Қоғам • 29 Наурыз, 2022

«Скандинавиялық серуен» – сергектік кепілі

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маужыраған Алтайдың ауылы. Мал жайғап, от жағар уақытта жоғарғы жақтан «скандинавиялық серуенге» шығатындарды байқап жүрміз. Қала болса бірсәрі, ауылдық жердің күйкі тірлігі күйіп тұрған уақытта таяқ сүйреп серуендегені несі деп сөккің келеді. Таяқпен серуендеудің пайдасын ұқпаған соң шығар... Сөйтсек, «скандинавиялық серуенде» дене бұлшық етінің 90 пайызы қимылдап, қан айналымы дұрысталады екен.

«Скандинавиялық  серуен» – сергектік кепілі

Өскеменде, Ертістің жаға­ла­уында таяқтарын тықыл­да­тып әрлі-берлі сабылып жүрген қа­рия­лар­ды жиі көреміз. Алайда бұл спорт ауылдық жер үшін таңсық. Спорт емес, еріккеннің ермегі сияқтанатыны рас.

Ауылды айналып, Сарым­сақ­ты өзенінің бойымен құлдилап келе жатқан спортшылардың бірі­мен сөйлесіп едік, ден­сау­лы­ғының жақсарғанын, күні бойы сергек жүретінін айтып, әңгімелесе жө­нелді. Тіпті, күн­нің аязы мен бо­ранына қара­мас­тан, өздері бел­гі­леп қойған шақырымды жүріп өтеді екен. Ара­ларында зейнеткерлер ғана емес, жастары да бар.

– «Скандинавиялық серуеннен» халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Біз жарысқа қатысайық деп емес, шынығайық, шымыр болайық деп серуендейміз. Тау-тасқа шықсақ та, таяқты тас­та­май­­мыз. Қазіргі таңда көп кез­де­­­сетін хондроз, остехондроз, сколиоз секілді аурулардың ал­­­дын алатын бір спорт қайсы де­се, осы серуенді айтар едім. Өйт­­кені нәтижесін аз уақыттың ішін­­де сезіне бастадым, – дейді күз­ден бері скан­динавиялық әдіс­пен серуендеп жүрген Зарина Мастикбаева.

Көзге қарапайым көрінгенімен, пайдасы орасан бұл не деген спорт деп, «скандинавиялық серуендеу» туралы жазған дәрігерлердің, жаттықтырушылардың жазбаларын парақтап көрдік. Шынымен де, жас-кәрі деп бөлмей айналысатын спорт секілді.

«Скандинавиялық серуендеу» – ұзақ ырғақты жүктемесі бар аэробика деп түсінік береді мамандар. Жүйелі түрде айналыс­са, сүйектерді, қан тамыр­ларын, өкпені нығайтады. Стрестік жағ­дай­ларға жол бер­мей­ді, депрессиядан арылуға көмектеседі. Ке­йінгі жылдары танымал болып кеткен бұл спортпен әлем­де 10 миллиондай адам ай­­­­на­­­лысады. Көпшілік қызыға бас­­­таған бұл спорттың тарихы қалай дейміз ғой. Сөйтсек, 1940 жылдары Финляндияда шаң­­ғы құрамасының жат­тық­ты­рушысы Юхе Мието жат­ты­­ғуды үзбеу үшін жаз айларында спортшыларды таяқпен жүргізген. Велоспортпен, жүзу­мен айналысуға болар еді, бірақ шаңғының жүктемесін «скан­дина­виялық серуендеуден» бас­қа спорт түрі бере алмайды де­се­ді. Сөйтіп, жаттығуды үзбе­ген финляндиялықтар жеңіс тұ­ғы­­рынан көрінген. Уақыт өте бұл тәжірибені басқа да құрама ко­мандалар пайдалана бастаған. Бүгінде «скандинавиялық серуен­­­деу» бұ­қа­ралық спорт тү­рі­­­не айналып келеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы