Суретте: Целиноград. 1989 жыл. «Дударай» би ансамблі Суретті түсіген В.Корчин
Бұл тақырыпқа біз бұрындары да барғанбыз, бірақ бұлай кеңінен тоқталмаған едік. Мына қызықты қараңыз, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві 1989 жылдан бастап елорда тұрғындары әз Наурызды дүрілдетіп өткізіп, көптен күткен ұлы тойдың әсерінен айлар бойы арыла алмай жүргенін айтады. Сол сәтте-ақ тойдың шашуы шашылып, батасы беріліп, шартарапқа қуаныштың үні естіліп жатты. Бұл бір адамның емес, күллі қазақтың тойы болатын. Бітімі де бұрынғы тойдан өзгеше еді. Олай болатын себебі де бар. Сан жылдар басынан қуанышты да, қиын-қыстау кезеңді де өткеріп барып еңсесі көтерілген, барша ағайынның басын қосқан Наурыз ұлттың ұйытқысына айналды.
Жарты ғасырдан астам уақытты артқа тастап шымылдығы түрілген Ұлыс күнінде аузы дуалы данагөй ақсақалдардан бата алып, қанаттанған жастар көп болды. Үлкендердің әрбір сөзі мірдің оғындай, нысанаға дөп қадалып, жандарын жадыратты. Сол жылы әз Наурыздың рухани азығына жан семірткен қарапайым халық керемет бір ләззатқа бөленген еді.
1926 жылдан бастап Кеңес өкіметінің оспадарлығымен 62 жыл тұсау салынған төл мерекеміз 1988 жылы қайта шарықтады. Тіпті ел ішіндегі түрлі этнос өкілдері Шығыс жұртының жаңажылдық мерекесін қазақпен бірге қарсы алды. Осы тарихи оқиғаларға сай қала мұрағатында бірегей құжаттар сақталған екен. Ондағы Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің есептері көңілге қуаныш ұялатады. Мұнда Наурыз мерекесі елордада алғаш рет 1989 жылы атап өтілгені айтылған. Сондай-ақ аталған есепте былайша жазылған:
«Кейінгі уақытта ежелгі халықтық мерекелер мен дәстүрлерді жандандыруға көп көңіл бөлінуде. Сарайдың шығармашылық қызметкерлері 19 наурызда қаламызда алғаш рет атап өтілген «Наурыз» халықтық мерекесіне белсене қатысты.
…Аға буын өкілдері бұл мерекенің қайта жандана түсуіне ерекше қуанды. Көптеген ұлттық мәдени дәстүрден әлі күнге бейхабар жастар, ұзақ үзілістен кейін біздің өмірімізге оралған халықтық мерекеге ерекше қызығушылық танытып, шараның белсенді қатысушысына айналды», делінген анықтама қағазында.
Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің 1990, 1991, 1992 жылдардағы ақпараттық есебінде қала ішінде қанша киіз үй тігілгені, қандай шаралар өткізілгені толықтай берілген. Мектеп оқушыларынан бастап, көше сыпырушыларға дейін айтулы мерекеге атсалысқан екен.
Орталық алаңда 9 киіз үй тігілген. Оның 4-еуі қазақтардікі болса, қалғаны чешен-ингуш, неміс, корей мәдени ошақтарына тиесілі. Орталықтардың әрқайсысы дизайндарында өз халқының қолданбалы өнерін, ұлттық киімдерін пайдаланған. Мерекенің концерттік бағдарламасында әр ұлттың әндері мен билері орындалады.
Осылайша, атадан балаға мирас болған қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылған. Орталық саябақта арнайы ақшаңқан үйлер тігіліп, алыстан келген қонақтарға сый-құрмет көрсеткен. Жастар «Наурыз – ырыс, Наурыз – береке» деп алғашқы дәмнен ауыз тиіп, үлкендердің батасын алған. Дәл сол киіз үйдің маңайына қыз-жігіттер жиналып, барлығының аңсары ұлттық ойынға
ауады. Бір шетінде тоғызқұмалақтан жарыс та өтіпті. Жүз алпыс екі тасты уысына алып, қазандыққа тоғытқан тоғызқұмалақшылар бірінен-бірі асып, халықтың қошеметіне бөленген.
С.Сейфуллин мұражайы (директоры Р.И.Асылбекова), өлкетану орталығы (директоры Л.Г.Ермоленко) әр қалалық Наурыз мерекесіне белсене араласып отырған. Олар мұражайдағы тарихи жәдігерлермен киіз үйлерін безендіріп, көрме түндерін өткізіпті. Қала тұрғындарына мұражай қызметкерлерінің әңгімесі ұнағаны сонша, таңға дейін қызықтаған.
Бұл мерекеде орталық алаңдағы ең үлкен киіз үй Бөгенбай батыр есімімен аталады. Оны педагогикалық училищенің студенттері мен ұстаздары безендірген екен. Киіз үйдің кіреберісіне батырдың үлкен суреті мен сауыты ілінген. Ал облыстық қазақ музыкалық-драма театрының өнерпаздары «Асыл мұра – қазынам» атты театрландырылған қойылымын және «Наурыз әнім – Наурыз күнім» атты мерекелік концертін тарту етеді.
Ол ол ма, Салтанат сарайының қызметкерлері (директоры Ж.К Коданева) келіннің киіз үйінің дизайнын жасап, «Келін түсіру» рәсімін көрсеткен. Жалпы, мереке жоғары деңгейде өтіпті. Тіпті тұңғыш рет «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» атты байқау ұйымдастырылады. Оған қоса Тыңгерлер сарайының қызметкерлері, ет комбинаттары, балабақшалар, кәсіптік лицейлер ұжымы өздерінің концерттік қойылымдарын көрсетіп, елдің ықыласына бөленеді. Ақындар айтысы қарттардың жанына дәру берген.
Қалалық мәдениет бөлімі «Парасат» студенттер қоғамы және жастар ісі жөніндегі комитетпен бірлесіп, дәстүрлі «Студенттік көктем», «Беу-қыздар-ай», «Көкпар» жарысын өткізеді. Сонымен қатар «Целинсельмаш» зауытының аумағында келген қонақтарға арнайы түрлі түсті киіз үйлер тігіліп, наурызкөже беріледі. С.Сейфуллин көшесінен бастап Қырқыншы бекетке дейін жайма базар ұйымдастырылады. Кейіннен қала тұрғындарының мәдени өмірін жандандыру мақсатында наурыз-мамыр айлары аралығында «Халықтың рухани кемелденуі» ұранымен көркемөнерпаздар ұжымдарының қалалық байқауы өтіп тұрған екен.
Иә, атам қазақтың қанатты бір сөзі бар. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Қаншама жыл сарыла күткен дүбірлі той елордада ерекше қызықты болады. Әр істің басына жиылған халық шынайы көңілмен атсалысып, құдды бір келін түсіргендей, екіншісі қыз ұзатып, немере сүйгендей күйге бөленеді. Міне, бүгінгі Нұр-Сұлтандағы алғашқы Наурыз осылай тойланған.