– Бақытжан Селмақұлы, сіз де Азияның клубтық чемпионаты Қазақстанда өтетіні жайындағы жаңалықты естігеніңізде қуанған боларсыз?
– Әрине, ғұлама ақын, ұлы ойшыл, данышпан Абай Құнанбайұлының туған жерінде сары құрлықтың ең үздік волейболшылары сайысқа түсетінін естігенде мен де қатты қуандым. Бұған дейін де дәл осы доданың Қазақстанда үш мәрте ұйымдастырылғаны белгілі. Анықтап айтсақ, ол бәсекелер 2004 жылы Алматыда және 2017 мен 2018 жылдары Өскеменде өтті. Алатау баурайында «Рахат» теңдессіз деп танылса, қалған жарыстарда жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Сол соңғы екі бәсекеде жіберген олқылықтың орнын жерлестеріміз Семейде толтырады деп үміттеніп отырмыз.
– Былтыр Таиландта «Алтай» қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Алдағы жарыста қатарынан екінші мәрте бас жүлдені олжалауға жерлестеріміздің мүмкіндігі бар ма?
– «Алтайдың» мықты команда екеніне еш шүбә келтірмеймін. Бірақ былтыр коронавирус індеті күллі әлемді әбігерге салғанда Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореяның волейболшылары аталған жарысқа қатысудан бас тартқанын естен шығармаған жөн. Осы жайттың өзінен-ақ Тай елінде бәсекелестік деңгейі төмен болғанын байқаймыз. Ал бұл жолы Қазақстанға бірқатар мықты ұжымдар келеді деп күтілуде. Сондықтан да Семейдегі жарыста топ жару өскемендіктерге оңайға соқпайтыны анық.
– Былтыр «Алтай» құрлықтың ең үздік командасы ретінде әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Алайда Анкарада көш соңында қалып қойдық. Ал жеңіс тұғырына тегістей еуропалықтар көтерілді. Осы жайт қарт құрлықтың өкілдері азиялықтарға қарағанда әлдеқайда алымды екенін аңғартып тұрғандай.
– Әлбетте! Жалпы 1991 жылдан бері әлем чемпионатының жалауы 14 мәрте желбіресе, соның үшеуінде ғана Оңтүстік Американың қыздары озды. Соңғы рет олар осыдан 10 жыл бұрын бас жүлдені олжалаған еді. Одан бұрын да және одан кейінгі жарыстарда да еуропалықтардың алдына ешкім түсе алмады. Анкарада да дәл сол жағдай қайталанды. Әсіресе бізге Түркияның «Вакыфбанк» пен Италияның «Имоко Воллей» арасындағы финалдық сайыс қатты ұнады. Сол ойынды тамсана тамашаладық. Бәсеке басынан аяғына дейін өте шиеленісті өтіп, таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Екі команданың ойыншылары да алаңда әр ұпай үшін жандарын салды. Азиядан келген команда мүшелерінің бойынан дәл осындай өжеттік пен табандылық байқалмады. Сонымен қоса, қарт құрлық өкілдерінің физикалық даярлықтары да өте күшті екені көзге ұрып тұрды.
– Қалай болғанда да клубтық жарыстарда біздің қыздар жақсы нәтиже көрсетіп жүргеніне ешкім дау айта алмас. Ал ұлттық командамыздың осы деңгейден көрінуіне не кедергі?
– Жекелеген клубтардың сапында легионерлер бар. Солар кейбір ұжымдарды өрге сүйреп жүр. Ал ұлттық командамыз елеулі табыстарға қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, өз өрендерімізді тәрбиелеуіміз керек. Сонда нәтиже болады.
– Еліміздегі ерлер волейболының деңгейі жайында не айтар едіңіз? Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары Алматының «Буревестнигі» КСРО чемпионы атанып, Еуропа чемпиондары кубогын екі мәрте олжалады. Тоқсаныншы жылдардың басында «Азамат» Азия біріншілігінде дара шықты. Жеңіспен өрілген сол дәстүр келешекте өз жалғасын табады деп ойлайсыз ба?
– Өте қиын сұрақ. Дәл осындай өгіз аяң жүріспен алдағы жылдары «Буревестник» немесе «Азаматтың» деңгейіне жетуіміз неғайбыл. Ол үшін әлі көп еңбектену керек.
– Расында да, соңғы жылдары Қазақстан волейболында ілгерілеу байқалмайды. Уақыт озған сайын алға жылжудың орнына кері кетіп барамыз. Сол тығырықтан шығудың жолын көріп тұрсыз ба?
