Өнер • 29 Наурыз, 2022

Қар басқан ауыл

2274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалың қардың арасынан қылтиып шығып тұрған жалын атқан үй мұржалары тіршіліктің әнін айтады. Аппақ көрпе жамылған жер шарының тыныштығын солар ғана бұзса болатындай. Қараңызшы, қар астындағы ауылға жан бітіріп тұрғандай. Терезеден көз салсаңыз, жылы үйінен жайлы күй іздеген адамдардың жұмсақ қарым-қатынасын байқайсыз.

Қар басқан ауыл

Көркем картина көңілден шықса, ойыңызда шыр көбелек айналып жүріп алады. Суретші Иван Фомичтің «Макинка қысы» шығармасы санада өткен қыстың естелігін жаңғыртқандай болды. Уақыт ұршығы қанша дөң­гелесе де әр мезгілде бір сағыныш қа­ла­ды. Қылқалам шебері балалық ша­ғының баянды сәтінен бір үзік сыр тарқатқандай. Бұл туындыда да бір қасірет бар.

Кенептен әркім әртүрлі түс көреді. Бұл қыстың да қысқа болғаны даусыз. Ұзаққа созылғандай көрінгенімен көктем келген соң көрген түстей ғана болып қалды. Өнер иесінің өткен өмі­рінің бір өрнегіндей мәңгі баянына айналары анық. Киіз үй тектес пішінде берілген үй шатырлары өткен ғасырдың кескін-келбетін көз алдыңызға әкеледі.

Шынында, суретші «Макинка қысы» картинасында тың игеруге келген еріктілер мен энтузиастардың алдынан шыққан тұрмыс қиындықтары мен қатал табиғатты беруге тырысқан. Біз картинадан қар басқан түнгі ауылдың жай-күйін көреміз. Ол Ма­кин­каны кенеп бетіне қараңғы ас­пан, аласа үйлер, мұржадан будақ­таған түтін арқылы бейнелеген. Жа­палақтап жауған қар үлпілдеп, айна­ланың бәрін ақ мамықпен жауып тастаған. Бақсаңыз, картина суыққа шомылғандай, ызғырық атып тұрған табиғаттың көрінісін сыйлайды.

 Иван Фомич салқын, тынық түстерді қолдана отырып, тып-тыныш әрі жайлы кішкентай ауылдың бірқалыпты тіршілігін жеткізген. Еңбек адамдары қақаған аязды да жеңіп шығуға қауқарлы екенін баяндайды. Тұрмыс тауқыметін тартқан пенде иесі азапты суықты да, қанды соғысты да, қараорман қайғыны да еңсерер күшке ие. Мольберттегі бояу­мен жазылған мақаланың мәні осы.