Қоғам • 04 Сәуір, 2022

«Киіз үйдегі» кітапхана

626 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрындары кітапханаға кітап алуға немесе реферат, курстық жұмыстар жазу үшін барар едік. Кейінгі жылдары кітапханалардың бағыты өзгерген. Жастарға, балаларға қажетті үйірмелер, түрлі шара кітапханалардың шаңырағында өтеді. Әсіресе жас ұрпақтың заманауи технологияны меңгеруіне барынша басымдық берілген. Мысалы, Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада оннан астам үйірме жұмыс істейді екен.

«Киіз үйдегі» кітапхана

Үйретері көп үйірмелердің бірі – VR-киіз үйі. Ерекшелігі сол, киіз үйдегі заманауи тех­нологияның көмегімен әлем­нің кез келген жеріне саяхат жасауға болады. Көзіңізге тетік­тері көп көзілдірікті тағасыз да, армандаған қалаңызға топ ете қаласыз. Оның ішінде Өске­мен де бар. Саяхат онлайн болға­нымен, шаһарды шынайы кезіп жүргендей күйде болады екенсіз. Оқырмандардың айтуынша, VR-киіз үйі ашылған сәттен бас­тап қызыққандар көп болды. Алғашында VR көзілдірігі ғана болса, кейін кітапханадағы IT мамандары арнайы бағдарламамен түрлі көрініс жасай бастаған. Көріністердің көбі – аңыз-ерте­гілердегі кейіпкерлердің бейнесі.

– Біздің мақсатымыз – оқыр­ман­ға оқыған кітаптарын­да­ғы кейіп­керлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Осы­лайша, жастар­дың кітап оқуға деген ынтасын оятқы­мыз келеді, – дейді кітапхана басшысы Хабиба Ақжігітова.

Иә, Хабиба Мырзаханқы­зының мұрындық болуы­мен киелі шаңырақта ауыз тол­ты­рып айтарлықтай жұмыс­тар атқарылғанын ешкім жоққа шы­­ғар­майды. Мәселен, заманауи технология көмегімен Оралхан Бөкей­дің туған жерін және жазушы шығар­маларындағы кейіпкерлердің образы бейне­леніп, оқырман назарына ұсы­нылды. Импровизация жасалып, Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғаны да бейнеленді. Сонымен қатар Орал­хан­ның «Кербұғы», «Қамшыгер» шығармаларына иллюстрация жасалды.

Тағы бір ерекше жаңалық, балаларды кітап оқуға баулу үшін мультстудия ашылған. Бүлдіршіндердің көбі ертегіні кітаптан емес, теледидардан, смартфоннан іздейтіні шындық. Сондықтан да Оралхан Бөкей кітапханасында мультстудия іске қосылған. Аталған студия қалай жұмыс істейді дейсіз ғой. Мұнда балалар қағаздан жасалған қуыршақтарды техниканың көмегімен жандандырады екен. Кейін ертегі кейіпкерлеріне деген қызығушылықтары оянып, кітап оқи бастайды. Кітаптағы кейіпкерлерді ғана емес, балалар өз ойындағы дүниелерді жасап, шығармашылықпен айналысуларына да мүмкіндік­тері бар.

Ал төрдегі ерекше сенсорлы үстел тілдік дамуында ақаулары бар балаларға арналған. Кейбір балалардың тілі кеш шығып, ортасынан шеттеп қалып жатады. Осындай олқылықтың алдын алу үшін мамандар сенсорлы үстелдің көмегімен білім берудің жаңа деңгейіне көтерілген. Ерекше үстел бетінде бала сурет сала отырып, анық сөйлеуді үйренеді. Мамандардың сөзіне сенсек, нәтижесі жақсы.

Кітапханада балаларға ғана емес, ересек оқырмандарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Мысалы, «bokeylibrary.kz» сайтына кіріп, кітапханадан іздеген кітабыңызға, ақпаратыңызға онлайн түрде қол жеткізе аласыз. Оның ішінде bokey.kz бөлімін бассаңыз, Оралхан Бөкейге қатысты материалдарды қашықтан оқуға болады. Мұнымен қоймай, кітапхана мамандары заман ағымына қарай bokeylibrary.kz сайтының BOKEYMOBILE мобильді қосымшасын да іске қосып қойған. Демек Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың құнды материалдары сіздің қолыңызда. Қосымшада кітапханаға жазылу, кітап брондау, сұрақ-жауап, кітаптар, аудиокітаптар, ойындар және үйірмелер кестесі сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл дегеніміз, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының айқын жемісі дер едік.

 

Өскемен