Сол күні Оспановтардың үйіне көрімдік, тарту-таралғысын көтеріп, құттықтай барған облыстық мешіттің наиб-имамы Бақытжан қажы Икрам сәбидің құлағына азан шақырып Әлихан деп ат қойып, ақ батасын берді.
Он баланың әкесі Атымтайдың өзі қаладағы сауда үйлерінің бірінде қарапайым күзетші болып жұмыс істейді.
– Сегіз қызым бар. Сегіз қыздан кейінгі ұлымның есімі – Ахмет. Енді, міне, келіншегім 42 жасында маңдайы торсықтай тағы бір ұлды дүниеге әкеліп, қуанышты болып жатырмыз. Әр баланың өз несібесі бар, кенже ұлға Әлихан деп азан шақыртып ат қойдық. Алаш арыстарының аруағы жебеп жүрсін деген ниет қой. Балаларымның алды биыл 21-ге аяқ басты. Үлкен қызым Нұрбаян колледжді үздік бітіріп, қазір шетел тілі мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Балаларымның бәрі Ғафу Қайырбеков атындағы №9 қазақ мектебінде оқиды, – дейді көпбалалы әке.
Бүгінде Оспановтар отбасы үйелмелі-сүйелмелі он баламен төрт бөлмелі ескі үйде тұрып жатыр. Төрт бөлмелі деген аты болмаса, ауданы 50 шаршы метрден сәл асатын қуықтай ғана тар үй. Анау жылдары Атымтай әкімдікке барып, үйін кеңейтуге көмектесуді сұраған екен, бірақ бұрынғы әкімдердің ешқайсысы қол ұшын созатындай ыңғай таныта қоймапты.
– Одан кейін де әкімдікке барып, үйімнің тар екенін айттым. Олар басыңда пәтерің бар ғой, бізде үйді кеңейту деген қарастырылмаған деп шығарып салды. Тәубе, мемлекет көпбалалы отбасыларға қолдауын аяп жатқан жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек, бала санына қарай берілетін жәрдемақының да шарапатын көріп отырмыз. Бірақ бір әттеген-айы – үйіміздің тарлығы жанға батады. Енді кенжемнің куәлігі қолға тиген соң, әкімдікке тағы барып көрейін деген ой бар. Тегін үй бер деп жатқан жоқпыз, тек мына ескі үйдің бағасын шығарып, оны бастапқы жарна ретінде есептеп, орнына кеңірек үй берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Атымтай Оспанов.
ҚОСТАНАЙ