Аймақтар • 06 Сәуір, 2022

Қарғын судың құрсауында қалды

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Аманкелді ауылы мен Қабырға ауылдық округін жалғап жатқан күре жолды тасқын су жырып кетіп, Қабырға ауылы қарғын судың құрсауында қалды. Аманкелді аудандық прокуратурасының мәліметінше, жол қатынасы үзіліп қалған елді мекенде 282 тұрғын, 33 үй бар.

Қарғын судың құрсауында қалды

Ауыл тұрғындарын аудан ор­талығымен байланыстыратын жал­ғыз жолдың үстін телегей теңізге ай­налдырып жіберген қарқыны жаман қызыл судың тереңдігі 50-60 сантиметрге дейін жетеді. Жол бойындағы қатерлі аумақта болып жатқан табиғи апат төртінші сәуір күні әлеуметтік желіге тарап кеткен видеода баяндалған:

– Жылда айтамыз. Бірақ мұны қарап жатқан аудан әкімі де, ауыл әкімі де жоқ. Не әрі, не бері өте алмай тұрмыз. Көліктің ішінде қаншама кішкентай балалар отыр. Ертең ауылдан біреу ауыра қалса, не болады? Мұны ауданның басшылары біледі. Анау «Уаз»-дың іші толған адам. Қайда барарымызды білмей тұрмыз, – дейді видеоны таратқан жолаушы.

Қабырға ауылдық округінің әкімі Серік Байкеновтың айтуынша, 2017 жылы қатты су тасқыны болып, дәл осы жерді 5-6 жерден құ­быр­ларымен қоса ағызып жырып кеткен. Кейін ол жердің құбырлары ор­нына қайтадан орнатылып, үстіне қиыр­шық тас төселіпті.

– Басқа жерден тағы жырылып кетпеу үшін көлемі 2-3 шақырымдай жолға су өтіп кете­тіндей етіп грейдер төсеп қойғанбыз. Қазір қарғын су сол грейдердің үстімен жүріп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеода екі жол белгісі тұр, көрдіңіздер ме? Негізі ол жерді су жырмаған. Қызыл су сол су өтуге арналған өткелдің үстінен өтіп жатыр. Бірақ биыл қардың суы мол. Кезінде басшылық қызметтерде болған көпті көрген үлкен кісілердің өздері бұрын-соңды мұндай су тасқыны болып көрген жоқ деп отыр. Қарғын судың қатты тасығаны сондай, өткелге қойылған құбырлар суды өткізіп үлгере алмай жатыр. Бүкіл су қырдан келеді ғой. Бұл енді табиғаттың тосын құбылысы. Міне, қазір грейдерді жағалап, ат үстінде кетіп барамын. Бө­лімшелерді аралап шығу керек. Өйткені көлік қатынасы үзілді, машина жүре алмайды. Тасып жатқаны – Қандықара, Талдықара деген қырдың суы. 2 сәуірде бірінші сайдан су келе бастағанда-ақ дабыл қағып, жұртқа ескерттім. Ертесінде Кемердің сайынан су жүріп кетті. Сол күні өзіміздің «Ауылдастар» деген чатымызға «Аманкелдімен екі арада қатынас тоқтайды. Сондықтан әрі-бері қарай шығып кетіп жүрмеңіздер, апатты жағдайға душар боласыздар, жол жоқ» деп жазып жібердім. Кейбір тұрғындар соны тыңдамай, елемей шығып кетіп, жолда қалып қиындыққа тап болып жатыр. Абырой болғанда, Кемер деген бөлімшедегі азаматтар батпаққа батқан көліктерді трактормен тартып шығарып алуда. Бұрын су тасығанда бір жетіден кейін өткел беріп, трактор, асты биік «Уаз», «Газ-66» сияқты ауыр техникалар өтетін. Ал биыл жолдың қашан ашылатыны белгісіз. Судың арыны өте қатты. Сағат сайын өсіп жатыр. Ана жерге он техника әкеліп бөгесе де дәл қазір оған күштері жетпейді, – деді әкім.

Жергілікті төтенше жағдай қызметі өкілдерінің айтуынша, су тасқынына дайындық барысында ауылдық округке қарасты Қабырға, Жаңатай, Алакөл ауылының тұрғындарына ерте көктемде келетін қауіпті кезеңге алдын ала қамданудың маңызды екені түсіндіріліп, алдын-ала жеткілікті мөлшерде азық-түлік жеткізілген. Елді мекендер мен мал жайылымына су тасқынынан қауіп жоқ.

Қазір су тасып жатқан қауіп­ті аумақта арнайы бақылау беке­ті жасақталып, 2 техника, жергілікті атқарушы орган өкіл­дері мен аудандық полиция, тө­тенше жағ­дай бөлімдерінің қыз­мет­керлері күні-түні кезекші­лікте тұр.

 

Қостанай облысы,

Аманкелді ауданы