Неге деңіз. Естеріңізде шығар, аудандар бірігіп жатқан заманда шаруашылықтары шалқып тұрған Марқакөл Күршімге, Катонқарағай Үлкен Нарынға, Тарбағатай Ақсуатқа, Мақаншы Үржарға, Самар ауданы Көкпектіге қосылып, халқы жаутаңдап қалған. Жұмыс орындары жабылып, тұрғындардың көбі күрек таппай сабылған. Ала сөмке арқалап, базаршылап кеткендері де сол уақыт. Оған анау кінәлі, мынау кінәлі деуден аулақпыз. Десек те болары болып, бояуы сіңіп кеткелі қай заман?! Ендігі кезекте, атап өткен тағдырлас өңірлер жеке-жеке аудан болып, өз қазандарында өздері қайнаса деген халықтың ізгі тілегі бар. Бұл тұрғыда бірқатар тұрғынның пікірін тыңдадық. Бәрінің айтары сол – аудандар бұрынғыдай қайта бөлініп, жұмыс орындары көбейсе, өндіріс ошақтары ашылса, ауылдарға жол салынып, су тартылса дейді бір ауыздан.
Кейбір тұрғындар алдағы уақытта Көкпекті ауданы Абай облысына қарап кетсе, облыс орталығынан алыс қалып қоямыз деп алаңдайды. Әрине, облыстың шекара сызығы қалай сызылатыны әлі белгісіз. Десе де Самар үшін тиімді шешім шығарылса нұр үстіне нұр болар еді деседі. Сондықтан да ертеңіне алаңдаған жұрт Президентке хат жолдады. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған хаттан үзінді келтіре кетейік:
«Егер қазіргі Көкпекті ауданы Абай облысына қосылса, Самар өңірі Семей қаласынан 350-450 шақырым қашықтықта қалады. 1997 жылы Семей және Шығыс Қазақстан облыстарын біріктірген кезде Самар ауданы таратылып, бұрынғы Семей облысының Көкпекті ауданына қосылды. Аудан орталығы Көкпекті ауылы болды. 25 жыл көлемінде екі аудан біріктірілгенімен, Самар ауылының және бұрынғы Самар ауданының басқа ауылдарының инфрақұрылымы құлдырады. Халық саны күрт азайды. Өңір тұрғындары құжаттарын ресімдеу үшін Көкпекті ауылына 100-200 шақырым жол жүруге мәжбүр болды. Осыған қарамастан, қазіргі уақытта Самар ауылында 6 мыңнан астам адам тұрады (анықтама ретінде Көкпекті ауылының халқы – 5 мың). Ауылда қарттар үйінің 3 корпусы, аудандық аурухана, 3 мектеп, агротехникалық колледж, бірнеше жол жөндеу мекемесі, спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Өңірде көптеген ірі шаруа қожалығы мен серіктестік еңбек етіп жүр. Бүгінгі таңда Самар аумағындағы 8 ауылдық округте халық саны 13 мыңнан астам адамды құрайды. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы дамыған. Сонымен қатар туризм саласын және тау-кен өндірісін дамытуда әлеуеті зор.
Бұрынғы Самар ауданы тұрғындарының жалғыз тілегі – Самарға аудан мәртебесін қайтару. Аудан мәртебесін беру осы өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың ауылдарға ағылуына оң серпін беретініне сенімдіміз. Ол үшін Самар ауылында бос әкімшілік, өндірістік ғимараттар мен көпқабатты, көппәтерлі тұрғын үйлер жеткілікті. Сізден осы мәселе бойынша тұрғындар талабын ескеруді және оң шешім қабылдауларыңызды сұраймыз», дейді құрметпен бұрынғы Самар ауданының тұрғындары.
Өткен аптада Көкпекті ауданына қарасты Самар өңіріне ат басын біз де бұрғанбыз. Тұрғындарымен тілдесіп, 1997 жылдың мамырына дейін аудан орталығы болған ауылды араладық. Тыныс-тіршілігімен таныстық. Мемлекеттік, әлеуметтік ғимараттардың барлығы дерлік сақталған. Білім ошақтарының жағдайы жаман емес. Ауруханасы да әжептәуір үлкен. Облыстық қарттар үйіне дейін жұмыс істеп тұр. Статистикалық деректерге сүйенсек, Көкпекті ауданында 37 білім беру мекемесі бар. Оның 18-і Көкпекті өңірінде болса, 19-ы бұрынғы Самар ауданының аумағында. Бүгінгі таңда Көкпекті ауданында 17 ауылдық округ болса, 8-і Самар өңірінде. Жалпы, ауданда 26,4 мың халық тұрады. Оның 14,3 мыңы – Көкпекті жағында, 12,1 мыңы – Самар аумағында.
– Бізде мүмкіндік зор. Президент қолдаса, аудан орталығына қажетті ғимараттар бар. Соңғы жылдары туризм саласы да жақсы қарқын алып келеді. Бұқтырма су қоймасының жағалауына демалыс базалары салынып жатыр. Су жағасындағы ауылдарда жаңа көшелер пайда болды. Бұл дегеніміз – ауылдардың кеңейіп келе жатқанының белгісі. Егер Самар аудан болса, өндірісті өңірлердің бірі болады, – дейді жергілікті қауымдастық төрағасы Ержан Дүсіпов.
Айтқандай, Самарда 44 ірі және орта кәсіпорын бар. Егістік алқаптарының 30,8 пайызы Самар өңірінде. Шаруашылықпен айналысып отырған кәсіпкерлер де аудан болып құрылудағы тиімді тұстарын тізіп берді. Мәселен, сонау Қараш ауылынан аудан орталығы Көкпектіге жету үшін 200 шақырымды артқа тастау керек екен. Қысқасы, мәртебесінен айырылып қалған шекаралық аудандардағы мәселе – дәл осы Самар өңіріне де тән.
– Бай, бақуатты өңір бола тұра аудан орталығы мәртебесі жоқтығы қаншалықты әділ?! Аудан болған жағдайда, өз бюджетіміз өзімізде болар еді. Ол дегеніміз, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып, жастардың ауылдарда тұрақтап қалуларына септігін тигізеді, – деп ойын айтты «Рыбпром» ЖШС Самар филиалының директоры Александр Нарожнев.
Иә, халық тілегі орынды. Тозып кеткен ауылдары қайта гүлденіп, ауылдардың тамырына қайта қан жүгірсе, несі жаман?! Көкпектіден аудан болып бөлініп шыққанымен, халықтың береке-бірлігі бәз-баяғыдай бола берері әмбеге аян.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы,
Самар ауылы