Аймақтар • 07 Сәуір, 2022

Жылыжайын жайылған су жайпап кетті

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығыста күн күрт жылып, бірқатар ауланы қар суы басып үлгерді. Бір жағынан қарғын су қауіп төндірсе, екінші жағынан тау арасындағы жолдарға көшкін түсіп жатыр. Дайындық жұмыстары жүргізілмеді емес, ақпан туа Төтенше жағдайлар департаменті дабыл қаға әзірлікке кіріскен. Қазіргі уақытта құзырлы органдар күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.

Жылыжайын жайылған су жайпап кетті

Өткен аптада Глубокое ауданы, Ертіс ауылдық округінде жылыжайды су алып, бақша иесінің қаңтардан бері өсірген жеміс-жидегін жоқ қылған. Тасыған су тұтқиылдан келгенде, бағбан төтеп бере алмаған. Ауыл ішін бойлай ағып, арыққа сыймаған су аулаларға түнгі сағат екіде кіріпті. Тілсіз жау кәсіпкердің жылыжайын ғана емес, бірнеше тұрғынның ауласын да астан-кестен етті. Кейбірі ауладан аттап баса алмай қалған. Ал жылыжайға жиналған судың деңгейі бір метрден асқан. Кәсіпкер Наталья Ивашкинаның айтуынша, шығын көлемі бірнеше миллион теңгеден асты. Оның үстіне, жеміс-жидектерін, көкөністерін ешқандай химиялық қоспасыз өсіріп келген еді.

– Біздің көкөніс таза табиғи өнім. Мейрамханалардың көбі тапсырыс беретін. Нұр-Сұлтан қаласына да апарып өткізетінбіз. Енді қайтеміз, білмеймін. Жылыжай іші бір-екі айсыз құрғамайды, – дейді шарасыз кәсіпкер.

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ауылды жылда су басады. Жыл са­йын судың жырын айтып, әкімдіктің есігін тоздырады. Алайда бұл жолы аудан басшылығы гастрономиялық аскөк өсірумен айналысатын кәсіпкер Наталья Ивашкинаға кәсібін қайта қалпына келтіріп, шығынды өтеу үшін «Даму» қайырымдылық қорынан қаражат бөлуге шешім қабылдады. Сонымен қатар тұрғындардың ауласына су кірмеуі үшін инертті материалдар дайындалған.

Қар күрт ерігендіктен өзендердің деңгейі көтерілуі де ықтимал. Осыған байланысты облыстың бірқатар ауданында су тасқыны жөнінде ескерту жарияланған. Мамандардың болжауынша, айдың ортасына қарай облыстың басым бөлігінде ауа температурасы түнде +1-ден +6-ға дейін, ал күндіз +21-ден +26-ға дейін көтерілуі мүмкін. Желдің екпінінен көшкін жүруі ықтимал аймақтарда көп қар жиналып қалған. Осыған байланысты «Қазселденқорғау» мамандары көшкін қаупі бар жеті учаскеде апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізді.

Мәселен, Катонқарағай ауда­нын­да­ғы Согорное – Барлық автожолының бойындағы бірнеше учаскеде тау бөктеріндегі қарды түсіру жұмыстары атқарылды. Жарылыстар нәтижесінде жалпы көлемі 25 980 текше метр ауыр қар етекке түсірілді.

– Жалпы, өңірде көшкін жүру қаупі бар кезең 15 қарашадан 15 сәуірге дейін созылады. Бүгінде біздің мамандар 104 алдын алу жұмыстарын жүргізіп, 128 490 текше метр қарды сыртқа шығарды. Автожолдарға қауіп төндіретін бет­кей­лер­ді қар жа­мыл­ғысынан арылт­тық. Қазір облыс­тың тағы бірнеше ауданында қар көшкіні қаупі сақталуда. Осы­ған байланысты апаттың алдын алу жұ­мыс­тарын жүргізіп жатырмыз, – дейді «Қазселденқорғау» облыс­тық филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Сондай-ақ құтқарушылар облыс тұрғындарын ұялы телефондарына келетін СМС-хабарламаларға құлақ асып, жол жүруде абай болуға шақырады. Облыстағы төтен­ше жағдайлар департаментінің қыз­мет­керлері өзендер мен су қой­ма­ларындағы жағдайды жіті бақы­лау­да. Күзде қауіпті кезеңге дайындық жұмыстарының бір бөлігін жүргізген болатын. Жуықта Ертіс, Үбі, Бұқтырма, Күршім өзендерінде 15 жарылыс ұйымдастырылды. Жер-жердегі өзен-көлдердің жағалаулары бекітіліп, арықтар мен су арналары, өзге де су өткізетін нысандар белсенді тазартылып жатыр. Бесқарағай, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарындағы кейбір ауылдарға төнген қауіп бар. Сондықтан аталған аудандардағы жағдай құзырлы органдардың назарында. Анықталғандай, қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар 500-ге жуық тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды қарғын судан аман алып қалуға мүмкіндік берді. Барлық қызмет жұ­мыл­дырылған, жеке құрам, техника, жанармай қоры, уақытша орналастыру бекеттері, сондай-ақ құм толтырылған қапшықтар сақадай сай.

Облыс әкімі аппаратының жұ­мыл­дыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембиновтің сөзіне сүйенсек, өңірде жоғары дайындық режімі енгізіліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізілуде. Қалалар мен аудандар әкімдіктері, құзырлы мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралар жос­парын іске асыруды жалғастыруда. Сәуірдің басындағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері тасқынға тосқын боларлық жоспарлы жұмыстарды аяқтауға жақын.

Соңғы мәліметке сүйенсек, облыста 399 мың текше метр қар шы­ға­рылып, 3 908 су өткізу нысаны, жалпы ұзындығы 588 шақырымды құрайтын арықтар мен арналар, 578 көпір қар мен қоқыс қалдықтарынан тазартылған. 104 мың қап, 6,7 мың тонна инертті материал және 690 тонна жанар-жағармай қоры әзірленген.

Облыстық ТЖД-ның төтенше жағ­дай­лардың алдын алу бас­қар­ма­сы­ның бастығы Алексей Штыкелдің айтуын­ша, қазіргі уақытта облыстағы қар жа­мыл­ғысының биіктігі кей жерлерде 137 сантиметрге дейін жетеді. Тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Мамандар қауіпті аймақтардағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауда.

 

Шығыс Қазақстан облысы