Өнер • 03 Сәуір, 2022

Қазақ эстрадасының алғашқы қарлығашы

879 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың ұлы әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы – Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев әйгілі әншінің атын ұлт жадында мәңгілік сақтау үшін еліміздің руханият пен мәдениет саласына бірқатар тапсырма бергені белгілі. Соған орай Отанымыздың үлкен қалаларындағы мәдениет ошақтарында атаулы датаға байланысты іс-шаралар өтті. Елордадағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік бірлестігіне Роза Бағланованың аты берілді. Әншінің костюмі, марапаттары, тұтынған заттары Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік музейге қойылды. Осынау игілікті істің басы-қасында жүрген мәдениет майталмандары – Жеңіс Сейдоллаұлы, Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды азаматтардың әнші тойына қосқан үлестерін айта кеткен артық болмас. Екі ғасырдың куәсі, аты жарты әлемге жария болған Роза Тәжібайқызының шығармашылық жолы жарқын болды. Десек те өмір даңғылында тағдырдың «тар жол, тайғақ кешуін» көп көрген қазақтың қаһарман қызының ұлттық эстрада жанрының қалыптасуына сіңірген зор еңбегі туралы осы бір мөлтек мақаламызды арнағымыз келеді.

Қазақ эстрадасының алғашқы қарлығашы

Эстрада! Эстрада!

Қай заман, қай ұлт болса да әлеуметтік һәм ойын-сауықтың авангарды осы өнер. Эстраданың күллі адамзатқа ортақ мәдени жәдігерге айналғанына бір жарым ғасырдан аса уақыт өтіпті. Оның ұрмалы-соқпалы жойпат екпіні мен еріксізді еліте кететін жеңіл әуезі «кәрі құрлық» (Еуропа) арқылы Еуразияға озды, кейіннен патшалық Ресейдің жалғасы болған Кеңес Одағы (КСРО) шекарасын көктей отырып, қазақтың байсал даласына да жетті. Өнер тарихын барласақ, біздің дарынды халық осы өнерді жатсынбай бойына тез сіңіріп ала қойғаны байқалады, тіпті өзіндік ұлттық реңкі бар жаңаша музыкалық калейдоскопқа айналдыра алған. Осынау Ұлы даладағы ұлттық мазмұндағы қазақтың эстрадалық музыкасының қалыптасуына тер төккен ғасыр бұлбұлы – Роза Бағланова еді!

Кешегі күндерде – Роза, Нағима, Сембек, бүгінде Димаш, Рухия, Иманбек секілді таланттарымен, «Досмұқасан», «Гүлдер», «А Студио», «Ұлытау» сынды аспапты ұжымдарымен әлем назарын аудартқан қазақ эстрадасының өзіндік үлгімен қалыптасқан кәсіби мектебі де, шежірелі тарихы да бар. Әлбетте, эстрада этностық яки дәстүрлік сипатты көксейтін жанр емес, анығында, халыққа кең тарайтын бұқаралық танымал музыканың жиынтығы, қысқаша түйіндесек, эстрада өнері жалпы адамзатқа ортақ құндылық бола алатын бұқаралық мәдениеттің бір парасы. Солай десек те бұл өнер түрінің қоғамнан алар өз орны бар (әсілі эстрада өнерінің әуесқой және кәсіби түрлері болады, мысалы филармониялық ұжымдар мен шоу-бизнестегі дербес топтар эстраданың кәсіби түрімен айналысады, ал «той бизнес» саласындағы коллективтер мен тұрмыс-салт думанының көрігін қыздырумен айналысатын жеке орындаушылардың көбісі әуесқой творчество өкілдері екені белгілі). Осынау му­зы­калық бағыттың қазақ жерін­де тамыр жаюы ұлттық өнер­дің де жаңа ағыммен біте­қайна­са синтезделіп, белгілі бір белеске көтерілуіне ықпал еткені анық.

Роза Бағланованың сахнадағы саналы ғұмырының дені КСРО кезеңіне тап келді, сондықтан әнші шығармашылығының бас­тауын бағамдау үшін кеңес зама­нындағы эстрада тарихына қысқаша шолу жасалық...

