Бүгінгі еңбек нарығындағы жағдайға сыртқы факторлардың да әсері бар. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі колледждер мен өндірістер базасында жаппай дайындау мен біліктілікті арттыру орталықтарының санын көбейтуді жоспарлап отыр. Мұндай орталықтардың басым көпшілігі жастар көп шоғырланған аймақтарда орналасады. Аталған ведомствоның мәліметі бойынша, Америка және Еуропа, Азия елдерінде жемісін берген тәжірибенің дағдарысты жағдайда Қазақстанға да оң әсері бар. Ескеріліп отырған заманауи әдістің нәтижесінде түлектер екі-үш айда біліктілігін арттырып, еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алады.
Соңғы деректер бойынша, әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты Ресейдің 100 мыңға жуық IT маманы елден кетуі мүмкін. Мұның еңбек нарығында бәсеке тудыратыны басы ашық жайт. Олардың көпшілігі IT саласы, консалтинг, ақпараттық қауіпсіздік салаларына маманданған. Сарапшы мамандар ресейлік IT компаниялардың Қазақстан нарығына келуінің жағымды тұстарын атап өтеді. Бұл үшін Қазақстан нарығына келген қандай да бір компанияға арнайы шарт болуы керек. Яғни заманауи технологиялар тілін меңгерген жоғары оқу орындары және колледждер түлектерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, ары қарай жұмысқа орналасуын қарастыру еңбек нарығының салмағын біршама жеңілдетеді. Осы тұста қазақстандық түлектердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты да сұрақтар туындайтыны анық.
Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Үкімет назарына жаңа мамандықтар ашуды ұсынған болатын. Өңірлерге барған сапарында депутат көпсалалы кәсіптік-техникалық колледждерде мамандар даярлаудағы әдістеменің ескіргеніне, жоғары оқу орындарымен сабақтастықтың жоқтығына, жұмысшы мамандықтардың коммерциялық бағытта дайындалмауы сияқты біраз кедергі бар екеніне көз жеткізген. Кәсіптік бағдарлау, еңбек нарығын зерттеу сынды шаралар жүргізілмейді. Өндіріс орындарымен байланыс жолға қойылмаған. Түлектердің алған дипломының жарамсыз болып қалуы да осы себептерге байланысты. Осы орайда бағыттау шараларын 7-сыныптан бастап, мамандық таңдауға жағдай жасау, пәндерге басымдық беру, еңбек олимпиадаларын өткізу мен колледж, жоғары оқу орындарымен өзара сабақтастық орнатумен қатар әр облыс аумағындағы шаруашылықтарға, бизнес-құрылымдарға қандай мамандардың қажет екенін зерттеуді ұсынған еді. Бүгінде орман, ауыл шаруашылығы, туризм саласына қажетті және омарта ісі сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал оқыту жүйесінде теориялық білімге 20%, тәжірибеге 80% көңіл бөлу, мамандықтарды интеграциялай отырып, колледж базасына кәсіпкерлерді тарту ескеретін жайт. Бұл болашақ мамандардың еңбек нарығы талаптарын жылдам игеріп кетуіне мүмкіндік береді.
Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің колледждерде оқу үшін мемлекеттік тапсырыс санын 10 мың орынға ұлғайтып, оқуға ынталы қазақстандықтардың санын 100 мыңнан асыруды көздеп отырғаны аталған мәселелерді шешуге бағытталған ілкімді қадамдардың бірі болмақ.
«Сапалы білім» ұлттық жобасы аясында 9-сыныптың барлық түлегі кезең-кезеңімен тегін білім ала алады. Биылғы оқу жылында алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін де арнайы квота белгіленді. Сонымен қатар сарапшылар алдағы уақытта колледждердің академиялық дербестік алуына байланысты білім бағдарламаларын заманауи талаптармен ұштастыруы өз нәтижесін береді деген сенімде. Яғни нарық сұранысына ие мамандарды даярлауға елімізде толық мүмкіндік бар. Бұрын оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дайындаған кезде колледждер типтік жоспарларын басшылыққа алса, енді жаңа тенденциялар мен нарық талаптарына сай жұмыс істей алады. Сонымен қатар мамандықтың күрделілігі мен оқу нәтижелерін ескере отырып, оқу мерзімін өз бетінше анықтайтыны колледж мамандарының нарық талаптарымен ықпалдастығына жол ашады.
Техникалық-кәсіптік білім беру саласында мамандар жетіспеушілігі де таяу уақытта шешімін табуы тиіс мәселе. Бүгінде бұл салаға қажеттілік 2,5 мың маманды құрайды. Мамандардың үштен бір бөлігінің жас мөлшері 55-тен асқан. Осы орайда педагогикалық кадрларды жастар арасынан қарастыру мәселесі де уақыт күттірмейді. Еңбек ресурстары орталығының деректері бойынша, 2025 жылға дейін білім беру саласында кадрларға деген қажеттілік 200 мың адамға жетеді. Кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламаларын әзірлеуде сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін бизнес субъектілерімен ықпалдастық мәселесі дұрыс жолға қойылуы қажет.
АЛМАТЫ