Іс-шара барысында спикерлер табысқа жету және жеке өсу дағдыларын дамыту бойынша пайдалы кеңестерімен бөлісті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ауылдық деңгейде жастар саясатын жетілдірудің өзекті тақырыптарын талқылады.
Сонымен қатар «Ассамблея жастары» ұйымының көшбасшылары «Таза орта» жобалық бағыты аясында экологиялық акция өткізді. Ұйғыр ауданының орталығында жергілікті жастармен бірлесіп, «Достық аллеясына» ағаш отырғызды. Бұл күні белсенділер 50 қылқан жапырақты ағаш көшетін екті. Олар келешекте ауданның көз тартар көрікті жеріне айналары сөзсіз.
«Бұған дейін Мемлекет басшысы 2 млрд ағаш отырғызу туралы бастама көтерген. Біздер – жастар өз күшімізбен елімізді көгалдандыруға көмектесуге тырысамыз. Біз Ұйғыр ауданындағы Достық аллеясын түрлі этнос өкілдерінің: қазақ, ұйғыр, татар, орыс және т.б. күшімен орнаттық. Ал осындай бірлескен жасампаздық іс-шаралар жастарымыздың бірігуіне ықпал етеді және бұл аллея аудан тұрғындары үшін жақсы сыйлық болады деп үміттенеміз», деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.
Іс-шараға қатысушылар осындай жастар бастамаларын іске асыру басқа өңірлерде де жалғасатынын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, экологияны сақтау және қоршаған ортаны қорғау – «Ассамблея жастары» ұйымы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Сондай-ақ ұйым белсенділерінің жоспарында басқа өңірлерде «Халық достығы» саябақтарына ағаш отырғызу да бар. Бұл бастаманы былтыр қазан айында ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ұсынған.
Алматы облысында өткен іс-шараларға «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Т.Жұмырбаев, ASAR-UME қорының негізін қалаушы және Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің мүшесі А.Нұрмашев, Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы Р.Қайрыев, «Ассамблея жастары» РҚБ Алматы облысындағы өкілдігінің төрағасы Р.Усанова және жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысты.