Кеше БҰҰ-ның Астанадағы офисінде осы Ұйымның Дін мен сенім бостандығы бойынша арнайы баяндамашысы Хайнер Билефельдт журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
2010 жылдың 1 тамызынан бері БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы болып тағайындалған сарапшы, профессор Хайнер Билефельдт елімізде наурыздың 25-інен сәуірдің 5-іне дейінгі аралықта Алматы, Қарағанды, Астана қалаларындағы түрлі діни бірлестіктердің өкілдерімен, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен жүздесіп, сапары аяқталар сәтінде журналистермен басқосуды ұйғарыпты.
– Қазақстан Үкіметінің шақыртуы бойынша келдім, мен де және менің командам да қазақстандықтардың бізді өте жылы рәуіште қарсы алған, қонақжай пейіліне ризашылығымызды білдіреміз,– деп сөз бастады сарапшы. – Мұны баяндаманың түбегейлі қорытылмаған, алдын ала нұсқасы деп қабылдағандарыңыз жөн, келешекте сапардан түйген ойлар мен жинақталған материалдар тыңғылықты зерделеуден өтіп барып, тек жылдың аяғында ғана нақтысы БҰҰ-ға тапсырылады.
Осылай деген Хайнер Билефельдт Қазақстандағы дін мен сенім бостандығына қатысты өз пайымы бойынша мән берілуге тиісті мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы – қазақ қоғамындағы плюрализм мен діни сенімге деген төзімділік көрсету, халықтың ешкімді де сыртқа теппейтін меймандостық қасиеті. Бұл – елдің сонау тарих қойнауынан жоғалтпай алып келе жатқан ерекшелігі, ол жайында менімен жолыққан қай діннің де өкілі айтты. Бүгінгі күні Қазақстанда өте көп діни конфессиялар өмір сүруде, ал дінаралық келісім қашаннан бері бейбіт қарым-қатынастарда өрбуде. Ел тарихында діни қақтығыс орын алып көрген жоқ, ал көрші жұрттарыңызды алып қарағанда, олай деп айта алмаймыз. Алайда, мұны тек өзінен өзі осылай болып жатқан іс деп қарауға болмайды. Бұл – Қазақстан халқының ірі жетістігі. Әрі осы ретте мемлекет тарапынан көп жұмыстар атқарылып жүргенін айтқан жөн, деп бағасын берген сарапшы әрі қарайғы ойын жалғастыра келе, дегенмен, Дін істері агенттігі жүргізген сауалдамада халықтың бұрыннан келе жатқан дәстүрлі ислам, православие, католик сынды діндерге деген көзқарастары оң да, ал жаңадан пайда болып, енді тіркелгендеріне деген пікірлері жақсы емес екендігін көрсеткенін айтып өтті.
Екіншіден, ел Конституциясында көрсетілген зайырлылық мәселесі. Ол бойынша мемлекет қайсыбір дінге қолдау көрсетпейді және діни сенім бойынша ешкімді қудаламайды. Әлеуметтік зерттеулер мұны халықтың да қолдайтынын білдіреді. Десек те, зайырлы мемлекетте де дін белгілі бір рөл атқара алады. Сол себептен де, зайырлы мемлекет өз ұстанымын алға шығара отырып, қоғамның ашықтығын қамтамасыз етіп, ірілі-ұсақты діни бірлестіктердің өмір сүрулеріне әсер ете алады, деген сарапшы шектен тыс еркіндіктің зияны төңірегінде ой өрбітті. Діни сенім дегеннің өзі шексіз құқық емес. Ендеше, оның шекарасы қалай белгіленуі тиіс? – деп сауал тастай отыра, баяндамашы еркіндік тым шексіз болмауы тиіс, дегенмен, еркіндікке салынатын шектеудің де шегі болуы қажет, деді. Ал мемлекет тарапынан қойылатын шектеулер легитимді және қандай бір төзбеушіліктен аулақ болғаны жөн.
Әрі қарай елімізде осы салаға қатысты қабылданған заң жайындағы ойларымен бөлісті. Сарапшының айтуынша, діни бірлестіктерді тіркеу ақылға қонымды іс емес. Өйткені, адамның наным-сенімі ешқандай да бір биліктің, үкіметтің тарапынан тіркеуге мұқтаж емес. Сондықтан, мемлекет тіркеу жөнінде тек ұсыныс жасаумен ғана шектелуі тиіс, ал тіркелу-тіркелмеу діни бірлестіктің өз шаруасы. Бұл жерде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі діндердің өз жұмыстарын жүргізулеріне ешқандай кедергілер жоқтығын, керісінше, дәстүрлі емес діндердің басындағы қиындықтарды айтуға тиіспін, деген сарапшы заң бойынша мұндай бірлестіктің белгілі бір аумақта ғана өмір сүруіне тіркеу жүргізілгені ақылға сыймайды, сондықтан, біз осындай шектеулерді келешекте алып тастау қажеттігі турасында ұсыным жасайтын боламыз, деді.
Сарапшы мәслихат барысында миссионерлік жұмыстың жүргізілуі, діни экстремизмге қарсы төзімсіздік, мектептерде дәстүрлі діндермен таныстыру мақсатында жүргізілетін сабақтар, қоғамның діни сауаттылығы бойынша ойларын ортаға салды. Мұнан соң журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин сарапшы тарапынан айтылған ойлардың барлығы екшеліп, зерделенетінін, ал мемлекет тарапынан діни бостандықтың заңдық негізі барлығын атап айтты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».