалардың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Әділет министрі Қанат Мусин Алматы тұрғындарымен кездесті

«Шын мәнінде, бұл жаңа Қазақстанды құру кезеңінің басы. Бастамалардың ауқымы мен мазмұны ауқымды, оған төмендегі цифрлар дәлел. Бір ғана Конституцияның өзінде 30-дан астам бапқа өзгертулер енгізу керек. Сонымен қатар 7 конституциялық заң мен 15-тен астам заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Министр сонымен бірге саяси реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды: Президенттің өкілеттілігін шектеу; сайлау процесін жаңғырту; саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету; сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру; азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту. Кездесуіміз аясында ата-бабамыздың демократиялық дәстүрінің жаңғыруын атап өтуге болады – жұртшылық алдында талқылап, маңызды шешімдер қабылдау. Осыған орай, қоғамдық диалогтің біртұтас үлгісін қалыптастыратын, билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтетін «Ұлттық құрылтай» құрылады», деп атап өтті Қанат Мусин.

,

Бұл ретте жұмыс істеп тұрған барлық қоғамдық кеңестердің қызметі жүйеленіп, олардың мүшелері Ұлттық Құрылтайдың құрамына енетін болады. Бұл шаралар азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге бағытталған. 

Министрдің айтуынша, Президенттің ұсыныстарын жүзеге асыру үшін атқарылатын жұмыс көп. Өз кезегінде Әділет министрлігі Жолдауды іске асыру үшін нормативтік құқықтық тараптан қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында министр халықты, қоғам белсенділерін мазалаған сауалдарға жауап берді. Оның ішінде саяси партияларды, меншік иелерінің бірлестігін, тауарлық белгіні тіркеу, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, жеке азаматтарды банкрот деп тануға бағытталған заң жобасы, нотариустар көрсететін қызметтің сапасы, сонымен қатар, заң мамандықтары бойынша кәсіби кадрларды даярлау бағытында сұрақтар қойылды.