Экономика • 28 Наурыз, 2022

Алтын-валюта қоры қомақты

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік геосаяси жағдайдың ушығуы Қазақстанға да салқынын тигізіп жатыр. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі осыған дәлел.

Алтын-валюта қоры қомақты

Қазір Үкімет ішкі нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және жалпы әлеуметтік-эко­но­микалық ахуалды тұрақтан­дыру үшін жұмыс істеп жатыр. Пре­зиденттің Үкіметке халық­тың әл-ауқатын арттыруды, ал Ұлттық банкке қаржылық тұрақ­тылықты орнатуды тапсырғаны белгілі. Осындай қысылтаяң сәтте халықаралық резервтің қа­жет­тілігі және тұрақтылығы ерек­ше маңызға ие болмақ. Ақпан­ның басында біздің елдің халық­аралық резерві 33,4 млрд доллар­ды құраған. Бұл сома 2020 жыл­дың қаңтарымен салыстырғанда 13,8 пайызға көп.

«COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарысқа қара­­мастан Қазақстанның алтын-валюта қоры айтар­лық­тай көбейген. Күрделі экономикалық кезеңде алтын-валюта қоры экономиканың не­гіз­гі құтқарушысы болып сана­ла­ды. Мұндай қор 2012-2013 жыл­­дар­дағы әлемдік дағдарыс кезінде ахуалды ретке келтіру үшін қолданылды. Ал 2014 жылғы «санк­циялық» дағдарыс­тан кейін теңге курсын тұрақтан­дыру мақ­сатындағы интервен­цияға пайда­ланылды. Дәл сол кезеңде қор рекордтық мәнде тө­мендеді, жалпы 2012 жылдан бері азая бастаған еді. Интер­вен­цияның басым бөлігі 2014-2015 жылдары жасалды. Ол кезде нетто-сатылым 22,4 млрд және 12,7 млрд долларды құраған еді», деп жазады Ranking.

Соңғы уақытта алтын-валюта қорында алтын үлесі арта түскен. Егер 2013 жылдың қаңтарында халықаралық резервтегі басым үлесті шетелдік валютадағы активтер иеленіп, алтын үлесі небәрі 23,3 пайыз болса, қазіргі жағдай 2013 жылға мүлде қарама-қайшы деуге болады.

Ranking мәліметінше, 2022 жылдың қаң­тар айында алтын үлесі 66,4 па­йыз­ға жеткен. Аса құнды ал­тын­ды дағдарыс сәтіндегі страте­гия­лық актив деп бағалауға болады. Оның үстіне, сарапшылар алдағы уақытта алтын бағасы тек қана өсе береді деп болжайды. Қазір бұл аса құнды металдың 1 унциясы 1,9 мың долларға бағаланады және бұл – рекордтық көрсеткіш. 2016 жылдың қаңтарында алтынның бір унциясы 1 мың долларға ғана бағаланушы еді. Ал 2000 жылдардың бас кезінде тіпті 300 доллардан аспаған.

«Қазіргі қиын ахуалды ескерер болсақ, портфель құрамында алтын үлесін арттыру саясаты өте оңтайлы болмақ. Резервті негізінен алтынмен жасақтау қазір жаппай белең алуда. Мысалы, алтын АҚШ резервінің 66,2 пайызын, Германияда – 66,2, Италияда – 62,9, Францияда – 58,3, Нидерландта 55,7 пайызды құрайды. Алтынды белсенді түрде сатып алудың нәтижесінде соңғы 10 жылда Қазақстан алтын қоры бойынша 15-орынға көтерілді. Қазір Қазақстанның алтын-валюта қорында 385,3 тонна алтын бар. Мұның басым бөлігі соңғы он жылда толықтырылған. 2012-2021 жылдары Ұлттық банк 320,4 тонна алтын сатып алды. Ең көп сатып алынған кез 2018 жылға тиесілі – 50,6 тонна», деп жазады зерттеушілер.

Әрине, мұның барлығы елдің экономикалық ертеңіне қатысты сенім ұялатады. Дегенмен қорға толығымен сүйеніп алмай, мейлінше экономиканы әрта­раптандыру және өндіріс көлемін арттыруға жұмыс істеу басым саясатқа айналуы тиіс деп санайды сарапшылар.

Ақпанның соңынан бастап геосаяси ахуал ушыққалы бері Ұлттық банк белсенді интервенция жүргізіп, теңге курсын тұрақтандыруға тырысып жатыр. Соның өзінде валюта курсы 510 маңайында. Соңғы бірер күннен бері 504-ке дейін нығайды. Теңге курсын ұстау үшін Ұлттық банк ақпанда 273 млн доллар сатса, нау­рызда 422 млн доллар жұмсады. Осылайша, жалпы көлемі 695 млн долларға интервенция жасалды. Әлбетте, аз ақша емес және мұның бәрі жоғарыда айтып отырған алтын-валюта қорынан алынады. Бірақ экономикалық сарапшылардың айтуынша, үлкен масштабпен алғанда мұншама қаржыны жағып жіберу қорға аса залалын тигізбейді. Өйткені ақпаннан бері интервенция үшін жұмсалған қаржы көлемі бүкіл алтын-валюта қорының 2 пайызын ғана құрайды.

«Сол тұрғыдан алғанда, алтын-валюта қоры арқылы елдің сыртқы резерві қомақты күйінде қала бермек. Ал ақпанның басынан бері Ұлттық банк жүргізген валюталық интервенция сомасы елдің қаржылық орнықтылығына зиянын тигізбейді. Оның үстіне теңге курсының да икемділігі алтын-валюта қорын пайдалана отырып сыртқы шоктарды еркін еңсеруге ықпал етті», деп жазады Tengenomika каналы.