Халықаралық саясат жаңа турбулентті кезеңге аяқ басып, геосаяси парадигмалар өзгерісі мемлекеттердің экономикалық жағдайына тікелей әсер етіп жатқан кезеңде елдің ішкі тұтастығы мен сыртқы саясатын теңгерімді түрде ұстап тұру оңай емес.
Жолдаудағы ең маңызды оқиға – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы. Бұл – тарихи оқиға! Қазақстандағы жаңа әкімшілік-құрылымдық өзгерістер өңірлер арасындағы жаңа байланыстардың жол ашылуы мен ішкі көші-қон қозғалысына оң әсер етіп, өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беретіні анық. Өйткені қуатты Қазақстанды қуатты өңірлер арқылы ғана құруға болады.
Еліміздің даму бағытына жаңа серпін беретін осы тарихи құжаттағы негізгі идея «Бұл ғаламда Қазақстан өз халқынан басқа ешкімге керегі жоқ. Әрине достарымыз аз емес. Бірақ біздің бүгінгі тыныш өмірімізді, табыстарымызды, тұрақты тіршілігімізді көре алмайтын жаулар да жеткілікті. Оны ешқашан естен шығармау керек. Біздің болашағымыз – біздің ғана қолымызда!» деген жолдарда тұр деп түсінемін. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың қазіргі ұстанымы болуға тиіс.
Әрине, саяси реформаларды халықтың қолдауынсыз іске асыру мүмкін емес. Осы жағынан алғанда ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтарымыздың ұсыныс-талаптары саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арқылы мәслихат мінбелерінде көрінуге тиіс. Осы жағынан алғанда өңір тұрғындарының барлық мәселелері, талап-тілектері жергілікті депутаттардың белсенділігі мен атқарушы билік өкілдерінің жауаптылығы арқылы шешілері анық. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың рөлінің күшеюіне көппартиялық жүйе, әкімдерді тағайындау функциясына қатысу, қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту арқылы қол жеткізуге болады.
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы