Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі отбасыларға мемлекет тарапынан тегін баспана беру, ипотекалық несие алу жолдарын жеңілдететін мүмкіндіктер қарастыру мәселелері қозғалды. Құзырлы орындарға мұң-мұқтажын айтуға келген ата-аналардың бәрі көптен бері баспана кезегінде тұр. Алайда қалалық әкімдіктің кезегіне тіркелгендердің ұзын-ырғасы 12 мыңнан асып кетеді. Осыдан 2-3 жыл бұрынғы бұл цифр әлі сол қалпында, не кемімейді, не көбеймейді. Оның ішіндегі жетімдер, көпбалалы отбасылар мен соғыс ардагерлері ғана жеке санат болып есептеледі. Қалғандары «әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар» деген санаттағы мұқтаждармен бірге жалпы кезекте тұр. Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекет қаржысына салынған тұрғын үйге таяу жылдары кіре қоюы мүмкін емес екені анық.
– Жанайқайымызды ешкім естіп, ескермейді. Жағдайымыздың мүшкіл екенін айтып, бізді баспана кезегіне жеке санат ретінде тіркеуді өтініп Инфрақұрылымдық даму министрлігіне де хат жаздық. Бірақ қолдау болмады. Қала әкімі ауған соғысының ардагерлері де жеке санат сұрап жүргенін, бірақ олар үшін ешкім ерекше кезек жасап бермейтінін жеткізді. Ал біздің тұрмыс жағдайымыз күннен-күнге қиындап барады. Мемлекет беретін азын-аулақ жәрдемақымен қай жыртығымызды жамаймыз? Шынымызды айтсақ, не істерімізді білмейміз. Әйтеуір бір күндері бізге де мемлекет мейірім танытып, кезегіміздің жеделдеуіне ықпал етіп қалар деген өлмейтін үмітпен жүрміз, – дейді кемтар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Юлия Ким.
Мұқтаж аналардың мәселесін шешудің тағы бір мүмкіндігі – өңірде іске асырылып жатқан «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Бағдарлама толық емес отбасылар мен көпбалалы немесе зағип бала тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамтуды көздейді. «Отбасы банкі» өкілдерінің айтуынша, бұл бағдарламаға қатысқысы келетін тұрғындар өтініш жазған соң, әкімдік берген жолдамамен аталған банкке барады. Алайда банк төлем қабілеті бар екені анықталған тұрғындарға ғана 20 жылдық мерзімге несие береді. Бағдарламаға қатысушы үйді өзі таңдап, пәтер құнының 10% -ына шақ мөлшерде бастапқы жарна төлейді. Жылдық сыйақы мөлшері – 2%.
Қолында мүмкіндігі шектеулі сәбиі бар Гүлнар Багинская мемлекетке қол жайып отырғанша, шама жетсе ипотекаға пәтер алу дұрыс екенін, бірақ оған мүмкіндігі жетпейтінін айтады. Алайда мұқтаж ана кішкентай қызын қалдыратын жақыны жоқ болғандықтан, жұмысқа шыға алмай отыр. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие ресімдеу үшін тұрақты табыс, ресми жұмыс орны немесе табыс тауып отырған кепіл адам болу керек. Гүлнардың жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ, ал банкке кепіл болу деген ұзақ мерзімді жауапкершілікті көтерісетін жақын туыс табу қиын. Өйткені әркімнің отбасы, бала-шағасы, тіршілігі бар. Мұқтаждардың өкінішіне қарай, ай сайын мемлекет беріп отырған жәрдемақы табыс көзіне жатпайды.
Ата-аналардың бірі банк өкілдерінен «Мен депозит ашып, қолдан келгенше ақша жинап жатырмын. Алайда банктеріңіз бәрібір баспана ала алмайсыз дегенді айтып отыр. Біз өзіміз жалдап отырған пәтерге ай сайын 80 мың теңге төлейміз. Маған бұл ақшаны жалдамалы пәтерге төлегенше, өз пәтеріме жұмсағаным тиімді емес пе? Осы мүмкіндікті неге қарастырмасқа?» деп сұрады.
«Отбасы банкінің» кеңесшісі Тойжан Едресов несие берудің тәртібін мемлекет белгілейтінін, сондықтан банк оған ешқандай өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Бірақ банк мамандары әр тұрғынның басындағы жағдайды жеке талдап, саралап, екі жаққа да тиімді оңтайлы жол іздеп табуға ынталы екен.
