Экономика • 04 Сәуір, 2022

Сырттағы санкцияның салдары

981 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соғыс өрті тұтанғалы әлем елдері Ресеймен саяси-экономикалық келісімдер мен қатынастарды үзе бастады. Castellum дерегінше, бүгінге дейін Ресейге салынған санкция саны 7 116-ға жетсе, соның 4 362-сі – 2022 жылдың 22 ақпанынан кейін енгізілген шектеулер.

Сырттағы санкцияның салдары

Жаһандық ұйымдардың ахуалға қатысты болжамдары тіпті де оң емес. Халықаралық валюта қоры биыл Украинаның ІЖӨ-сі 25-35 пайызға қысқарады, ал Ресей экономикасы «терең рецессияға ұшырайды» десе, Moody’s Ресей экономикасының 7 пайызға құлдырайтынын, JP Morgan екінші тоқсанда көрші ел экономикасының 20 пайызға күрт қысқаратынын ескерткен. Қазақстандағы Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығының (AERC) мәлімдеуінше, еуропалық тауарлардың көбі Ресей арқылы транзитпен Қазақстанға келетіндіктен, ғаламат шектеулердің теріс әсері Қазақстанға да тиеді.

«Еуроодаққа Қазақстан импорты мен экспортының 40 және 29 пайызы тиесілі. «Қазақстан-Еуропа» жеткізу тізбегі қайта қалпына келу үшін жаңа транзит жолын табу қажет. Алайда Ресей арқылы өтпейтін транзит біз үшін біршама қымбатқа түсуі ықтимал. Қысқамерзімді перспективада біздегі жекелеген нарықтарда пайда болатын уақытша тапшылық еуропалық тауарлар бағасының өсуіне алып келеді.

Ал ұзақ мерзімді перспективада елге тасымалдау құны қымбаттайды. ЕО елдерінен келетін импорттың 48 пайызын машина және құрылғылар құраса, 26 пайызын химиялық заттар құрайды. Сондай-ақ Қазақстан ЕО-ға тауарларын Ресей арқылы экспорттайды. Наурыздың басында-ақ біздің экспорттаушылар Ресейге салынған санкциялар салқынын сезініп үлгерді: Антверпен, Гамбург, Пиренеи, Роттердам порттары қазақстандық жүктерді қабылдаудан бас тартты. Өйткені біздің тауарлар Ресей порттары арқылы жеткізілген. ЕО-ның Ресейге жариялаған санкциялары ЕО мен Қазақстанның өзара сауда қатынасын қиындатып жатыр», деп мәлімдеді AERC сарапшылары.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Қазақ­стан тауарын экспорттайтын балама жолдар іздеуде және бұл ретте Латвияны ыңғайлы нұсқа ретінде қарастырып отыр. Қазірдің өзінде Вентспилс, Лиепая және Рига порттарымен алдын ала келісім бар көрінеді. Былайша айтқанда, Латвия рұқсатын беріп отыр, бірақ дәл қазір Ресей порттарында тұрған біздің жүктерді Балтық жағалауына бағыттау біраз уақыт алады.

Сонымен қатар сарапшылар теңге-дол­лар курсына қаңтарда болған ел ішін­дегі дүрбелең емес, Ресей мен Украина арасын­дағы соғыс қаттырақ әсер еткенін айтады.

