Қоғам • 01 Сәуір, 2022

Кітапхананы жазалау

598 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қалалардағы әлде бір та­ныстың, көңілі жақын ағаның немесе мәлім шен­дінің үйіне бара қалсаңыз, мүмкін оның үйінің төрі­нен, жеке кабинетінен лық­сыған кітап толы сөрені байқайсыз. Егер ол кітап оқитын немесе соған бейімі бар біреу болса. Оқу мен оқымау туралы қарама-қай­шылық міне осы арадан басталады.

Кітапхананы жазалау

Менің басымнан мынадай бір оқиға өтті. Өткен жылы А қаласындағы бір кісінің үйіне бардым, есіктен кіре салысымен оның кітап сөресін іздедім. Табылды, бар екен, мен көрмеген, оқып үлгермеген кітаптарға толып тұр. Тіпті әр тілде шыққан әлемдік әдебиеттің озық үлгілері де осы жерден кездесті. Көзім жайнап, менің де осындай үлкен кітапханам болса ғой деген шексіз үміттің жетегімен сәл кі­ді­ріп тұрып қалдым. Кенет сөре­нің ортасына таман тұрған Скотт Фицджеральдтың әйгілі туындысы «Ұлы Гэтсби» атты кітапты суырып алып, «оқыдыңыз ба?» деп сұрай қалдым. Үй иесі «Оқыған жоқпын», деді. «Енді оқыр­мын» деп сәл жұмсартты сосын. Одан жоғары қатарда Тони Моррисонның «Көкшіл көз» романы жайғасыпты, оны да алып көрдім, кітап ағылшын тілінде. «Мұны қызым Америкаға барғанда әкеліпті, мұны да оқыған жоқпын», деді тағы.  Әрі қарай өзім көре бастадым. Сол сәт сөредегі қаптаған қалың кітап өзара тіл қатысып, бір-біріне мұңын шағып тұрғандай сезілді. Бірінің тілін бірі түсініп, оқырманына деген ренішін айтып жатқандай бол-
ды.

Осы сәт менің ойыма оқыл­маған кітаптар оқырманын жазаласа қайтер еді деген «ұшқары» ой келді. Өз ойыңнан өзің қорқатын кездер де болады екен-ау. Егер солай болса, бұл жазадан көптеген «оқырман» аман қалмасы анық. Флобердің «Егер бір адам он кітапты ыждағаттап, зерделеп оқып шықса, ғұлама болар еді» деген сөзі осындайда ойға оралады. Ал Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Орхан Памук «Мен ешқандай асып-саспастан сөреден екі жүз елу кітапты тездетіп таңдап алдым да, лақтырып тас­тай салдым. Бұл арқылы мен өткенімді жазаладым. Өйткені мен бұл кітаптарды іздедім, таңдадым, сатып алдым, үйге әкелдім,  сақтадым және оқыдым ғой. Бұл арқылы мен ескі армандарыммен де қоштастым» дейді. Шыны керек, біздің сөрелерде де алуан түрлі кітаптар самсап тұрады. Ал оны қалай жазалау жөнінде ойланудың өзі санаға жүк салады.

Бірақ біз кітапханамызды жазалау үшін алдымен өзімізді жазалауымыз керек. Өйткені ондағы кітаптарды тауысып оқып, нәрін алып, шөлімізді қандырмадық қой. Ал керісінше кітапханамыз біздің өзімізді жазалаймыз десе, не істемекпіз? Ең үлкен сауал осы болмақ.