1918 жылғы қазан төңкерісі­нен кейін большевиктік Ресей қалаларында алғашқы джаз-банд топтар, эстрадалық ша­ғын оркестрлер пайда болды. Кеңестік джаз өнерінің «пионері» атанған – Леонид Утесов, эстра­­да әншілері – Любовь Орло­ва, Клавдия Шульженко, Алек­сандр Вер­тинский, Вадим Козин, т.б. өнер иелері кеңестік кезеңдегі эстрада өнерінің іргетасын алғаш қалаушылар еді, олар­дың шығармашылығын боль­шевиктік билік те қамқорсып қолдап отыр­ды. Соның арқа­сын­да «ин­тер­националдық маз­мұн­да­ғы» кеңес эстрадасы бірша­ма қарқындап өсе бастады. Алай­да өткен ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы мәдени-сая­си репрессия салдарынан эстра­да жанрындағы әртістер мен композиторлардың көбі «халық жаулары», «космополиттер», «жат элементтер» атанып қуда­лан­ды. Бұл нәубет 1941-1945 жылдар арасында, яғни екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғана аздап толастағандай болды. Кеңестік идеология эстрадалық жанрдың саяси мазмұнын өзгерт­ті де үгіт құралы ретінде соғыс тақырыбына лайықтап пайдаланды. Осыдан кейін майдан даласында шырқалатын эстрадалық туындылардың кең насихатталуына жол ашылды, патриоттық бағыттағы әндер соғыстағы жауынгерлердің көңіліне дем беретін күшті саяси идеология құралына айналды.

Ал енді қазақ даласына эстра­да өнерінің келуі екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейінгі кезең­нің тұстары. 1941 жылы Ал­матыға эвакуацияланған зия­лы қауымның ішінде Кеңес эстрада­сының алдыңғы қатарлы өкілдері де болды, олар қазақ әндерін жаңаша ырғақпен заманауи саз қосып өңдей бас­тады. Бұл іс алғашында халықтық дәстүрі берік бұқараға тосындау болғанымен насихаты белсенді болған соң ел жадына жұғысты бола алды Дүкендерге радио, патефондар әрқилы эстрадалық әндер мен билердің күйтабақтары түсе бастады. Үлкен қалалардағы «ресторандық-кабактық» эстра­да­лық топтар да қарапайым еңбекші елдің әуесін алды. Жұрт­шылық біртіндеп эстрадалық ырғаққа бой үйрете бастады, әлеумет жеңіл ырғаққа бейім туындыларды кинофильмер арқылы да сүйсіне тыңдап жүрді.

...1946 жылы сол кездегі КСРО астанасы Мәскеу қаласын­да өткен эстрада шеберлерінің Бүкілодақтық жарысына Қа­зақ­станнан Роза Бағланова қа­тысты. Он бес республика өнерпаздарының ішінде өз ше­берлігімен көзге түсіп, конкурс­тың дипломанты атанды, ол уақыттарда «дипломант» атағы қазіргі халықаралық конкурс жүлдесіне барабар атақ еді. Бұл қазақ елі үшін шын мәнінде сен­сациялық сүйініш болды, се­бебі бұған дейін кеңестік эстра­да саласы аясында иісі қа­зақ­тан мұндай табысқа ешбір өнерпаз қол жеткізген емес еді. Яғни осы оқиға дерегін бүгінгі көзқараспен сараптар болсақ, Роза Бағланова қазақ эстрадасының тұңғыш кәсіби өкілі болғанын мойындаймыз әрі мақтанамыз. Қазіргі отандық музыка туралы әдебиеттерімізде әншінің қазақтың ұлттық эстрада мектебінің бастауында тұрғаны анық тұжырымдалып, ескеріле бермейтіні өкінішті.

1949 жылы Будапешт қала­сында өткен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестивалі» да халықтық-эстрадалық бағыттағы өнер сайысы еді, Роза Бағланова 80 мемлекет өнерпазы қатысқан осы жарыста оза шауып лауреат атанды. Бұл қазақ ән өнерінің эстрадалық форматта әлемдік деңгейге шыққанын айғақтайтын тағы бір тарихи оқиға болды.

Роза Бағланованың концерттік репертуары туралы бірер сөз. Ол әуелі қазақтың халық әндерінің үздік орындаушысы болды. Отандық сазгерлердің заманауи әндерімен қатар орыс және шетел композиторларының эстрадалық бағытта жазылған танымал туындыларын орындады. Оның ішінде жаһанға кең тарағаны орыстың халық әні – «Ах, Сама­ра-городок». Бұл әнді ол соғыс жылдары орыстың халық әншісі Лидия Руслановадан естіген. Ол орыс сырнайының сүйемелімен халықтық нақышта шырқады. Роза Тәжібайқызы бұл әнді өзіндік интерпретациясымен орындады, композитор Андрей Костиннің эстрадалық өңдеуімен бұл әнді жарқыратып қайта туғыз­ғандай болды. Кейіннен Лидия Русланова да қазақ ән­ші­сінің өнеріне ризашылық сезі­мін білдірген деседі, яғни екі тұлғаның арасында үлкен творчестволық достық байланыс болғаны анық.

В.П.Соловьев-Седойдың «Чер­­ноглазая казачка» атты әні­нің бағын асырған да Роза Бағланова. Әннің авторы мен мәтінін жазған орыс ақыны А.Фатьянов «На солнечной полянечке» деген туындысын Роза Тәжібайқызының дауысына арнайы жазды. Бұл да қазақ қызының одақ көлеміндегі шексіз танымалдығын айғақтайтын дерек. Словак халқының «Биле-биле» әні одақтық шекараны аса шырқалды, бүгінгі сөзбен қайырсақ КСРО заманындағы «Варшава келісіміне» кіретін еуропалық мемлекеттер арасында «дәуір «хиті» болып дүркіреді. Әншінің репертуарында корей, неміс, ағылшын, чех, қытай, үнді, бирма тілдеріндегі туын­дылар және Кеңес Одағы ха­лық­тарының да вокалды шы­ғар­малары болды, бұлар әнші­нің шетел сапарлары барысында дайындаған концерттік бағдарламаларына енген қазына еді.

Әрине, Роза Бағланованың шығармашылық ғұмырнамасына байланысты зерттеулер аз жа­зылған жоқ. Әнші өміріне қа­тысты көптеген маңызды де­ректі жинағандардың ішінде – жазушы Мақсұтбек Май­шекиннің еңбегі елеулі. Ол өз жазбасында әншінің өнердегі алғашқы қадамы 1932 жылы басталғанын баян етеді. Бұл қазақ даласына «ақсүйек ашаршылық» зұлматы тап келген кер заман болатын. Он жастағы Роза Бағланова Орынбор қаласында жасөспірім өнерпаздар олимпиа­дасының бас жүлдегері болған. Бұл биог­рафиялық зерттеу тұрғы­сында әншінің бала дәу­ре­нінен ақпар бере алатын тың деталь болар еді. Ал енді Өз­бекстандағы қайраткерлігі жөніндегі мәліметтер жеткілікті жинақталған, дегенмен Ташкент филармониясының архиві ар­қы­лы тың деректермен толық­тырылса жөн болар еді деп өз тарапымыздан ой қосқымыз келеді. Себебі Роза Бағланова өзбек халқы үшін де мемлекеттік деңгейдегі аса беделді кәсіби өнерпаз болғаны әмбеге аян.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ эстрадасына элек­трондық музыка ағымы келді. Бұрынғы акустикалық аспаптардың орнын жаппай электрондық жабдықтар мен құрылғылар басты. Ендігі жерде дыбысы күшейтілген, жартылай вокалды, жартылай аспапты топтар (ВИА) мен эстрадалық-симфониялық оркестрлер ха­лық назарын аударды. Бұрын халықтық немесе камералық аспапты ұжымдармен жұмыс істеуге дағдыланып қалған аға буын орындаушылардың дені дағдарып қалғаны рас. Роза Бағланованың осы жаңа электрмузыкалық бағытты мүл­де жатырқамағаны, керісінше сол салада шабытты өнер танытқаны еріксіз таңдандырады. Ол отан­дық жас композиторлардың өзіне арнайы жазған жаңа тынысты эстрадалық әндерін аса жоғары деңгейде орындап, елдің шексіз ілтипатына ие болды. Роза Тәжібайқызы шырқаған қазақы эстрадалық әндер әлі күнге дейін ел жүрегінде, кейінгі буын өнерпаздары арқылы түрлене жалғасып келеді. Әсіресе Ескендір Хасанғалиевтың «Әде­мі-ау», «Асыл арман», Төлеген Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай» әндері ұлттық эстрадалық өнеріміздің жауһары ретінде қазақ радиосынан жиі беріледі, «QAZAQSTAN», «ABAI TV» арналарында әнші туралы деректі фильмдер мен киноконцерттер сақталған.

Халқымыздың маңдайына біткен күміс көмей әнші Роза Бағланованың мұрасы мәңгілік, отандық эстраданың алғашқы қарлығашы болған тұлғаның ұлт мәдениетіне сіңірген ұлық еңбегі қазақтың жүрегінен ешқашан өшпейді.

 

Жанғали ЖҮЗБАЙ