Қазақстан • 07 Сәуір, 2022

Шаруаны не алаңдатады?

693 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі шаруалардың мәселесі шаш етектен. Әсіресе, ұсақ шаруашылықтардың ұпайы түгел емес. Шалғайдағы мал ұстаған ағайынның мұңы шенеуніктердің құлағына жете бермеуі мүмкін. Бұл ретте «Шопан ата» мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының өкілдері павлодарлық фермерлермен жүздесіп, проблемаларымен танысты.

Шаруаны не алаңдатады?

Облыс орталығында өткен өңірлік құрылтайда әр ауданнан көптеген шаруа төбе көрсетті. Кейбірі өзгелердің амана­тын арқалап, мәселелерін ор­таға салды. Қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов, облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев әр сауалға тұшымды жауап беріп, бағыт-бағдар көрсетті.

Отызға жуық шаруаға ортақ проблемалардың бірі – «Сыбаға» бағдарламасының машақаты. Әдетте, мал ұстаған ағайынды қолдауға бағытталған ірі бағдар­ламадан жапа шеккендер көп. Шетел­ден мал әкелгендер ірі қараны есепке енгізе алмай отыр. Сәйкесінше, субсидия­дан қағылуда. Субсидия алған­дар­дың өзі қаражатты мемлекет­ке қайтаруға мәжбүр. Бар гәп құ­жат­тарда екен. Малды тасымалдауға жауапты ресейлік мекемелер жалған құжат жасаумен айналысатын көрінеді. Ал бірді-екілі шаруашылық төлемін толық төлесе де, тиісті малына әлі күн­­ге дейін қол жеткізе алмай жүр. Қостанайлық компанияның сал­ғырт­тығынан жапа шегуде. Олар болса, шетелдегі әріптес­терін кінәлауда. Құзырлы органдар мәселені шешудің жалғыз жолы – сотқа беру екенін айтады.

Өңірде мал қорымдарының жағдайы мәз емес. Тиісті стан­дартқа сәйкес келмейді. Көп­те­ген елді мекенде жоқтың қа­сы. Салдарынан төрт түліктің өлек­селері әр жерде шашылып, ветеринарлық ахуалды ушық­тыруда. Мейрам Өтешовтің айтуынша, өңірде 380 елді мекен бар. Оның барлығына мал қоры­мын салу бюджетке салмақ бол­мақ. Бір мал қорымын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудің өзі әжептәуір уақытты қажет етеді екен. «Барлық елді мекендерге салу үшін 30 жыл да жетпейді», деп Мейрам Өтешов турасын айтты. Мәселені шешу үшін малдың өлекселерін тасымалдайтын арнайы техникалар жұмылдырылады деп жос­пар­лануда. Шыны керек, шаруа­лар бұл жаңашылдық жағдай­ды реттейтініне күмәнмен қарап отыр. Уақыт – төреші.

Ветеринария саласынан алыс­тамайық. Облыста кадр мәселесі де өзекті тұрғаны жасырын емес. Барлық ауылда дерлік ветери­нар мамандар алпысты алқымда­ған, зейнеткерлік жасқа аяқ бас­қан азаматтар. Тіпті алдағы он жылда ветеринарлар мен меха­ник­тер­ді табу қиынға соғады де­ген болжам бар. Жастардың ауылда еңбек еткісі келмейті­нін мойындауымыз қажет. Шаруалар кадр даярлау мәселесіне баса назар аударуды сұрады. Жиында ветеринар мамандардың қызмет­тік көлігі тозғаны да айтылды. Олар­ға жанар-жағармай үшін аз қаражат бөлінетіндіктен, кейде шаруалар ветеринарларды өздері та­сымалдауға мәжбүр екен. Вак­цинаны сақтау мәселесіне де мән берілгені абзал. Тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталған ғимараттардың жоқтығынан мал дәрі­сі кез келген орында сақ­та­лып, салдарынан вакцинаның қуа­ты жоғалатыны сөз болды. «Дә­рі­ні салдың не, салмадың не?», деп шаруалар мұңын шақты.

Шаруаларды қолдауға ба­ғыт­талған бағдарламалар аз емес. Әттеген-айы сол, шалғай­дағы фермерлер бұдан хабарсыз. Кейбірі бағдарламаның талаптарын толығымен түсіне алмай дал. Бірде ғаламтор мәсе­лесі қолбайлау болса, көбі бағ­дарламаның майын тамызып, жілігін шағып беретін ма­ман­дармен бетпе-бет кездесуге асық. Облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев пандемияның салдарынан шаруалармен жүздесудің сәті түс­пегенін, алдағы уақытта маман­дар аудандарға барып түсін­діру жұмыстарын тұрақты жүргізе­тініне уәде берді.

Жас шаруалар кепілдік зат­тың жоқтығынан немесе арзан бағалануы салдарынан несие ала алмай жүргендерін айтты. Әйтпесе, бизнес жобалары да­йын. Ниеті түзу. Ынтасы зор. Жігері тасып тұр. Лайықты қол­дау көрсетілсе, аз уақыттың ішінде кәсібін жандандырып, ел экономикасының дамуына үлес қосуға әзір. Жиында ауыл шаруашылығы техникасының бағасы жиі қымбаттайтыны сөз болды. Мемлекет тарапынан қа­рас­тырылған өтемеақы мөлшері де азайған. Қосалқы бөлшектерді шетелден тасымалдауға мәжбүр. «Ормансыз бұлбұл» демекші, техникасыз шаруалардың күні қараң. Сондықтан да Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі техника паркін жаңарту ісіне көңіл бөлсе екен. Шаруалардың тілегі бұл.

Алмасбек Садырбаев әр са­уал жерде қалмайтынын, респуб­ликалық деңгейде шешілетін мәсе­лелер биік мінберде көтері­летініне сендірді. Шаруалар мұндай пайдалы жиындардың жиі өткізілуіне тілек білдірді.

 

Павлодар облысы