Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Біз осы неге халық құндылығын құнттамай келеміз? Бабалардың басқан ізіне үңіліп, олардың ғибратты ғұмырын жыр қылғанда тамсанып, таңданып алатынымыз анық. Бірақ рухани қазынаға қалай кенелгенін, халқын сүйіп, адамзатты бауыр көріп, ағайынын құрметтеп, көршімен тонның ішкі бауындай етене болғандығының сырына қаныққымыз келмейтіндей көрінеді. Бұл көпке қаратып айтқан сөз, «жапқан жала, жаққан күйе» емес. Сол көпті көлегейлейтін, «бір қарын майды шірітер» жандарға айтылған, оларға деген күйініштен туған сауал. Егер халқының қасиетін арттырып тұрған, сонау мыңжылдықтар шеруінде өркениетті ел саналған Алаштың басты байлығы, өзгеден артықшылығы дін мен дәстүрінде жатқанын аңғарар еді. Оны ұққан жан бесік пен бейіттің арасындағы тұтам тағдырын жақсылықпен, қайырымдылық, ізгілікпен өткізер еді-ау...
Жоғарыда мақаламызға негіз болған «Ағайын – ырысың, көрші − тынысың» деген қазақтың байырғы мәтелін талқыға салайықшы. Бұдан қазақтың бөлінбеген еншісі еске түсетіндей… Әйтеуір, «енші» сөзінің ен-таңбасы бұзылған малдай көзден өшсе де, көңілден көшпей сақталғанын дәтке қуат етерміз. Ал осы «бөлінбеген енші» сөзінің қазақы қонақжайлық қалыптың ең сәтті, ең көркем сұлбасы бейнеленген ғажайып картина тәрізді дүние екенін айтсақ, бүгінгі ұрпақ оған сенер-сенбес, ұғар-ұқпас. Әңгіме, тіпті, онда емес-ау. Әңгіме баба дәстүрді ұрпақтың санасында жаңғыртудың маңыздылығында болып отыр емес пе?
Бұл – Алаштың бөлінбеген еншісі! Аңызға сүйенсек, тарихта атақты Алаш атты әділ де парасатты хан өткен. Сол Алаш хан бірде үш ұлына енші бөліп береді. Үшеуіне ұлан-ғайыр атырап пен артса талай атан көтергісіз қазынасын теңдей бөліп, жеке-жеке разылықтарын алады. Сонымен бірге, үш баласына берген еншінің әрқайсысымен пара-пар келесі бір еншіні «Алаштың бөлінбеген еншісі» атап, үш ұлына қарата үн қатады.
– Өзіме тиесілі еншімді мен дәл қазір тең бөліп, үшеуіңе таратамын. Бұл – иісі қазақ баласының қонақасыда сыбағасы бөлінбеген мәңгілік еншісі болсын. Яғни үш баламнан тараған ұрпағым бірінің үйіне бірі барғанда қысылмай отырып, қонақ болатындай өзара мейірімге бөленсін, – дейді Алаш хан.
Ханның сөзін әрі қарай сабақтар болсақ, соңғы төртінші еншінің кез келген жол тартып, алыс-алыс сапар шеккен әр қазақтың несібесі екенін, қай уақытта болсын менің Алашта бөлінбеген еншім бар деп түстеніп, қоналқы сұрауға болатыны аманатталады. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – құдайы қонақ. Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналады. Тіпті құдайы қонақтың қонақасы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден ат-шапан айып алатын тәртіп болған.
Қонақ күтуде әрбір қазақ ескеруі тиіс бір жайтты айта кетуді жөн көрдік. Мәселен, үйге құтты қонақ келгенде үй иесі оны алдымен кіргізеді де, сосын барып есікті жабады. Сіз мүмкін осы пікірге де: «Бұл, әрине, түсінікті жағдай ғой. Үйге бірінші қонақ кіргесін есікті үй иесі жабады емес пе?» деп қайыра сауал тастауға қақылысыз. Ендеше, гәп қайда дейсіз ғой, гәп – көшпенді жұрт танымы бойынша үйге келген қонақтың құт әкеледі деп есептелуінде еді. Сол себепті, жас бала болса да бірінші оны үйге оздырып, есікті қашанда үй иесі жабуға тырысады. Қазақтың қонақты құтты қонақ деп айрықша леп беріп айтуында да осындай бір себеп бар-ды.
Ал мейман шығардағы салттың жөні тағы бөлек. Бұл жолы есікті аттанушы ашады. Алда-жалда есікті үй иесі ашар болса, бұл көргенсіздікке баланады. Оның да ала-бөтен себебі бар. Егер есікті үй иесі ашса, қонағын қуғанмен бірдей деген сөз. Бұлай болғанда қонақ іштей шын ниетімен күтпепті-ау, бекер түскен екенмін деп аттанады. Бұл да атам қазақтың пайымы. Осындайда қазақтың «Қонақты қусаң құт қашады» деген аталы сөзін ескермесеңіз, кішкентай олқылықтың өзі орны толмас өкінішке ұласатыны тағы анық.
Этнограф ғалымдардың айтуынша, бөлінбеген енші – құдайы қонақ институты қазақтардың үлкен аумақты емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиялық еңбекте де кеңінен айтылған.
Мысалы, аталған еңбекте үй иесінің аттанарында қонақтан бұйымтай сұрайтыны жазылған. Мұнда қонақтың да ғұрыптық құқықтары айқын көрсетілген. Ол дәстүр бойынша құдайы қонақ үй иесінің аты, иті мен мылтығынан басқасын сұрай алатын болған. Бір сөзбен айтқанда, жеті қазынасының үштігін, тұрмысының тиянағын сұрау әбестік саналған. Бұл тіпті, тар жерде ер-тоқымның артқы қасын сұраған жаманның қадетіндей көрініп, адал асын тосқан үй иесінің ішкі наразылығына себепкер болған. Әдетте, мұндай қонақ алыс жолда қажет болатын бір бұйымды ғана сұраған. Ал дәстүрге орай ол сұраған бұйым берілмесе, немесе күтушіге түстеніп-түнеуші разы болмай кетсе, ол шаңырақ үлкен ұятқа қалды деп есептелген. Ол ол ма, уақытша той-томалақ, ду-думаннан да шет қағылған.
Бақсақ, бұл аңыз сонау Мөде қаған билеген ғұндар заманынан бастау алған. Алтай мен Атырау арасын алып жатқан алып Тұран даласында бабадан қалған өсиет бұл. Айшылық жолды ай тұяғымен турап, күншілік жерді күнде шалған көшпелі қазақ үшін осы бір хан жарлығының маңызы зор болғаны белгілі. Соның нәтижесінде кез келген жолаушы кез келген бағытта жолға шықса да, мейлі, ол бай не кедей болса да, көздеген жеріне еш қиналмай жетіп отырады. Барған жерінде жайылып жастық, иіліп төсек болған үй иесі тұрады алдында. Нәтижесінде, ел мен елдің берекесі артып, Ұлы дала ұлысы одан сайын ұйыса түскен.
Оны айтамыз-ау, мұны қазақтың «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген аталы сөзі де расқа шығармай ма?! Бұл принцип те қазақты алғаусыз көңілімен атымтай жомарттықтың шыңына шығарды. Ең кереметі, ел кез келген қонақтың арасында жүрегі жұмсақ, пейілі аппақ Қыдыр жүреді деп сенді. Сосын да қонақ разылығын алған адам бұл өмірден армансыз өтеді не тілеген тілегі орындалады деген сенімде жүрді. Бәлки, ол заманда да қазақтың табиғаты соған жақын ба еді, кім білген? Өйтпесе, қазақ ашық алақан, ақжарма ниетті ұлт болмаса, оның тағдырына бұл жомарттық дәл осылай жарасар ма еді, тәйірі?!