Ең қысқа әңгіме • 31 Наурыз, 2022

Жыбырлауық жолаушы

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыбан сыбаң-салтаң, сылбыр жігіттердің қатарына жатпайтын, тірлігіне тастай, иненің көзінен өтетін пысық жігіттердің сапындағы сақтияндай сірі жігіт. Есебі мықты. Үйінен аттап басса-ақ болды, алдына жұп-жұ­мыр жоспар қояды. Мұнысы пре­зиденттердің мызғымас протоколынан да мығым. Оған олай-бұлай қияс кету мүлдем жат.

Жыбырлауық жолаушы

Осы Сыбан Алматыдан Шым­­­кентке қарай сапарлайтын болып, пойыздың жүрерінен бір сағат бұрын келіп, күту за­лындағы оңаша да тыныш орындардың біріне жайлы жай­ғасты. Уақытын текке өткіз­бей­тін Сыбан сөм­кесіндегі гөду-сө­дулердің арасы­нан көзіл­ді­рігін әзер тауып, ала шыққан мұ­қабасы тозып, ақжем­делген кіта­бын аударыстырып оқуға кі­рісті. «Қалғанын вагон ішінде оқып тастаймын ғой» деп және бір жоспар түзіп қойды.

Осы кезде тышқанның ты­қы­рындай бір тосын дыбыс тақап қал­ған еді. Артынша «өз көзіме өзім сене алмай тұрмын» деп тасы­раң­даған біреу құшағын аша берді. Оның одыраңдаған мінезінен ба­йыр­ғы досы Жотабай екенін тани кетті. Құ­шақтар ай­қасты. Иықтар қа­ғылды.

– Сыбанбысың?

– Жотабай!

– Қайдан жүрсің?

– Көктен түстің бе, жерден шықтың ба?

Сауалдар сарқылды. Аздан соң екеуі вокзал маңындағы сыраханада отырды. Жотабай да әңгімеге жорға еді. Одан-бұдан әңгіме құрап, Сыбанның бұрандаларын босатты. Сыбан жібіді. Ол енді тобылғы түсті салқын сыраны толғай сімірді.

Бір кезде Сыбан жылан шағып алғандай орнынан шыңғыра түрегелді. Айналадағы сауыққой сырашылдар шошынып қалды. Біреулер қолындағы саптыаяғын ұстай алмай, сырасын ақтарып алды.

– Ойбай! Пойызым кетіп қалып­ты!

Бұған сасатын Жотабай ма? Жыртың-жыртың күліп:

– Саспа! Қазір автобуспен жіберемін. Спальный автобус, шалқаңнан түсіп, маужырап ұйық­тап барасың, – деп басу айт­ты.

Сыбан Сыбан болғалы спальный автобус дегенге мініп көр­меген еді. «Шалқаңнан түсіп, мау­жырап ұйықтап барасың» деген соң көзіне ұйқы тіреліп отырған ол сабасына түсейін деді.

Сыраханада қанша уақыт отырды, қанша саптыаяқ сыра сімірді, есінде жоқ, бір қараса автобус құйындай ұйытқып зы­мырап келеді екен. Әзірге шал­қасынан түсіп жатқан ешкім көрін­бейді. Сонда қалай? Жота­байдың алдағаны ма?

Әлден соң автобус бір жерге келіп тоқтады. Жолаушылар жапырлап жерге түсе бастады. Сыбан қасындағы жігіттен:

– Шымкентке жеттік пе? – деп сұрады.

– Қайдағы Шымкент? Алма­тыдан әлі ұзағанымыз жоқ. Мына жерде үлкен асхана бар. Жо­лаушылар тамақтанып келіп, қайта мінеді. Аға, сіз де «заправка» жасап келсеңізші, – деді ол.

Сыбанға керегі сол «заправка» еді. Онысын да, мұнысын да қатырып, жұртпен бірге автобусқа келіп жайғасты. Жолаушылардың алды орындықты жайып жіберіп, төсек жасап, жатуға ыңғайланды. Бір пысықай келіншек:

– Жігіттер үстіңгі орынға, қыз­дар астыңғы орынға жатады, – деп хабарлады.

«Жігіттердің орны сол жақта ғой» деп өзінше түйін жасап, мырс еткен Сыбан жоғарғы орынға жылжып бара жатты. Япырай, астындағы төсеніш тым жұқа болар ма, көп ұзамай жамбасы тесілуге айналды. Онсыз да мазасы кетіп жатқанда бір етжеңділеу келіншек «астыңғы орында ауа жетпеді» деп қасына келіп жатып алмасы бар ма. Сойқанның көкесі алда екен. Жұмсақ диванда жатып үйренген Сыбан дөңбекши берді.

– Не деген жыбырлауық адам едіңіз!? Тыныш жатсаңызшы, ұйқы бермедіңіз ғой, – деп жа­нындағы келіншек ол аунап түс­кен сайын қатқыл ескертумен бол­ды.

Жамбасы тесіліп бара жатқан Сыбан бұл түнді көз ілмей өт­керді. Қанша шыдап бақса да, әрі-бері аунақшуын қоймады. Қалай шыдайды? Қасыңда кескен теректей болып дөңкиіп, от болып күйіп-жанып келіншек жатыр. Астындағы төсеніші жұқа болып, жамбасты тесіп бара жатқаны мынау. Сыбан қыбыр етсе-ақ бол­ды, секемшіл көршісі «ту-у, ұйқы бермедіңіз ғой, жыбырламай жа­тыңызшы» деп ескертуін қоймады.

Сыбан автобустан сүзек ауруына ұшыраған адамдай сүмпиіп, сүмірейіп түсті. Мұны көрген түнде танысқан жігіттер:

– Аға! Қасыңыздағы келіншекті түні бойы ұйықтатпадыңыз. Шаруаңыз шатақ болған-ау шамасы, көзіңіз кіртиіп қалыпты, – деп мәз болысты.

Осы кезде әлгі етжеңді келін­шек жандарынан өтіп бара жатты. Жігіттердің өзі туралы айтып тұрғанын сезген ол:

– Ағаларыңның жыбырла­ғаннан басқа қолынан түк те кел­мейді екен, – деп өте берді.

Жігіттер қыран-топан күлкіге қарық болып қалды.

Содан бері Сыбанның «спальный автобус» десе төбе шашы тік тұрады...

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