Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Оның ішінде қырыққабат 11 пайызға, пияз 9,3 пайызға, картоп 4,7 пайызға, сәбіз 3,3 пайызға және жұмыртқа 1,7 пайызға көтерілген екен. Ал дәл осы тұста ішкі нарықта «қант дағдарысы» туып кете жаздағаны белгілі. Өкініштісі, соңғы 2-3 аптада қант саудасымен айналысатын делдалдардың бағаны 40 пайызға дейін қасақана көтергені анықталған. Сонда жыл басында шамамен 235 теңгеден сатылған қанттың әр килосы 587,5 теңгеге бірден өскен болып шығады. Көңілге медет болары, Үкімет елде қант жеткілікті деген ұстанымда.
Алайда ол ұзаққа бармайтын сияқты. Яғни қордағы қанттың түбі көріне бастаған сыңайлы. Өйткені, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейінгі жетіспеушілік 45 мың тоннаны құрайды. Енді Үкімет бұл мәселені импортқа квота бөлу арқылы шешпек. Яғни, сыртқы өнімге деген тәуелділік өседі. Ал өзіміз өндірген қант сыртқа шықпайды.
– Қазіргі уақытта министрлік 126 мың тонна қант пен құрақ қант шикізатын бажсыз әкелуге квота берді. Квотаның қалған бөлігіне өтінімдер қабылдауды жүзеге асырып жатыр. Бұл 124 мың тонна шамасында. Ал қант экспортына тыйым салуды енгізуге бастама жасалды, қантты бажсыз әкелуді квоталау жөніндегі ұстанымдарға өзгерістер енгізіледі. Яғни тасымалдаушылар тауарды тұтынушыға тікелей сату мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте қантты әкелуге рұқсат беру тәртібін енгізу, баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша ақ қант пен шикі қантты импорттауға және өткізуге қосылған құн салығын нөлге келтіру, сондай-ақ зауыттарды толық жүктеу үшін егіс алаңдары мен қант қызылшасының жалпы жинағын ұлғайту ұсынылады, – деген болатын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Министр бұл сөзін жақында Алматы облысына келген жұмыс сапарында тағы да қайталап айтты. Е.Қарашөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қазіргі жағдайымен, атап айтқанда, қант өндірісінің бүгінгі ахуалымен танысты. Жалпы, ішкі нарықтағы қант тапшылығын болдырмаудың жолын іздеген Үкімет өзіміздің өндірісті қолдаудың барлық мүмкіндігін қарастырып-ақ жатыр. Жетісулық қант қызылшасын өсірушілер мен жергілікті өндірушілермен кездесу барысында ведомство басшысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндап, саланы тиімді дамыту үшін «Қант өндіру тұжырымдамасы» дайындалғанын айтты. Онда қант қызылшасын өсіретін өңірлердегі диқандардың ұсыныстары ескеріледі.
– Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 309 млрд теңге субсидия бағытталады. Қосымша қаржы бөлу қарастырылып жатыр. Қазір бізге қант өндірісін дамытуға не кедергі болып тұрғанын анықтау керек. Ауыспалы егісті, су ресурстарын, заманауи агротехнологияны дамыту мен енгізуді есепке ала отырып, алқапты кеңейтудің нақты көрсеткіштерін есептеуіміз қажет. Бұл үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс істеп, саланы дамытуды қолға алу керек. Осы сапарымның нәтижесі ретінде сіздер айтқан ұсыныс «Қант өндіру тұжырымдамасын» дайындау барысында ескерілетін болады, – деді министр.
Ал кездесуге қатысқан шаруалар қант қызылшасын өсірудегі негізгі мәселе зауыттардың шикізатты төмен бағада сатып алуында болып отырғанын айтты. Шикізаттың қазіргі болжалды құнының 1 килосына 27 теңге деп белгіленуі шаруаларды қанағаттандырмайды. Олар бұл бағаның 35 теңгеге дейін көтерілгенін қалайды. Сонда ғана лайықты табыс тауып, техникаға да, заманауи суару құралдарына да қаржы салуға болады. Дегенмен бұл мәселені егіс науқаны басталғанға дейін шешкен жөн дейді олар.
