Коллаждарды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бұл ретте еnpf-otbasy.kz платформасы 732 мыңнан астам қазақстандыққа тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге қажетті ресурстарды алуға мүмкіндік берді. Орташа есеппен алғанда 2021 жылы платформаға ай сайын 100 мыңға дейін өтінім келіп түссе, осы жылдың 1-30 наурыз аралығында enpf-otbasy.kz-ке клиенттерден түскен өтінімдер саны 2022 жылдың ең жоғарғы деңгейіне жетті. Бұл дегеніміз – 870 мың.
Отбасы банктің дерегінше, аяқталған өтінімдер, яғни мақұлданған өтінімдер 352 мыңды құраған. Аталған санат бойынша қаражат нысаналы мақсатына жіберілді деген сөз. Клиент қаражатының жеткіліксіз болуына байланысты кері қайтарылған өтініштер саны – 146 мың.
106 мың өтінім бойынша клиент нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды бекітуі керек. Салынған құжаттарды тексеруге берілген өтінім – 73 мың. 52 мың өтінімді клиенттердің өзі жойған. Клиенттер қол қоймаған, аяқталмаған өтінімдер саны 35 мыңға тең.
34 мың өтінім пысықтауға жіберілген. 33 мың өтінім бойынша БЖЗҚ-дан арнайы шотқа қаражаттың түсуі күтіліп отыр. Толықтыру үшін Отбасы банкінің салымын таңдауды қажет ететін өтінімдер саны – 20 мың. БЖЗҚ-на қайтарылған қаражат бойынша өтінімдер 19 мыңды құрады.
Келіп түскен өтінімдер, сондай-ақ мақсатты растайтын құжаттар салынған өтінімдер кезек тәртібімен пысықталады.
Сонымен қатар қазір ел ішінде 2022 жылғы 1 сәуірде қазақстандықтардың Отбасы банктегі арнайы шоттарындағы бірреттік зейнетақы төлемі БЖЗҚ-ға қайтарылады деген қауесет тарауда. Отбасы банктің хабарлауынша, азаматтардың арнайы шоттарындағы қаражат олардың меншігі. Арнайы шотқа ақша түскен сәттен бастап қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында оларды пайдалану бойынша растайтын құжаттарды ұсыну үшін 20 жұмыс күні бар. Осылайша, наурыздың аяғында арнайы шотқа түскен ақшаны 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін қолдануға болады. Егер қаражат емделу мақсатында сұралып, арнайы шотқа түскен болса, онда азаматтардың оларды пайдалану мақсатын растау үшін 45 жұмыс күні бар.
Сондықтан арнайы шотқа өз қаражатын түсіріп қойған өтініш берушілер банктің аймақтық филиалдарына бармай-ақ құжаттарды асықпай жинауы керек. Өйткені барлық рәсім онлайн режімде өтеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «соңғы үш күнде зейнетақы жинақтарының артылған сомасы жоғалып кетті» деген мәлімдемелер таралып жатыр. Банктің хабарлауынша, бұған валюта бағамы себеп. Мысалы, 2022 жылғы 25-28 наурыз аралығында берілген 53 649 өтінімді, сұралған қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты БЖЗҚ кері қайтарды. Бұған валюта бағамының өзгеруі және осыған байланысты зейнетақы жинақтарын қайта бағалау әсер еткен. 2022 жылғы 25 наурызда зейнетақы активтерін қайта бағалауға ықпал еткен доллардың бағамы 494,16 теңгені, ал 2022 жылғы 28 наурызда 484,49 теңгені құрады.
«Өзінің бірреттік зейнетақы төлемін бұрынғы шекті көрсеткіш бойынша пайдалану үшін банк enpf-otbasy.kz порталында өтінім беруді 2022 жылдың 29 наурызына дейін үлгеруді ұсынды. Себебі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және отбасын емдеуге арналған бірреттік зейнетақы төлемін пайдалану қағидаларына сәйкес банк 2 жұмыс күні ішінде өтінімді өңдеп, БЖЗҚ-ға жібереді. БЖЗҚ қолданыстағы шекті көрсеткіш бойынша өтінімдерді 2022 жылдың 31 наурызын қоса алғанда сағат 23:59-ға дейін қабылдап, қарастырады», делінген Отбасы банкінің хабарламасында.
– Өтінімдердің көпшілігі қайталанады. Бірнеше рет өтініш берген рекордшылар бар. Бірақ дәл осы наурыз айында біз қалыпты жағдайға жатпайтын процестерді байқадық: мысалы, 5 теңге алуға өтінім бергендер бар. 40 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі соманы алуға 161 өтінім жолданды. Адамның компьютерлік сауаттылығының орташа деңгейінде порталда болу уақыты 15-20 минутты алатынын ескерсек, мұндай операциялардың қаржылық мәні түсініксіз. Сондай-ақ ақылға қонымсыз сұраныстары бар өтінімдер түсе бастады. Мысалы, порталда 200 млн теңгеден 6 млрд теңгеге дейін 627 өтінім келіп түсті. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің мұндай сомасы бұрын-соңды болмағаны түсінікті. Мамыр айының басында зейнетақы жинақтарын пайдалану және осы бірегей жобаның ерекшеліктері туралы халыққа толық есеп жариялауды жоспарлап отырмыз, – дейді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.