Қоғамдық бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев жүргізіп отырған жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы тарапынан өңірге жақсы көңіл бөлініп жатқанын, киелі қала – бірлік пен татулықтың орталығы ретінде дамитынын тілге тиек етті. Сонымен қатар биылғы Жолдауда азаматтық қоғамды дамыту, мәслихаттардың рөлін көтеру және өзге де саяси реформаларды жүзеге асыру жөнінде маңызды тапсырмалар жүктелгеніне тоқталды. «Президент азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру керектігін, олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс» дей келе бірқатар міндеттер жүктеді.
Бұл ретте облысымызда жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттар бірлесе жұмыс атқарып, өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүр», деді өңір басшысы. Сондай-ақ облыс әкімі ел бірлігін нығайтуда Түркістан тәжірибесі жоғары бағаланғанын атап өтті. Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, облыстың даму барысымен таныстырды. «Үш жылдан астам уақыт ішінде Түркістан өңірі жақсы дамыды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,5 есеге артты. Облыста мұнай өңдеу зауыты және өзге де ауқымды жобалар қолға алынып, құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, жаңбырлатып, тамшылатып суғару арқылы өнім көлемі арта түсті. Жылына 40 мыңдай жұмыс орнын ашу межесі қойылып, бұл жүзеге асу үстінде. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс саласында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Былтыр 700 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді. Бір Түркістан қаласының өзінде 15 мыңдай пәтер салынып, 100 мың тұрғынға сай пәтер мен инфрақұрылым жасақталып отыр. Түркістан қаласындағы үйлердің 90 пайызына газ берілді. Экология жақсарды. Су каналдары бетондалып, жаңа су қоймалар пайдалануға берілуде. Міне, осы жобалар арқылы Түркістанның экологиясы жақсарып, жасыл қалаға айналады деген сенім мол. Барлық саладағы жұмыстар жалғасын таба береді. Бұның бәрі ел бірлігінің, атқарушы орган мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жемісі», деді Өмірзақ Шөкеев.
Отырыста жергілікті және өңірлерден келген мәслихат хатшылары баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді. Жаңа Қазақстанды құру үшін қуатты мәслихаттар мен білікті депутаттарды қалыптастыру жолдары айтылды. Сондай-ақ «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жиын соңында депутаттар Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша қазақстандықтарға арналған «Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!» атты Үндеу қабылдады.