Спорт • 29 Наурыз, 2022

Қазақстандықтың қарсыласы белгілі

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орта салмақта күш сынасатын қазақтың аса дарынды кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлына қазіргі кезде қарсылас табудың өзі оңайға соқпай тұр. Жыл басынан бері оның әлі де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген екі бірдей көкжалмен қолғап түйістіретіні жайында біраз әңгіме айтылды. Алайда атақты Деметриус Андраде салмағын ауыстырса, күш-қуаты бойын­а сыймай жүрген Хайме Мунгия қандасымызбен жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Қазақстандықтың қарсыласы белгілі

Күні кеше ғана жақсы бір жаңа­лықты құлағымыз шалды. WBO нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін Жәнібек Әлімханұлы Ұлыбританияның өкілі Дэнни Дигнуммен айқасады. Бұл ақпаратты әйгілі MTK Global компаниясының промоутері Ли Итон таратып отыр. Қазіргі кезде қос тарап ортақ мәмілеге келгенге ұқсайды. Осылайша, бокс десе делебесі қозатын жанкүйерлер аса қызықты жекпе-жектің куәсі болады. Чемпиондық тәж үшін бұл бәсекенің 21 мамырда АҚШ-та өтетіні анық. Ал сол Жәнібекке қарсылас атанып отырған боксшы жайында біз не білеміз?

17 наурызда 30 жасқа толған Дэнни Дигнум Ұлыбританияның Эссекс қаласында дүниеге келді. Әуесқойлар арасында бірқатар халықаралық жарыстарда жүлде алған ол 2013 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында қола медальды иеленді. Дэннидің кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүргеніне жеті жылға жуықтады. Сол аралықта 15 кездесу өткізіп, 14 рет жеңіске жетті. Сегіз бәсекеде айқын басымдық танытты. Өзінің соңғы жекпе-жегін Дигнум былтырғы көктемде ресейлік Андрей Сироткинмен өткізді. Бұл бәсекеде тең есеп тіркелді.

Жанкүйерлердің дені Жәнібектің бұл жекпе-жекте жеңіске жететініне еш күмән келтірмейді. Өйткені қазақ боксшысының әуесқой рингтегі табысы қарсыласына қарағанда әлдеқайда зор. Ол – әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. Кәсіпқойлар арасында да Әлімханұлы өзінің мықтылығын мойындатып үлгерді. Осы орайда, бұл бәсекенің қандасымызға берері көп екенін айта кетуге тиіспіз. Егер ол бұл айқасты өз пайдасына шешсе, онда WBO-ның немесе тағы басқа белді нұсқаның бірінің толыққанды чемпиондық атағы үшін таласуға мүмкіндік алады.