Қазақстан • 27 Наурыз, 2022

Дара тұлғаларды дәріптеді

740 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласындағы ең сәулетті сарайда «Ұлтын сүйген ұлылар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл конференция Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан атақты ақын-жазушылар – ұлтымыздың мақтанышы Ғабит Мүсіреповтің – 120, Сафуан Шаймер­деновтің – 100 және Кәкімбек Салықовтың 90 жылдық мерейтойларына арналды.

Дара тұлғаларды дәріптеді

Конференцияны «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты, Қа­зақ­­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов алып, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келген қадірлі қонақтарға ризашылығын білдіріп, жерлес жазушыларымыздың есі­мін облыс тұрғындары мақ­тан ететінін, жас ұрпақты тәр­бие­леуде олардың шығар­ма­шылығы мен өнегесі әрқашан үлгі екенін атап өтті. «Бүкіл Қазақстан халқы біздің жер­ле­сіміз Ғабит Мүсіре­пов­тің шығармаларын, сонымен қатар оның ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеу және даму жолында ерен еңбек еткенін жақсы біледі. Биыл айтулы тұлғаның мерейтойы барлық мәдениет орындары мен мектептерде аталып өтуде.

Сонымен қатар қабыр­ға­лы қаламгер Сафуан Шай­мер­деновтің 100 атақ­ты ақынымыз Кәкімбек Салық­овт­ың 90 жыл­дығы да кеңінен тойлануда. Біз осындай жерлестерімізді мақ­тан тұтамыз», деді ол.

Конференцияда Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, халық­аралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер ода­ғы­ның төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және т.б. құттықтау сөздерін айтты. А.Елгезектің бір сөзінде Қазақстан Жазушылар одағын Солтүстік Қазақстан облысы­нан шыққан С.Мұқанов, Ғ.Мү­сі­репов және Ғ.Тоғжанов сияқ­ты үш бірдей қайраткердің басқарғанын және ондай же­тіс­тік басқа бірде-бір облыс­тан шықпағанын еске салғаны көпшілікті еріксіз елең еткізді. Сонымен қатар ол Ғабеңнің төраға болғандағы ерліктерін, Алматының қақ ортасынан Жа­зушылар одағына ғимарат алып бер­генін де ауызға алғаны жиналған қауымның құлағына жағып отырды. Баяндамашылар қа­та­рында болған «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің бас директоры Жарасбай Сү­лей­менов «Тәуелсіздік жыл­­да­рындағы Солтүстік Қа­зақ­стан облысындағы әде­биет­тің дамуы», Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай «Кә­кімбек Салықов – қай­рат­кер, ақын, азамат», «Еге­мен Қа­зақ­стан» газетінің Сол­түс­тік Қазақстандағы мен­­­­шік­ті тілшісі Жақсыбай Сам­рат Ға­бит Мүсіреповке ар­нал­ған «Могиканның соң­ғы тұя­ғы», М.Қозыбаев атын­дағы Сол­түстік Қазақстан униве­р­сите­тінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева «Сафуан Шай­мерденов – көркемсөз ше­бе­рі» атты баяндамаларын оқыды.

Осы кеште солтүс­тік­қа­зақ­­стандық жас жазушылар Аманжол Зағыпардың «Тағ­дырымның тамшылары», Нұр­гүл Оқашеваның «Нұр», Сағындық Сәбитұлының «Дөң­де­гі ауыл» және Қызылжар ақын­дары антологиясының тұ­сау­кесер рәсімі болды. Төрт кітап та облыстық әкімдіктің қол­­дауымен жарық көрген.

Кеш барысында Сафуан Шаймерденовтің немере інісі Сайын Есмағи сөз алып жазу­шы­ның есімін халықтың есінде сақтау бағытында атқарылмай жатқан істер туралы өзінің өкі­ніш­ті ойларын жеткізді. Оған облыс әкімінің орынбаса­ры Ғани Нығыметов жауап бе­ріп, сынның орынды екенін, оны түзетуге күш салынатынын жеткізді.

Кеш соңында Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жергілікті жас ақындар Аман­жол Зағы­пар, Күлайхан Рахмет, Нұргүл Оқашеваны және прозашы Сағынды Сәбитұлын Жазу­шылар одағына мү­ше­лікке қабыл­дап, жазушы куә­лігін тап­сырды.

Ал ертесіне осы тақырыпта республикалық ақындар айтысы өтті. Оны жыршы-тер­мешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді. Айтыс­қа Қазақстанның барлық түк­пі­рінен Рүстем Қайыртай, Ерке­бұлан Қайназар, Қалижан Білдәш, Мейірбек Сұлтанхан, Төлеген Жаманов және т.б. жүйріктер қатысып, қомақты жүлдені сарапқа салды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы