Қалыптасқан мемлекеттің халқы айналаға ойлы көз тастайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аузымен айтылған «қалыптасқан» деген сөздің өзі сананы сілкіндіріп, жүрекке жігер қосар қуатқа ие. Біз бүгін батыл бастамалардың ортасында жүрміз. Мәселе, алыстағы айға қол созып, болмайтынды болдырамынның әурешілдігінде емес. Тәтті түйін жан-жағымыздағы қарапайым тіршіліктің игілігін еселеуден туған тәнтілікте болса керек. Салтанатты санатты толықтырып жатқандар да көп. Айталық, Атбасардағы Шу ауылы мәртебелі саптың қатарында тұр. Бұл бір барғаннан туған әсер емес.
Шаруашылықтың қадасы қағылғанына биыл тура алпыс жыл толып отыр. Яғни, тың көтерумен тағдырлас шаруашылық. Бұл өлкенің адамдары тың десе құлағы елең ете қалады. Ұжымда ұйымдық құрылым сан мәрте өзгергенімен, бүгінгі ЖШС-нің әлі күнге «Шуиский» аталатыны сондықтан. Тек оны «Шуиский ХХІ» деп жаңғыртқан. Мәселе, затта болса керек. Осы орайда, аудан әкімі Жомарт Нұркеновтің «Шуискийге» қаратып былай дегені есімізге түседі: «Мұнда үлгілі дамудың өзіндік моделі қалыптасқан».
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған мәртебелі баға ғой. «Шынымен де солай ма?» деудің қисыны жоқ сияқты. Ұзын-сонарға бармай, тоқ етер байламға келсек, бұл былай: «Бүгінгі Қазақстан халықтың қажырлы еңбегімен, оған деген шексіз сүйіспеншілік сезімімен құрылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдік доданың биігіне бастап отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – болашақтың айқын шамшырағы. Саяси құжат нақтылыққа негізделген. Ұжым өз жұмысында Стратегияда көрсетілген жеті басымдықты басшылыққа алады. Шашыраңқылыққа жол берілмейді». Бұл ЖШС директоры Бейсенбек Құрманқұловтың сөзі.
Біз де шашыраңқылықтан алшақ тұруға тырыстық. Шаруашылық қызметін тұтастырған жоғарыдағы жеті арнадан өрбітіп қысқа қайырсақ дейміз. Стратегиялық бірінші бағыттың діңгегі – біздің қасиетті де мәртебелі еліміз! Он төрт мың шақырымнан астам даусыз шекаралық белдеуі бар Отанымыз біртұтас татулықтың мекені. Осынау жасампаз державаның құрамындағы Макеевка ауылдық округінде 881 адам тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сайланып қойылған әкім Нина Евдокимова үш ауылды біріктіретін ұйымшыл елде экономикалық белсенді 547 кісі барлығын айтады. Бәрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 24 адам кәсіпкерлікпен айналысса, 99 тұрғын жеке шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Былтыр сегіз үйлену тойы өткізіліп, 12 сәби дүниеге келіпті. Сондай-ақ, ауылға 16 отбасының қоныс аударуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының артқандығының көрсеткіші.
Елбасы Н.Назарбаев екінші байлық деп Қазақстан халқының бірлігін айтады. Біз өз Отанымызды әлемдік деңгейдегі татулық бесігіне айналдыра білдік. Асыл мұрат жолында «Шуискийді» мекендейтін 17 ұлт пен ұлыстың өкілі өзінің қымбат дәстүрлерімен ерекшеленетінін тілге тиек етсек, еш артықшылығы жоқ. Мұнда «Достық шуағы», «Алтын бесік тарихы», «Болашақ бүгіннен басталады», «Көше мейрамы» сияқты елең еткізерлік тәлім шаралар қалыптасқан. Соғыс ардагерлеріне арналған монумент маңындағы саябақ күн сайын көркейіп келеді. Ауылдың атақты адамдарына арналған шежірехана да бар. Тыңның 60 жылдығы қарсаңында даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Михаил Довжиктің мұражайы жаңа жәдігерлермен толықтырылыпты.
Осы ауылға келген сайын біздің бай өнеріміз бен мәдени мұрамыз әлемдік рухани байлықтың бөлшегіне айналғанын байқаймыз. Мәдениет үйінің маздақ шамы жарқырап тұр. Мұнда бес үйірме жұмыс істейді екен. Сондықтан жүлде, марапаттарды санап шығудың өзі біршама уақыт алатынын бағамдай беріңіз. Басқасын айтпағанның өзінде, жеңіл атлетші қыздар аудандық жарыстың бас жүлдесін тұрақты ұстап отыр. Оған масатанып жатқан да ешкім жоқ. Демек, жеңістер жалғаса беретін түрі бар. Кітапхана қоры отыз мыңнан асып жығылса, мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны қалыңдағаны қуантады. Бұл ел биыл миллион теңгенің газет-журналдарын жаздырып оқуда. Осының бәрі мұрат тұтқан үшінші бағытымыздың баяндылығына шәк келтірмейді.
Ауыл тіршілігі қашанда егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуымен шырайлы. Мұнда да өзгеріс көп. Негізгі тұтқа экономиканы индустриялық-инновациялық жолға бағыттау. «Шуискийдің» егінжайы 20 мың гектарды құрағанымен, дақылдар өсірудегі әртараптандыру түпкі табысты молайта түскен. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жиынтық өнім жоспарсыз шығынды жауып отыратын көрінеді.
Әрине, оған мықты дайындық керек, дейді шаруашылықтың атқарушы директоры Мұрат Сәдуақасов. Агротехникалық шаралар жұмыс кестесіне сай атқарылады. Әкімшілік кеңесінің мүшелері өз салалары бойынша жауапкершілік жүгін көтеріп, басшылық алдында, тұрғындар жиналысында есеп береді. Жұмыстың ашықтығы, ұжымдық пікірді басшылыққа алу серіктестіктің барлық мүшелерінің белсенділігін арттырған. Ортақ қаржыны қай мақсатта жұмсау керектігі де ақылдасып шешіледі. Мәселен, бұрнағы жылдары канадалық үш «Кейс» тұқым себу кешені мен 14 «Нью Холанд» жоғары өнімді комбайндарды сатып алғанбыз. Ал, 2013 жылы 21 миллион теңге инвестицияны техника паркін заманалық техникамен толықтыруға жұмсау туралы шешім қабылданды. Егін дер кезінде себіліп, ысырапсыз жинап алынды.
Серіктестік көп жылдардан бері қазақтың ақ бас сиырларын өсіруге мамандандырылған. Қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Бордақылау алаңдары жасақталып, екпе шөптер ауқымы кеңейді. Былтыр 187 тонна сүт, 14 тонна ет өндірілген. Қазір жергілікті табын өнімділігі жоғары шетелдік асыл- тұқымды малмен толықтырылуда. Сондай-ақ, жылқы, қой түлігі өз төлі есебінен көбейіп отыр. Шаруашылықтың тәулігіне 100 килограмдық қуаттағы голланд ірімшігін дайындайтын цехы жыл ішінде 6 тонна өнім шығарды. Шаруашылық меншігіндегі 15 мың тонна өнім өңдеу қуатындағы шағын элеватор өзгелерге қол созу мен қосымша шығындардан босатқанын айтуымыз керек. Ал, наубайхана тәулігіне 300 бөлке нан дайындайды. Серіктестік басшылары Стратегияның үнемі даму үрдісіне негізделген бұл бағыты бүкіл өндірістік қызметтің өзегі болып қала беретінін атап көрсетеді.
Бұл ауылда жалпыға ортақ еңбек қоғамы – халық байлығының қайнары деген ұғым қалыптасқан. Ол жақсы дәстүрлермен жалғасын тауып келеді. Озаттар өнегесін дәріптеу мен бағалаудың маңызы да жоғары. Мысалы, былтырғы орақта 1500 гектар егінді дестеге жыққан Алексей Голубцов, 3000 тонна астық бастырған Оразалы Орманбеков, «Кировец» тракторымен 5000 тонна дәнді қоймаға тасымалдаған Төлеген Маңдаев сияқты механизаторлар ауыл тұрғындары түгел жиналған салтанатта сый-марапаттарға ие болды. Малшылар Александр Гузенко, Александр Скутеник, ағайынды жылқышылар Әлібек пен Қуандық Сейітқалиевтер, сауыншы Ольга Ройляну, механизаторлар Владимир Бука, Николай Шадрин, жұмысшылар Юрий Сисов пен Еркінбай Байжігітовтердің есімі құрметпен аталады.
Шаруашылық пен ауыл әкімдігі арасында 30 миллион теңгенің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылғаны игі істердің орайын келтіріп тұр. Ауылда тұрғындардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге қолайлы жағдайлар жасалған. Мектеп балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, оқушыларды тасымалдау, жолдарды тазалау, қоғамдық моншаны ұстау, отын-су, жем-шөп босату серіктестік мойнында. Ауыл ғаламтор, сымсыз байланыс қызметін пайдаланады, 28 абонент «Отау ТВ» ұлттық желісіне қосылған. Жұмысшылар мен зейнеткерлерге барлық қызмет жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Есімі республикамыздың танымал азаматтары кітабына енген шаруашылық басшысы Бейсенбек Құрманқұлов өзге де қайырымдылық шараларын үнемі қолдап отырады. Шаруашылықтың «Жан жылуы» акциясына, «Алтын сапа» байқауына қатысуы сөзіміздің дәлелі болмақ.
Біздің ұлы тарихымыздың жаңғырған бейнесін, болашағымыздың алып қадамдарын елестететін Астананың азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі абыройлы тапсырма үдесінен шығып жатқандар қатарында «Шуиский ХХІ» серіктестігі де бар. Түйіндей келсек, ауыл өміріне қатысты маңызды бағдарламалардың барлығы қолдау тапқан, осы арқылы ертеңгі күннің міндеттеріне бел шеше кіріскен ынтымақты елдің ырысы толыса беретіндігіне қуана тілектестік білдіргіміз келеді. «Үлгілі дамудың» өнегесі де осы болмақ.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы.