Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қалың шөпті өсімдіктер мен былтырдан қалған үйінділерден күш алған қызыл жалын Көкжал орманшылығының аумағын жалмаған. Оны Ертіс орманы табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Бауыржан Даутов патрульдеу кезінде байқаған. Тілсіз жауды сөндіруге 35 адам, 4 өрт сөндіру машинасы, 5 трактор, 5 жеңіл машина жұмылдырылған. Осылайша, орман шаруашылығының қызметкерлері 12.35 шамасында басталған жалынды 17.33-те ауыздықтады.
Айта кетейік, көктемде күн жылынып, өртке қауіпті кезеңнің басталатын тұсы. Бұл мезгілде кейбір шаруалар жаңа шөптің бітік шығуы үшін шабындықтарды қасақана өртейтіні белгілі. Сонымен қатар бау-бақшасын тазаламақ болған тұрғындар қауіпсіздік ережелерін сақтамастан үйінділерді өртеп жатады. От қойғандардың көпшілігі қызыл жалынның қандай аумақты шарпитынын бақылай бермейді. Осындай немқұрайдылықтың кесірінен басталған өрт мемлекеттік орман қоры аумағына өтіп, залалын тигізуде. Сондықтан шаруа қожалықтары мен тұрғындардан өрт қауіпсіздік ережелерін жіті қадағалап, еліміздің орманын тілсіз жаудан сақтауға шақырамыз, дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары.
Павлодар облысы