Қазақстан • 28 Наурыз, 2022

Қожакеұлының әдеби мұрасы

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде Қожакеев оқулары аясында «Темірбек Қожакеевтің сатиралық және әдеби мұрасы: таным мен талғам табиғаты» тақырыбында ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Қожакеұлының әдеби мұрасы

Жиынға қатысушылар қазақ са­тирасының дамуына зор үлес қосқан ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісті. «Қожа­кеевтің құнды қазынасы» баяндамасында Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шай­хы «Темірбек Қожакеұлы – қазақ сатирасын егжей-тегжейлі зерттеп, сатиралық жанрлар жүйесін жете зер­делеген һәм теориялық жағынан негіз­деген ғалым. Бұған дейін қазақ әде-биеттану ғылымында сатира мен юморды терең зерттеп, талдаған ғалым бол­ған жоқ. Ғалымның қаламынан туған ғылыми еңбектерді жинақтаса, қазақ сатирасының энциклопедиясы секілді толымды дүние әрі болашақ оқырмандар мен жас зерттеушілер үшін аса құнды ғылыми еңбек болар еді», деп атап өтті. Е.Шайхы және де студенттік жылдарды еске ала отырып, ұстаздың ғибратты ғұмыры, қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесі, шәкірттеріне деген талап­шылдығы хақында ой толғады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сан­сызбай Мәдиев  есімі журналистика факультетімен қатар аталатын Темірбек Қожакеев мұрасының бүгіні ғана емес, келер ұрпақ үшін де құнды екенін еске салса, ұстазын «Темірдей тәртіптің адамы болатын» деп атап өткен Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып шәкірт әрі әріптес болған жылдардағы естеліктерімен бөлісті.

Осы жиында сондай-ақ сатирик Т.Әлім­бекұлы, А.Ясауи атындағы ҚТУ про­фессоры Б.Сердәлі, ХАТУ Ме­­диа­­ком­муникация және Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры А.Бейсенқұлов, сатирик, Жамбыл радиосының жетекшісі Б.Советұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты Н.Қалқа, «Шалқар» радиосының директоры Б.Төлепберген, Әл-Фараби атынағы ҚазҰУ доценттері Г.Өзбекова, Р.Жақсылықбаева, Л.Н.Гумилев атын­­дағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі Г.Әшірбекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және элекронды бақ кафедрасының меңгерушісі Г.Сұлтан­баева, тағы басқа да ғалымдар ұстаз мұрасына қатысты баяндама жасап, ойларын ортаға салды. 

Жамбыл облысы Меркі ауданы Т.Қожакеев атындағы №39 жалпы орта мектеп гимназиясының «Қожа­кеев­танушылар» клубының мүшелері де осы жиынға қатысты. Ал публицистика, ғылыми жұмыс және мультимедиалық жобалар аталымы бойынша Қожакеев отбасы тағайындаған шәкіртақыға 9 сту­­денттік жұмыс лайықты деп табылды.

Осы іс-шараға орай Әл-Фараби кітапханасында ақпараттық-құжаттық көрме ұйымдастырылып, оқырмандарға кітапхана қорынан ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар таныстырылды. «Қайталанбас нар тұлға», «Темірбек Қожакеев – ұстаз, ғалым, қайраткер» тақырыбында жалғасқан игі шаралар ғалымның қазақ әдебиеті мен журналистикасына, сондай-ақ ұлттық сатираның дамуына арнаған еңбектерінің уақыт талабымен үндескендігін айшықтай түсті.

 

АЛМАТЫ