Қазақстан • 06 Сәуір, 2022

Қоныс аударушылардың баспана «жыры»

4922 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі алмағайып заманда көршілес алпауыт елдің кең-байтақ жеріміздің солтүстік бөлігіне көз алартқан кей­бір саясаткерсымақтарының «сан­ды­рақ­та­рын» естіген сайын теріскей жақтан ызғар ескендей ытырынып, қазекемнің баяғыда-ақ сақтық қыла айтқан «Бос жатқан жер жау шақырады» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі.

Қоныс аударушылардың баспана «жыры»

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласындағы: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұр­ғындарының солтүстік және шығыс ай­мақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген астарында атан түйеге жүк боларлық терең мағына жатқан пайымы да ойға оралады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тәуелсіздік жылдарында біршама іс тындырылғанымен, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары санының жылдан-жылға кему үрдісі әлі тыйылмағандығы алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Әсіресе ел өңірлерінің ішінде тұрғындарының саны ең аз болып отырған Солтүстік Қа­зақстанның – «Қазақстанның солтүстік қақ­пасының» тым осалдығы – көкірегі ояу, көзі ашық азаматтардың қайсысын болсын ойландырарлық жағдай. Рас, бұл астықты аймаққа кейінгі жылдары мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын кешенді шаралар қолға алынды. Бірақ олардың нә­ти­жесі әзірге көңіл көншітпейді. Мәселен, жұмыс күші артық оңтүстік және батыс өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына енгізілген алты облыстың ішінде тек Солтүстік Қазақстанда ғана 2019 жылдан бері қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз етудің қа­нат­қақты жобасы іске асырылып жатыр. Алайда «тендер» дегенді «жеңдер» деп қағыс еститін кейбір шенеуніктердің тарапынан жол берілген «бақылаусыздықтың», «өз қызметіне салғырт қараушылықтың» салдарынан бұл игі бастама қоныс аударушы ағайындардың бәрін бірдей қуантпай, «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кебін кигендей болып тұр.

Нақты айтсақ, Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті былтыр жүргізген тексерістің нәтижесінде, солтүстікқазақстандық шенеу­ніктер жоғары жаққа берген ақпарда 2019-2020 жылдары қоныс аударушылар үшін құрылыс ұйымдарынан 1 035 тұрғын үй сатып алынды деп көрсеткенмен, іс жүзінде 1 003 үй ғана сатып алынғаны, соның ішінде 385 үй немесе 38,4 пайызы қоныстандырылмағаны әшкереленген. Ал Жамбыл ауданының Құрылыс бөлімі былтыр жалпы сомасы 80 миллион теңгеге толық салынып болмаған, адам тұруға жарамайтын 10 үйді «көзжұмбайлықпен» сатып алған. Жаңадан салынған көптеген үйдің сапасының нашарлығын көрген қоныс аударушылар олардан бас тартқан. Кірген баспаналарының қыста салқындығын айтып, шағымданып жүрген ағайындар да аз емес.

Тоқ етерін айтсақ, Қызылжар өңіріне қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйлер салу жөніндегі қанатқақты жоба өзін ақтады деу қиын. Еліміздің құ­ры­лыс саласы әртүрлі қиындыққа тап бол­ған қазіргі жағдайда бұл жобаны одан әрі жалғастырудың орындылығы да күмән туғызады. Өйткені құрылыс ма­териалдарының қымбаттап кетуіне байланысты жеке тұрғын үйді былтырғыдай 8 миллион теңгеге салу неғайбіл. Сондықтан да қоныс аударушыларды тұрғынжаймен қамтамасыз етудің баламалы жүйесін қа­растырған жөн. Ол – қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді конкурс арқылы сатып алу. Айталық, СҚО-ның қазақтар қалың қоныстанған Уәлиханов ауданының орта­лы­ғы – Кішкенекөл ауылында қазір 70 шақты үй бос тұр. Өзге елді мекендерде де сатылатын баспана баршылық. Бұл тәсіл әлдеқайда арзанға түсері, әрі қоныс аударушылардың көңілінен шығары анық.