– Басшылық пен бапкерлер тарапынан «отандық волейболды өрге сүйреймін» деген шынайы ниет болса, жағдайды түзеудің жолы көп. Ең бірінші кезекте, балалар мен жасөспірімдер және студенттер спортын жандандыруға баса назар аудару қажет. Ел-елде, жер-жерде үйірмелерді көптеп ашып, бұл іске білікті бапкерлер тартсақ игі. Екіншіден, материалдық-техникалық базаларды нығайту керек. Шыны керек, бұл жағынан ұяттымыз. Үшіншіден, шетелдік мамандардың көмегіне сүйенудің еш қажеті жоқ. Өз басым осы күнге дейін сырттан келген бапкерлердің бірде-біреуінің «Қазақстан волейболын қалай дамытсам екен?» деп бас қатырып жүргенін көрмедім. Олардың ойлайтындары – тек қарақан басының қамы. Келімсектер қажетті қаражатты қалталарына салғаннан кейін туған жерлеріне тайып тұрады. Өздеріңіз айтыңыздаршы, ширек ғасырдан аса уақыт аралығында Қазақстан волейболының деңгейі өсті ме? Жерлестеріміз халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алды ма? Жоқ, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде.
Біздің елде өз ісін жан-тәнімен жақсы көретін, кәсібіне адал, бойында патриоттық рухы бар, волейбол өнерінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» мықты бапкерлер жоқ емес. Ең алдымен, келімсектерге емес, жерлестерімізге жағдай жасауымыз керек. Олар жағдайды өзгерте алады. Ал Қазақстанда бәрі керісінше. Федерация басшылары қит етсе шетелден мамандар шақыртып әлек.
– Шетелден білікті бапкерлер шақырту әлемде бар тәжірибе ғой. Сізге оның несі ұнамайды?
– Иә, ол пікіріңізбен келісемін. Егер сырттан келген мамандар, шын мәнінде, білімді әрі білікті болса, онда әңгіме басқа. Ондай құнды қадрларды құшақ жая қарсы алатын едік. Бірақ бізге келіп жатқандар мықтылардың санатынан емес. Олардың барлығы да ортаңқол бапкерлер. Ондай мамандар өзімізде де жетіп артылады. Әсіресе ұлттық құраманың бас бапкерін тағайындау кезінде осы мәселеге мұқият болу қажет. Өйткені өзгелер үшін Қазақстан спортының абыройы мен мәртебесінің құны көк тиын. Осы орайда, мына бір деректі алға тартуды жөн көріп отырмын: 2016 және 2021 жыл-
дары өткен соңғы екі Олимпия ойындарының әйелдер арасындағы сайысында Қытай мен АҚШ құрамалары алтыннан алқа тақты. Аталған командалардың екеуін де жергілікті мамандар баптады. Қытай спортшыларын Ла Пин, америкалықтарды Карч Кирали жаттықтырды. Ерлердің жағдайы да дәл солай. Рио-де-Жанейрода дара шыққан бразилиялықтарға Бернардо Резенде, Токиода топ жарған француздарға Лоран Тийи жетекшілік етті. Міне, өз мамандарына сенім артқан командалардың қол жеткізген табыстары осындай!
– 2010-2011 жылдары сіз Қазақстанның әйелдер құрамасының бас бапкері болдыңыз. Сол кезде отандастарымыз өз тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтеріліп, барша жанкүйерді қуантқан еді. Бірақ бұл қызметте сіз ұзақ тұрақтамадыңыз. Неге?
– 2010 жылы ұлттық команданың бас бапкері болып тағайындалғаннан кейін өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқару үшін көп еңбектендім. Іздендім. Жаттығу жүйесіне жаңашылдық енгіздім. Тәртіп пен талапты басты назарда ұстадым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Сол жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында қола медальды жеңіп алдық. Оған дейін де, одан кейін де Қазақстанның волейболшылары Азиадада жеңіс тұғырына көтерілген емес. Осы орайда, еңбегім лайықты бағалануы керек еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Түрлі сылтауды желеу еткен Республика волейбол федерациясының басшылары көп ұзамай мені бұл қызметтен босатты. Не себепті екенін өзім әлі де түсіне алмай жүрмін.
– Одан кейін де бапкерлік кәсіптен қол үзбеген боларсыз? Қазіргі қызметіңіз қандай?
– Біраз уақыт «Тараз» бен «Алтай» клубтарын жаттықтырдым. Көп ұзамай Ресейден шақырту алып, сол елдің суперлигасында өнер көрсететін Калининградтың «Локомотив», Саратовтың «Протон» және Красноярскінің «Енисейін» баптадым. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығында еңбек етіп жатқан жайым бар.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
АНЫҚТАМА:
Бақытжан Байтөреев 1967 жылы Алматы қаласында туған. 1986-2002 жылдар аралығында Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командаларының намысын қорғады. Әр жылдары Алматының «Дорожнигі» мен «Азаматы», Францияның ПУК пен ПСЖ (Париж), «Бордо» (Бордо) және Ресейдің «Самотлор» (Нижневартовск) мен «Автомобилист» (Санкт-Петербург) клубтарының сапында өнер көрсетті.
Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері, КСРО кубогының иегері, Азияның клубтық чемпионатының жеңімпазы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, Франция мен Ресей чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. 1993 жылы Азияның ең үздік волейболшысы атағын иеленіп, Азияның клубтық чемпионатының шартты құрамасына енді. 1993/1994 жылдардағы маусымда Франция біріншілігінің ең үздік қабылдаушысы болып танылды.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»