Пікір • 01 Сәуір, 2022

Көп тілеуі көл болған күн

557 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаһарлы қаңтардан бері бүкіл ел тағатсыздана күткен Жолдауы жария етілді. Бұл бір қалың бұқараның көңілінен шыққан, ел мен жердің мәртебесін көтерген, мерейін тасытқан тағдырлы Жолдау болды.

Көп тілеуі көл болған күн

Ең бастысы, данышпан, дана Абай даңқы тағы бір асқақтады. Жер жәннаты Жетісу қанатын қай­та жайды. Ұлт ұясы Ұлытау та­рих сахнасына шықты. Жаңа об­лыс­­тардың аты да, заты да – қазақ байтағының ұлылығын, кең шал­қар пейілін, байлық-бере­ке­сін, ырыс-ынтымағын паш еткен­дей, барынша көзге ыс­тық, жүрек­ке жақын атаулар. Сон­дай-ақ Қап­шағай қаласының халқы­мыздың тау тұлғаларының бірі, аяулы Дін­мұ­хамед Ахметұлы Қонаев есімі­мен аталуы да көпші­ліктің көптен көкейінде жүрген қалаулы бір шара еді. Оның да орайы енді келді.

Қарағанды, Жезқазған өңірін­де тұрғындармен кездескенде, ел ағаларымен пікірлескенде осы мәселелерге жиі назар аударылушы еді. Есті азаматтардың барлығы дерлік түрлі себептермен біраз тұсалып, тоқырап қалған ел тіршілігіне нәр берудің, жан бітірудің қасқа бір жолы осы деген ойға табан тірей беруші еді. Мемлекет басшысы осы талап-тілектердің тамырын тап басты. Ақ түйенің қарны жарылғандай, аспаннан шұға жауғандай, ақ жарылқап күн болды бұл!

Кейбір керітартпа ағайындар осынша жаңа құрылымдардың ел экономикасына әсері қалай болады дегенді де айтып жатыр. Меніңше, оң, тек оң әсері болады! Мәселен, Жезқазған облыс мәртебесінен айырылғалы бері ептеп етек-жеңін жинап алған «Қазақмыс» сынды алпауыт кәсіпорындар қайта қайырылып, жаңаша жағдайда, тың қарқынмен еңбек ететіні сөзсіз. Соны­мен қатар оң өзгерістер Ұлы­тауға іргелес жатқан Қызыл­орда облысы, Торғай-Арқа­лық аумағын да қамтымақ. Кәсіп­кер­лікке жан-жақты қолдау көр­сетіліп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Қаңырап қалған қалаға ел оралады, тусырап жатқан далаға мал толады, еңбек дабылы қайта қағылады. Бір сөзбен, бұл шешімдердің стратегиялық мән-маңызы ерекше.

Мемлекет басшысы елдің ал­дағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары туралы тарқатып айта келіп, қорытынды сөзінде: «Мен үшін ең бастысы – елдің амандығы, жердің тұтастығы. Тәуелсіздікті тұрақты, баянды етудің бірден бір кілті осы екі ұстын» деп атап көрсетті. Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халық­тың әлеуетін, әл-ауқатын сақтап қалу. Сол тұрғыда басым бағыттар айқындалды, нақтылы тапсырмалар берілді. Енді соны жүзеге асыру мақсатында жұмыла жұмыс жүргізу ғана қалды.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы,

академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры

 

ҚАРАҒАНДЫ