Өнер • 04 Сәуір, 2022

«Таудан мен жаратылғам»

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арманы биік адам тауға ғашық келеді. Мұзарт шыңдардан мият іздейді, құс жолына қол созады. Алқоңыр аспанды қалаған түсімен сырлайды. Қазбауыр бұлттарға хат жазады. Қарағайларға мұңын шағады.

«Таудан мен жаратылғам»

Суретші Рашид Құл­ба­тыровтың «Алатаудың бөк­те­рінде» картинасы мұзбалақ Мұ­қа­ғалидің өлеңін еске тү­сіреді.

«Tay дейтін алып жүрек,

Ана туған.

Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам». Шіркін, ақиық ақынның осы екі тармағынан-ақ бар болмысын, ғұмырлық қағидасын кө­руге болады. Қараңызшы, біз ұсынған туынды да автор­дың жан әлемінің галереясын айшықтап тұрғандай.

Заманауи жас суретші Рашид Құлбатыровты табиғи ландшафттар мен қала ан­сам­блінің заңды «жырлау­шысы» деп атайды. Ол қыл­­қалам­мен жеңіл әрі шебер­л­ік­пен жұмыс істей оты­рып, Қа­зақстан мен Еу­ропаның үл­­кенді-кішілі қа­лаларының кө­­ріністерін, қа­зақтың шексіз жазира даласын, Іле Алатауы тау жо­таларының ең биік шың­дарын, Каспий теңізінің пей­заждарын, сол сияқты көш­пенділердің дәстүрлі ауыл­дарының композицияларын жазды. Суреткер табиғатқа келгенде туындыларында түстік акценттер, бояулардың ашық­тығы мен қарқынды жа­ғылуы ерекше мәнерлі.

«Алатаудың бөктерінде» картинасы реалистік жанрда жазылған. Өзен жағасындағы ағаштар мен биік шөптердің арасында жылқылар, ал олар­дың үстінен алып таулар кө­рінеді. Таулар мұнарланған тұманмен көмкерілген. Күн сәу­лесі таудың тек ақбас шың­дарына түсіп тұр.

Бақсаңыз, қылқалам иесі жұмсақ бояуларды, кенепті реңк тұрғысынан жеңіл ауы­суларды пайдаланады. Ол осы арқылы беймаралдық пен тыныштыққа қол жеткізеді. Ал кенептен тауды бейнелеу үшін кең орынды комп­о­зицияны бөле отырып, Ала­таудың айбындылығы мен бөктерлерінің әсем суретін салады. Суретші өз туындысында туған өлкенің сұлулығын беріп, табиғатқа деген шексіз таңда­нысын көрсетеді.