Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.
Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілді.
Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды.
Бюджет шығыстарын ұлғайту көздері мыналар болып табылады:
- Бюджеттің өз кірістері - 1,1 трлн теңге;
- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту - 1,6 трлн теңге.
«Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталатын болады. Атап айтқанда, жалпы шығыны 197 млрд теңге болатын халықтың табысын арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру. Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етіледі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберіндегі іс-шараларға - 238 млрд теңге. Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталатын болады», деді Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар өңірлерді дамытуға да 476 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл шығындардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған.
Тұтастай алғанда, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн-нан астам теңге немесе жалпы шығыстардың 29,3%-ы бағытталатын болады.
«Қосымша қаражат шеңберінде инфляция бойынша дәліздің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 млрд теңгеден асады», деп қосты Ерұлан Жамаубаев.