«Бейтараптық ұстанымына байланысты және Қазақстанның халықаралық арена­да­ғы қақтығыстарды дипломатиялық жол­мен рет­теу­ді ұстанатын ел ретіндегі беделі арқылы тең­ге­нің долларға шаққан­дағы бағамы беларусь рубліне қарағанда азы­рақ әсер етті. USD/KZT ба­ғамы­ның өзгеруі Қазақ­стан экономикасы үшін сауда тәуекел­дерін көрсетеді, ал Бела­русь рублінің баға­мы қысым мен саяси тәуе­кел­дерге ұшы­рап отыр. Әлем локдаундардан әлі есін жиып үлгерген жоқ. Ресей мен Украина қақ­ты­ғысы сауда қатынастарының тепе-тең­дігін тағы да бұзып жіберді. Жеткізу тіз­бегінің бұзылуы кей нарықтарда тап­шы­лық туындатып жатыр. Мысалы, Түркия күн­ба­ғыс майы тапшылығымен бетпе-бет кел­ді. Бұл өнімді оларға негізінен Украина экс­порт­­тай­­тын. Санкцияларға жауап ретін­де Ре­сей­дің азық-түлік тауарларын сатуға шы­ғар­май қоюы ЕАЭО елдерінде қант тап­шы­­лығын күшейтіп жі­бер­ді. Украина мен Ресейдің әлемдегі жетекші би­дай тасы­мал­даушы елдер екенін ескерсек, бұл өнім­­нің де күрт қымбаттауы заңды. Ақпанмен салыс­тыр­ғанда наурызда бидай бағасы 20,7 пайызға өсіп кеткен. Мұндай тапшылықтар өз кезегінде инфляцияны тек күшейте түседі», дейді AERC.

Ақпанда Қазақстандағы инфляция 8,5-тен 8,7 пайызға дейін жылдамдады. 24 ақпанда Ұлттық банктің базалық ставканы 10,25-тен 13,5 пайызға көтергеніне қарамастан қымбатшылық өз дегенін жасады.

«Қазақстандағы еншілес ұйымдары ар­қылы долларды ресейлік компания­лар алып кетпес үшін Ұлттық банк доллар сатылымын шектеді. Біз қазір екі соғысты көріп отырмыз, бірі – Украинада, бірі – әлемдік экономикада. Қазір нақты нарық факторы өте аз, бәрі күтілімдерге құрылған», деген пайым айтады қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Жуырда Ресей мен Украина тарапы Түркияда жолығып, келіссөз жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, Ресей Киев пен Чернигов түбіндегі әскери белсенділігін азайтатын болды. Ал осыдан кейін салынған санкциялар күшін жоюы мүмкін бе? Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон атысты тоқтату туралы келісім санкцияларды алып тастау үшін жеткіліксіз деп мәлімдеді. «Путинге қысымды одан әрі экономикалық шаралар арқылы да, әскери көмек көрсету арқылы да күшейту керек», дейді ол. Санкцияға қатысты АҚШ позициясы да осыған жақын. Яғни жекелеген өңірлерде атысты тоқтату – санкцияны алып тастауға себеп емес. Бәлкім, соғыс толық тоқтағанда ғана Батыс шектеулерді қысқарту немесе әсерін азайту туралы ойлана жатар.

Дегенмен санкцияны алып тастау дегеннің өзі аса оңай нәрсе емес. Қысқа және ұзақ мерзімді перспективада шектеулердің Ресейге жеңіл тимесі анық болып отыр. Отандық сарапшылар соңғы күндердегі рубльдің күшеюін уақытша құбылыс деп бағалап, 1-2 айдан соң 1 рубль 2-3 теңге, тіпті 1 рубль 1 теңгеге теңесуі мүмкін деп болжам айтады. ЕО Ресейдің энергетикалық ресурсынан толықтай бас тартар болса, онда санкциялардың алыну ықималдылығы жойы­лады, болмаса тым азаяды.

Ресеймен тығыз сауда қатынасын құрған Қазақстан үшін де қазіргі сәт сынақ кезеңі. Санкцияның салдары ауыр болатынын Иран мысалынан анық байқауға болады. Олар соңғы 50 жыл бойы ауыр санкциялардың астында өмір сүріп келе жатыр. Әсіресе соңғы үш жылда мұнайы сыртқа экспортталмай, қатаң изоляцияға ұшырады. AERC сарапшыларының айтуынша, ел экономикасы 2 есе қысқарып, тұрғындары мардымсыз жалақымен күнелтуде, 2018-2021 жылдары орташа жылдық инфляция 35 пайызды құраған. Эмбаргоның енгізілуіне байланыс­ты мұнай өндірісі 2 есе азайды. Сәйкесінше, мұнайдан түсер табыс та еселеп қысқарды. Долларға қатысты реал курсы соңғы 10 жылда 214 есе құнсызданып кеткен.