Суретті түсірген Валерий Бугаев
Ертіс ауданының облыстың экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор. Өңірдегі егіс алқабының үштен бірі осы ауданға тиесілі. Жалғыз облыс тұрғындарын ғана емес, отандық нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етіп жүргені рас. Содан болар, бұл жақтың адамдары да батыл сөйлейді. Жеке бастың қамын күйттемей, ауданға ортақ проблемаларды ортаға салады. Бұған облыс әкімімен болған кездесуде көз жеткіздік.
Аудан орталығында өткен кездесуге дейін облыстық басқармалардың басшылары шалғайдағы елді мекендерге барып, тұрғындармен жүздесіпті. 27 ауылда болған кездесуде жұртшылық 67 сауал жолдапты. Көбіне ауыз су, жол, жер мәселесі көтерілген. Аудан орталығында ұйымдастырылған жиында да әр ауылдан қатысқан тұрғындар сұрақтарын қарша боратты. Жаңа форматта өткен кездесудің ерекшелігі сол, бұрынғыдай ұзаққа созылатын баяндама жасалған жоқ. «Сұрақ-жауап» деген қағидамен басталып, аяқталды. Тұрғындарға керегі де сол еді.
Олар соңғы жылдары сапалы жол мәселесі жүйелі шешіліп жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуына сенім білдірді. Қуантарлығы, соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төселуде. Былтыр Ағашорын және Ынтымақ ауылдарына кіреберіс жолдар асфальтталған. Биыл Ленино, Қызылағаш және Бұланбай ауылдарына апаратын жолдарды жөндеуге қаражат сұралмақ. Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр. Сондай-ақ биыл Панфилов және Бестөбе ауылдары арасындағы отыз шақырым жол жөнделмек. Аудан орталығынан Ертіс стансасына дейінгі жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аудандық маңызы бар жолдардың сапасы да басты назарда. Өткен жылы Голубовка – Қызылқақ, Сілеті – Қызылағаш, Иса Байзақов – Майқоңыр ауылдары арасындағы 26 км-ден астам жол жаңарыпты.
Бірқатар тұрғын ұялы байланыс мәселесін көтерді. Аудан бойынша 4 ауылда байланыс дұрыс жұмыс істемесе, 1 ауылда мүлдем жоқ екен. Былтыр 5 ауылда ұялы байланыс реттелді. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Қосағаш ауылындағы байланысты жақсарту үшін құзырлы органдар арқылы құжаттама жұмыстарын тездетуге тырысатынын айтты.
Ауданда сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98 пайызды құрайды. 27 ауылдың он алтысында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бар. Десе де, жиын барысында Ұзынсу ауылының тұрғындары сапалы суға жарымай жүргендерін жеткізді. Аудан әкімі Аян Бейсекин Қызылқақ, Қосағаш және Ұзынсу ауылдарына орталықтандырылған су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім бергенін айтты. Су құбырын тарту бөлек, тариф мәселесі бір басқа. Ағашорын ауылының тұрғыны Бекбай Абдраисов ауылдастары судың текше метрі үшін 244 теңге төлейтінін, бұл сома өзге ауылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін жеткізді. «Орталықтандырылған су құбыры бар ауылдарға субсидия бөлу мәселесін орталық деңгейде шешу қажет. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйесіне күтім жасайтын кәсіпорынды бекіту ісін естен шығармаған жөн», деді Ә.Сқақов.
Жергілікті тұрғын Тимофей Евтушенко шалғындар мен қайың шоқыларының сақталуына алаңдаушылық білдірді. «Әлі күнге дейін қайың шоқыларын арнайы реестрге енгізуге қол жеткізе алмадық. Қараусыз болғандықтан ағаштарды кез келген адам кесіп, отынға пайдалануда», деді қария. Аймақ басшысы: «Біз орман қоры ретінде қайың шоқыларын қорғауды бекіту үшін Экология министрлігі мен Мәжіліске жүгінеміз. Ормандар экологиялық жүйенің халыққа тиесілі бөлігі және біз оны болашақ ұрпаққа бұзылмаған күйінде тапсыруымыз керек», деп жауап берді.
Облыс әкімі шалғай жатқан Северное ауылының тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық көңілде жүрген ұсыныс-тілектерін жайып салды. Жиында жолды асфальттау, мал азығын әзірлеу, мектепті жөндеу сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Кейін аймақ басшысы ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен жүздесті. Жергілікті шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына дайындалып жатқанын, десе де бірқатар кедергі бар екенін жасырмады. «Абай атындағы» ЖШС директоры Николай Миллер Ресейдің Омбы өңірінен жеткізілуі тиіс тұқымның шекарадан өте алмай тұрғанын айтты. Ақысын төлеп қойған. Серіктестік директоры аймақ басшысынан тұқым жеткізу мәселесін шешуге көмектесуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде шешілгенін және Павлодар облысына жеткізу бойынша қиындықтар болмайтынына сендірді. Облыс әкімі шаруаларға бұл жағдайдан сабақ алуға шақырды. Шекаралас аймақтан әкелінетін тұқымдарға өз елімізде балама іздеу керек екенін еске салды.
Өңір басшысы Ертіс ауданының жастарымен де кездесіп, олармен бірге волейбол ойнады. «Біздің басты міндетіміз – балаларды бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға тарту. Жас кезінен спортпен шұғылдану иммунитетті нығайтып, өміршеңдікті сақтауға мүмкіндік береді», деп жастарды уақытты тиімді пайдалануға шақырды.
Облыс әкімінің Ертіс ауданына жасаған екі күндік сапары тұрғындарға да, атқарушы билікке де тиімді болғаны сөзсіз. Халық ойындағы өтінішін еркін айтуға мүмкіндік алса, құзырлы орган мамандарына жұмыс жоспарын түзуге жол ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырған болатын. Бұл ретте жаңа форматтағы кездесу жаңашылдыққа жол бастағаны анық. Алдағы уақытта мұндай кездесулер өзге аудандарда да ұйымдастырылмақ.
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы