Аймақтар • 05 Сәуір, 2022

Күнбағысты экспорттайды

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар-Оңтүстік стансасынан Қытайдың Ланьчжоу қаласына 1 400 тоннадан астам күнбағыс тиелген 54 контейнерлі пойыз жолға шықты. Бұл маңызды оқиға «Кедентранссервис» АҚ Пав­лодар облысы филиа­лы тарихының жаңа пара­ғын ашты. Пойыз толы­ғы­мен аталған мекеменің вагондарынан жасақталған.

Күнбағысты экспорттайды

ҚХР тарапынан COVID-19 пандемиясына байланысты шек­теулердің енгізілгеніне қа­ра­мастан қазақстандық экс­порт­­таушыларға жүктерді кон­тейнерлермен тасымалдау қо­лайлы әрі экономикалық тұр­ғы­дан тиімді болып отыр. Ең бас­тысы, жүктің барар жеріне дін аман жетуіне кепілдік мол. Тіпті теміржолдан түсірілген жүкті автомобиль немесе теңіз көлігі арқылы әуре-сарсаңсыз одан әрі тасымалдауға болады.

«Кедентранссервис» АҚ Пав­лодар облысы бойынша фи­лиа­­лы 2020 жылдан бері толығымен «Қазақстан темір жолы» АҚ еншілес кәсіпорны болып саналады. Филиал директоры Дәурен Асановтың айтуынша, өнімдерді контейнерлі пойызбен тасымалдау логистикалық шығындарды барынша азайтып, жол жүру уақытын едәуір қысқартады. Мәселен, Қытайға бағыт алған бұл пойыз 7 тәулік ішінде діттеген жерге жетпек. Алдағы уақытта аталған бағыт бойынша пойыздар ай сайын жөнелтіліп тұрмақ.

Экспортталған күнбағыс – павлодарлық шаруалардың өнімдері. Белгілі болғандай, жыл сайын өңірде шамамен 110 мың тонна күнбағыс жиналады екен. Облыс тұрғындарының өсімдік майына деген сұранысы жылына 9 100 тоннаны құрайды. Кісі басына шаққанда әр адам жылына 12 литр өсімдік ма­йын тұтынады. Өңірде қайта өң­деу саласы ақсап тұрғандық­тан өнімнің басым бөлігі өзге аймақтарға жөнелтілетінін атап өткен жөн.

 

Павлодар облысы