Қазақ спортының тарихы тәуелсіздік мұратына сай түгенделмесе, қажетті оқу құралдары даярланбаса, спортшы жастардың тарихи жады қалай қалыптаспақ, олар рухани жағынан қалай жетілмек? Өз саласының тарихын білмейтін спортшылар мен бапкерлер кейінгі толқынға, жас буынға қандай тәлім бермек?..
Белгілі спорт тарихшысы, қаламгер Қыдырбек Рысбектің 2021 жылдың соңында жарық көрген «Қазақтың 90 бапкері» атты сүбелі де маңызды еңбегі осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Алаш жұртының әйгілі, ардақты бапкерлері туралы танымдық зерттеу ұлт тарихы үшін қашанда құнды болып қалары сөзсіз. Сонау 90-жылдардың екінші жартысында «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» атты деректі кітаптарын оқырманға ұсынған Қыдырбек Әділбекұлының ұзақ уақыт қалтарыста қалған бапкерлерді арнайы қарастыруы – кезінде бастаған ғылыми жобасының жалғасы және «ақтаңдақтарды» қалпына келтіру деп ұқтық.
Егер спорт дүниесін асқар тауға теңесек, сол таудың көзге көрінбейтін іргесі, асқақ шыңдарды алапат дауылдарда шайқалтпай, нық ұстап тұратын тірегі, діңгегі – бапкерлер дер едік. Спортшы білікті бапкерге жолықпаса, жүз жерден дарынды, жүз жерден ақылды, жүз жерден күшті болса да Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының ұшар басына шыға алмайды. Себебі кез келген жарыс пен бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады. Қазіргі спорт сайыстарында білімді, табанды әрі мінезді бапкерсіз діттеген биікке жету мүмкін емес. Қазіргі спорт саласы – ғылыммен қаруланған күрес майданы.
Осы кітапқа енген 90 майталман жаттықтырушы – шәкірттері үшін уақытпен санаспай бейнет кешкен ардагер азаматтар. Олардың қай-қайсысы да елге танымал, жұрт сыйлаған ірі тұлғалар. Шоқыр Бөлтекұлы, Октябрь Жарылғапов, Заңғар Жәркешев, Қабден Байдосов, Қазбек Байболов, Ораз Қаңлыбаев, Темірхан Досмұхамбетов, Әбдісалан Нұрмаханов, Кеңес Омаров, Едіге Жаров, Диқанбай Биткөзов, Марат Жақыт, Керей Қойшыбек, Аманкелді Мұсабеков, Батырбек Сейсенбаев, Мәдіғали Қарсыбеков, Асылбек Құлмағамбетов, Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Марат Жақиев, Нұрлан Ақүрпеков, Ғалымжан Жылгелдиев... Тізе берсек, қазақтың батырлық тарихын жасауға білек сыбанып, бел шеше кіріскен жүздеген маманды атауға болады.
Қадірлі оқырман, бұл еңбек «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының» тікелей қолдауымен жарық көрді. Қазақ спортының жетпіс бес жылдық тарихын қамтыған кітаптың оқырманға жетуіне атсалысқан азаматтарға алғысымыз зор. Ең қуаныштысы, бұл еңбекке ұлтымыздың жеңімпаздық тарихын жасаған нағыз білікті, нағыз еңбекқор әрі қарапайым жандар енді. Сол себепті де әр бапкердің ғұмырбаянына өткен сайын оқырман рухани тұрғыдан да, мемлекетшілдік тұрғыдан да байып отырады.
Еңбектің қадамы құтты, тәлімі баянды болғай!
Дархан МЫҢБАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты