Білім • 28 Наурыз, 2022

ҰБТ жүйесіне өзгерістер енгізіледі

4864 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда ҰБТ нәтижесін есептеу жүйесі өзгеруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҰБТ жүйесіне өзгерістер енгізіледі

Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығардық. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде пилоттық режимде енгіздік», деп жазды министр.

Айтуынша, енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады.

«Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасаймыз. Бұл не береді? Бұл шешім тестілеушілерге қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды күшейту керегін көруге мүмкіндік береді. Яғни сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады», дейді ведомство басшысы.

Асхат Аймағамбетов бұл тәсіл мұғалімдерге оқушылардың қандай тақырыптарда қиналғанын көруіне мүмкіндік беретінін айтады.

«Мектепті алатын болсақ, мысалы, математика пәні мұғалімінің оқушыларының бір бөлігі кейбір есептерді нашар шығаратынын байқауға болады. Талдау себептерді анықтауға септігін тигізеді. Дәлірек айтқанда, мұғалімнің өзі түсіндіруде қиналатыны не бағдарламада уақыт жеткіліксіздігі, оқулықтағы сұрақтар мәселесі және тағы басқасы.

Тиісінше, талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пысықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өзгерту бойынша шешімдер қабылдай аламыз. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады», деп жазады министр.

Сондай-ақ ол бірнеше жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін өткізуге тыйым салынған еске салды. Ал бұл жолғы бағалау мектептердің, мұғалімдердің, білім басқармаларының оқыту процесінде кеткен қателіктермен жұмыс істеуіне жол ашпақ.

«Қазір қабылданған шешім өз рөлін атқарғанын, педагогтер мен мектептерге түсетін жүктемені азайтқанын көріп отырмыз. Яғни оқушылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш берді және оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест арқылы ғана дайындау және әкімдіктердің облыс рейтингіне ықпал ету әрекеттері тоқтатылды», деп жазды Асхат Аймағабетов.