– Біз айналысатын салалар бірін-бірі толықтырады. Жылына 3 200 тонна ұн, 160 тонна макарон өнімдерін, 190 тонна жарма, 40 тонна жартылай дайын өнімдер, 15 тонна шұжық, сол сияқты нан өнімдерін шығарамыз. Біздің цехтарымыз шағын, өзіміз өсіретін өнім көлеміне лайықталған. Қысқаша айтқанда, түйінделген өндірістік цикл. Қазір сүт өңдеуді ойластырып жатырмыз. Мысалы, өткен жылы 4 500 тонна сүт өндірдік. Әзірге оны толығымен «Фудмастер» компаниясына өткізіп отырмыз. Бізде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Қант қызылшасын өсірумен бұрыннан айналысамыз. Сондықтан бұл бағыттың дамуына біз де бейжай қарамаймыз. Мемлекет қолдау көрсетсе, саланы одан әрі дамытуға атсалысамыз, – дейді Ескелді ауданындағы «Хильничено и К» серіктестігінің басшысы Александр Хильниченко.
Биыл өңірдегі аграрлық саланың жалпы өнімі 1 060,7 млрд теңге болады деп күтілуде. Яғни өсім деңгейі 1,5 пайыз болмақ. Бұл ретте егістік көлемі 974 мың гектардан асқан, оның ішінде қант қызылшасының алқабы 6,2 мың гектарға көбейген. Жалпы, қант қызылшасын дамыту жоспарына сәйкес аймақтағы тәтті түбір өсетін алаң жыл сайын ұлғайтылып, 2025 жылға қарай 11,2 мың гектар болады. Ал облыстағы қант өндірісінің көлемі 175 мың тонна, бұл елдің қантқа деген сұранысының 35 пайызын өтейді.
Қазір аймақтағы қант өндірісі қызылшадан да, қамыстан да өнім өңдеп, өндіруде. Атап айтқанда, былтыр Көксу қант зауыты қамыс қантын өндіретін желіні іске қосқан болатын. Биылдан бастап Ақсу қант зауыты да қамыстан қант шығаруға кіріспек. Бұл кәсіпорын жергілікті жердің өңделетін шикізаты қажетті көлемге жеткенше 2025 жылға дейін тек осы дақылға маманданатын болады. Осы мақсатта болашақта кәсіпорынға жергілікті диқандармен қатар тәтті түбір өсіруге жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Әзірге Көксу қант зауытының басшылығы шалғай аудандардан кәсіпорынға жеткізілетін шикізаттың тасымалы үшін шаруашылықтарды субсидиялайтын болады. Бүгінде Ақсу қант зауытының өңдеу қуаты – 550 мың тонна. Өндірісті қайта жаңғыртуға 14,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал Көксу қант зауытының жобалық қуаты – 250 мың тонна, оған да инвестордың 4,5 млрд теңге жеке қаражаты құйылған.
– Қант қызылшасы – маңызды дақыл. Дегенмен өсіру қиын болғандықтан, мол өнім алу оңай емес. Сондықтан шаруалар техникалық тұрғыдан жарақтанып, табыс табуы үшін шикізатты сатып алу құнын дұрыс белгілеуіміз керек. Біз өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ Үкімет тарапынан ұсынылған тұжырымдаманы талқылауға ірі шаруашылықтар ғана емес, ұсақ шаруа қожалықтары иелерінің де қатысуы маңызды. Сол сияқты суару суының тарифі, суару каналдарын тазалау мен жаңғырту, ылғал сақтау технологиясын дамыту, ауыспалы егісті сақтау, техниканың дайындығы мәселелері де назардан тыс қалмауға тиіс. Жалпы, жұмыла жұмыс істесек, ішкі нарықты қантпен қамтуға мүмкіндігіміз жетеді. Мәселен, өткен жылы сұраныстың 42 пайызын біз ішкі өндіріс есебінен толтырдық. Дүрлігуге биыл да ешқандай себеп жоқ. Қантпен қамту жағдайы бақылауда тұр, – деп сендірді жетісулық диқандармен кездесуде министр Е.Қарашөкеев.
Алматы облысы