– Мұның сыртында, бізде бастапқы жарнасы 10% болатын «Шаңырақ» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша жаңа салынып жатқан «Қонай», «Береке» шағын аудандарындағы әлеуметтік тұрғын үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге тұрады. Мәселен, бір бөлмелі пәтердің бағасы 6-7 млн теңгеге шығады. Мұның 10 пайызын, яғни 600-700 мың теңге жинауға сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді ғой деп ойлаймын, – деді банк кеңесшісі.
Банк маманы ұсынған тұрғын үйлердің бағасы көңілге қонатындай болып көрінгенімен, ата-аналардың біразы жаңа салынып жатқан шағын аудандардың тұрған орны қолайсыз дегенді айтты. Өйткені мүгедек балалардың тіркелген емханалары бар. Оған жиі барып тұру қажет. Ал Қостанайдан шалғай жатқан «Қонай» шағын ауданында қазір екі-үш үй қалқайып тұрғаны болмаса, ешқандай инфрақұрылым жоқ.
Банк мамандарының айтуынша, қазір мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің тағы бір жаңа мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мамыр айынан бастап мұқтаж жандар тұрып жатқан жалдамалы пәтер төлемінің тең жартысын «Отбасы банкі» арқылы субсидиялауды көздейтін «50:50» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Аталған бағдарламаға қатысушы баспана кезегіне ресми тіркелген, өзі қазір тұрып жатқан үй иесімен пәтер жалдау туралы шартқа отырған мұқтаж адам болуы шарт. Олардың пәтерақысының жартысын мемлекет төлеп беріп отырады. Осылайша, мұқтаж жандар өз үйі – өлең төсегіне қол жеткізгенше, мемлекеттің көмегіне арқа сүйейді. Алайда бұл бағдарламаға кемтар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бәрі бірдей қатыса алмайтын көрінеді. Мысалы, мүгедек сәбиі бар Жасұлан Ингаев Қостанайдағы жалдамалы пәтерлердің бағасы қымбат болғандықтан, қала шетіндегі саябақтардың бірінде үй жалдап тұрады. Таяуда меншік иесіне «50:50» бағдарламасының шартын көрсетіпті.
– Мен тұрып жатқан үйдің қожайыны мұнымен келіспеді. Өйткені жеке шотына мемлекет төлейтін пәтерақының жарты ақшасы түсіп отыру үшін ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек екен. Және ай сайын кәсіпкер ретінде 12 мың теңге төлеп отыруы керек. Сондықтан пәтерін жалға берушілер мұндай ұсыныстан ат-тонын ала қашады, – деді Жасұлан.
Кездесуге келгендердің ішінде асыраушысынан айырылған әрі мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар да бар.
– Менің қызым жатарда менің және кішкентай бауырының амандығын тілейді де, «О, Құдай, бізге баспана бере гөр!» деп ұйқыға кетеді. Күн сайын кемтар қызынан мұндай сөзді естудің қаншалықты ауыр екенін сіздер білмейсіздер. Бізге мемлекет ең болмаса балаларым есейіп, аяқтанып кеткенше уақытша тұратын пәтер қарастырып көрсе екен, – деді Надежда Рерих.
Бір ерекшелігі, баланың мүгедектігіне берілетін жәрдемақы ипотека аларда табыс көзі болып саналмағанымен, атаулы әлеуметтік көмек берілерде нағыз жуан табыстың өзі болып есептеледі. Сондықтан белгіленген сомадан 1-2 мың теңге артық алатын кемтар балалардың ата-аналары атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай отыр.
– Көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік көмек түрлерін біздің де алғымыз келеді. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек пен жылына бір рет берілетін бір реттік төлемді ала алмаймыз. Басқа біреудің пәтерін жалдап отырғандықтан тұрғын үйге берілетін көмектен де қағылып отырмыз, – дейді ашынған аналар.
Кездесу соңында қала әкімдігіне қарасты тұрмыстық қатынастар бөлімінің бас маманы Самиға Бұқыбаева жоғарыдағы құзырлы орындарға арнайы хат жазып, жиынға қатысқан ата-аналардың шағым-тілектерін жеткізетінін айтты.
Қостанай облысы