Аймақтар • 05 Сәуір, 2022

Тергеу тобы әділдік танытса екен

619 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Айдың күннің аманында ұлынан айырылып қалған әкенің тілегі бұл. Өткен айда «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына Үржар ауданына қарасты Ақшоқы ауылының тұрғыны Бекен Нұрқанов баласының өліміне байланысты тергеу әділ жүрсе деген мақсатпен хат жолдапты. Баласы Нұрым Нұрқановты 20 қаңтар күні Бақты ауылына кіреберісте атып кеткен екен. Оқиға түсінікті болуы үшін әділдік іздеген әкенің хатын ықшамдап, оқырманға ұсынайық.

Тергеу тобы әділдік танытса екен

Коллаждарды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қаңтардың 20-сы күні түстен кейін ұлым Нұрым Нұрқанов, досы Асылбек Тленов және жездесі Қызырбек Қарлыбаев Алматы қаласынан Үржар ауданының Бақты ауылына жолға шығады. Алматы мен Бақты ауылының арасы шамамен 900 шақырымға жуық. Сөйтіп, Бақтыға 20 км жер қалғанда, иен далада, түнгі сағат 1-лер шамасында белгісіз біреулер үшеу мінген көлікті тоқтатады. Түн ортасы. Қазақстанда төтенше жағдай режімі енді ғана алынып жатқандықтан, көлікті тоқтатуға батылы бармайды. Алайда белгісіз азаматтар артынан лезде қуып, фарларын жағып-өшіріп тоқтатады. Сөйтсе, Бақты ауылының жігіттері екен. Бір-бірін сол жерде таниды. Балам «мен асығыс едім, көлігімде досым бар, Бақты ауылында сөйлесейік» деп жүріп кетеді. Тоқтатқан жігіт жерлесіміз А. есімді азамат екен. Ол іле-шала артынан жүріп отырады да, Бақты ауылының жігіттеріне ұялы телефонмен хабарласып, күтіп алу керектігін айтқан көрінеді. Бақты ауылына кіре берісте үш бірдей жеңіл көлік жолға көлденеңнен тұрып, жүргізбей қояды. Сол жерде А. есімді азамат мылтықпен атады. Бірінші атылған оқ асфальтқа тиіп, ұшқын шығыпты. Екінші оқ аяғына тиіп, ұлым сол жерде құлайды. Сол жерден Мақаншы ауылының ауруханасына жеткенше, көп қан жоғалтып, қайтыс болды.

Сондағы менің ұлыма тағылған айып «мен тоқтатқанда, сен неге тоқтамадың» дегеннің төңірегінде. Оқиға орнынан барлық жігіттер қашып кетеді. Бірнеше сағаттан кейін полиция келіп, төрт азаматты тергеу абақтысына қамайды. Ертеңінде қару ұстаған азамат та ұсталып, тергеу абақтысына қамалады. Кінәсін мойындаған көрінеді. Ал қалған төрт жігіт «біз тек куәміз» деп тергеуге барып-қайтып жүр екен.

Ұлымның артында жары, екі баласы қалды. Қызы бес жастан асса, ұлы үш-ақ жаста. Ал күдікті азаматтың осы уақытқа дейінгі істегені аз емес. Осыдан 7-8 жыл бұрын Ақшоқы ауылына үш-төрт жеңіл көлікпен келіп, ауылдың бірнеше жігітін соққыға жығып кеткен. Мылтық атып, қорқытқан. 2021 жылы Алакөл жазғы демалыс аймағында бір жігітті аяғынан атып, жаралайды. Тізе берсең, А. есімді азаматтың тентектігі көп.

Балам Нұрым Нұрқанов болса осыдан үш жыл бұрын «Нұр Көркем» жеке кәсіпкерлігін ашып, Алакөл жазғы демалыс аймағын көркемдеу жұмыстарын жүргізуге атсалысқан. Одан бөлек кө­ше­лерге шам тарту, дүкендерге бей­не­бақылау камерасын орнату, ауыл­дардың кіреберісіне қақпа жасау секілді жұмыстармен айналысқан. Жол жөн­деу саласында да жұмыс істеген. Иә, баламның еңбегін ауылдастары біледі.

Достары мен ауылдастарының ұлы­ма деген құрметін жерлеу рәсімінде көр­дік. Бес шақырым жердегі зират басына достары жаяу көтеріп апарды. Сол мезгілде жаназаға келген жамағаттың оқ атқан азаматтарға деген ашу-ызасын көрдік, тоқтау салдық. Осыдан-ақ баламның беделін, сыйлы болғанын байқауға болады. Мұның бәрі жетпіске келген маған да, алпыстан асқан анасына да, екі баласымен қалған жарына да, апайы мен бауырларына да оңай емес. Көз жасымыз құрғаған жоқ.

Ендігі ойымыз, осы ұйымдасқан кү­дікті азаматтарға қатысты тергеу әділ жүріп, сот үкімі тиісті жаза­сын та­­ға­йын­даса деген тілек қана. «Egemen Qazaqstan» газетінің редакция­сы тер­геу­­дің заң аясында жүріп жат­қандығын және сот процесін назарда ұстап отырса екен дейміз».

Хат соңында оқырманымыз Бекен Нұрқанов деп аты-жөнін, телефон нөмірін қалдырыпты. Хабарласып, мән-жайды ауызша тағы бір мәрте анықтап сұрадық. Сөйтсек, көлікте бірге болған Нұрымның жездесі Қызырбек Қарлыбаев жуықта өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болыпты. Айтуынша, қалтасынан үш адамның аты-жөні жазылған қағаз табылған екен.

Біз өз тарапымыздан осы оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облысы Полиция басқармасына ресми сұрау хат жолдадық. Полиция басқармасы бастығының орынбасары Т.Шаяхметовтің мәліметінше, Үржар ауданында болған Н.Нұрқановтың өліміне байланысты Тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағы (бұзақылық ниетпен жасалған адам өлтіру) бойынша №226364031000023 қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалған. Сондай-ақ Қылмыстық процестік кодекстің 24-бабының талаптарына сәйкес істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуге бағытталған жедел-тергеу амалдары қолға алынған. Жүргізілген сараптамалар мен тергеу әрекеттерінің қорытындысына сәйкес қылмысқа қатысы бар барлық күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялауға жатпайды.

Айта кетсек, Үржар ауданында адам өлімімен байланысты қылмыстар аз емес. Естеріңізде болса, 2020 жылы Мақаншыдағы полиция бөлімінде 33 жастағы Азамат Оразалының қазасы көпшіктің есінде. Статистикалық деректерге көз салсақ, 2021 жылдың қаң­тарынан бастап осы уақытқа дейін Үржар ауданында адам өлімімен байланысты 7 қылмыстық іс тіркелген екен. Биыл қаңтар айында қару асынған азаматтар Үржардағы мейрамханалардың біріне кіріп, оқ атқанын да білеміз. Осы орайда ойға оралатын сұрақ – қазақы ауданда тентектерді тезге салатын тәрбие тетігі жоқ па?

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы