Пікір • 28 Наурыз, 2022

Ғылым мен прогресс көздеген межеге жеткізді

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы маған еліміздің азаматы әрі патриоты, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі ретінде көп ой салды. Сондықтан жарқын болашақ туралы пікіріммен бөлісуді жөн көрдім.

Ғылым мен прогресс көздеген межеге жеткізді

Президенттік жастар кадрлық резерві – бүгінде мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын жастарға зор мүмкіндік беретін және оны жүйелі түрде жүзеге асыруға жол ашатын құрал. Стратегияларды құру мен ел дамуының векторын белгілеуде ұзақмерзімді жоспарлау және нақты мақсат қоюдың маңызы зор. Дәл осы маңызды міндеттер ел мүддесі үшін қызмет етудің жаңа мағыналарын қалыптастырады. Мұның барлығын адамзат ғасырлар бойы «прогресс» деп атап келді. Осы межеге қол жеткізу үшін түрлі идеяларды іске асырып, қандай да бір түрде стра­тегиялық мақсаттарды анықтады. Бірақ бізде бір мәселе бар. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партия­сының кезектен тыс XXII съезінде «жас және қабілетті кадрларға жол бермеу үлкен кемшілік екенін атап көрсетті. «Бір ғана мәселе – әлеуметтік лифтінің жоқтығы. Біз жас және қабілетті кадрларға жол бермейміз, бұл – біздің үлкен кемшілігіміз», деді Мемлекет басшысы.

Мәселен, мен бәріне көмек­тес­кім келеді. Мүмкін болса ұлтына, жасына, біліміне, әлеуметтік жағдайына, тұрған жеріне қарамай қолымнан келгенше көмек қолын созсам деймін. Біз бәріміз бір-бірімізге көмектескіміз келеді. Адам баласының болмысы осындай. Біз бақытты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Біз бір-бірімізді жек көргіміз не көкірегімізді көкке көтеріп жүргіміз келмейді. Бұл әлемде бәріне орын бар. Біздің жеріміз бай, Қазақстан бәрін қамтамасыз ете алады. Өмір жолы еркін және әдемі болуы мүмкін, бірақ біз ондай өмірден алшақтамыз. Өйткені сараңдық адамдардың жанын улады, әлемді жеккөрушілік қоршады, халықты қасірет пен қантөгіске итермеледі. Біз жылдамдықты дамыттық, бірақ өзімізді жауып тастадық. Молшылық беретін индустрия бізді мұқтаждықта қалдырды. Білімсіздік бізді надан етті. Біздің рухымыз қатал және мейірімсіз. Біз тым көп ойлаймыз және тым аз сезінеміз. Материалдық жағдайдан гөрі бізге адамзат қажет болуы керек. Бізге мақтанудан гөрі мейірімділік пен адамгершілік қажет. Мұндай қасиеттер болмаса, өмір зорлық-зомбылыққа ұшырайды және бәрі жоғалады. Қазақ жоғалып кетеді. Ұшақ пен интернет бізді жақындастырды. Осы өнертабыстардың табиғаты адамдарды ізгілікке, жалпы бауырластыққа шақырады.

Қазіргі жастардың мүмкіндігі зор. Олардың соны технологияларды жасауға күштері, білімі, кәсібилігі жетеді. Бүгінгі жастардың бақытты ел құратын күші бар. Біздердің, қазақ елінің келешекті, бүгінгі қоғамды, өмірді еркін және әдемі етуге күш-жігеріміз мол. Ол үшін демократия жолында осы күш-қуатымызды оң мақсатқа пайдалануымыз қажет. Бәріміз бірігіп, Мемлекет басшысы айтқан Жаңа Қазақстанның жаңа жолын салуға атсалысуымыз қажет. Жастарға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін лайықты қоғам – жастарға болашаққа сенімділік, қарттарға салиқалы қартайған шақ қамтамасыз ететін жаңа әлем үшін күресейік. Ол үшін бізге сараңдықты, жеккөрушілік пен төзімсіздікті жою қажет. Ғылым мен прогресс – бүкіл адамзатты бақытқа жетелейтін жол. Жаңа Қазақстанның жас­тары осы жолды таңдағанда ғана, осы мақсаттың айналасында біріккенде ғана діттеген межеге жете аламыз.

Сол себепті баршаңызды ғылым мен прогреске әкелетін жолды таңдауға, жас­тарды түсінуге шақырамын. Бұл ретте адам ресурстары ең маңызды алғышарт болуы керек. Өйткені мемлекеттің ең құнды байлығы – еліміздің болашағын жасайтын жастар. Алайда осы тұста «Атақ-даңқы мен қомақты ақшасы жоқ, қарапайым отбасында тәрбиеленген жас жігіт стратегия туралы, әсіресе жаһандық мәселеге қатысты не істей алады?» деген заңды сұрақ туындайды. Алайда ешбір қолдау, қаржысыз алға ұмтылған жастың өзі – үлкен күш!

 

Әнуар НҰРТАЗИН,

экономикалық шолушы,
саясаттанушы, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі