Қазақстан • 07 Сәуір, 2022

Дала жұмыстарына – 220 млрд теңге

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық барысымен, сондай-ақ осы жылы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қандай саясат жүргізілетіні туралы баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды.

Дала жұмыстарына – 220 млрд теңге

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Жемшөп дақылдарының алқа­бы айтарлықтай ұлғай­тыл­ды, ол ағымдағы жылы 3,6 млн гектарды құрайды. Бұл мал азығын мол өндіруге және мұқ­таж өңірлердің қажет­тілігін қам­та­ма­сыз етуге мүм­кін­дік береді. Сон­дай-ақ картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеу­мет­тік дақыл­дар ал­қа­бы ұлғай­тылды. Агроө­нер­кәсіп ке­шенін мем­ле­кеттік қол­дау­дың жаңа тәсіл­дері, оның ішін­де цифрлы технологияларды пайдалана отырып, ауыспалы егісті сақтауға қатаң тәсілдеме көз­дел­ген» деді министр.

Оның айтуынша, жұмыстарды жүр­гізуге дайын­дық кезінде ауа райы құ­бы­лыстары ескеріледі. Маңызды мін­деттердің бірі – топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу. Өңірлерде шамамен 3,1 млн гектар алаңда қар тоқ­тату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жыл­дың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық.

«Мемлекет басшысының көктемгі егісті өткізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дайындығын қайта тексеру қажеттілігі туралы тап­­сырмасынан кейін өңірлермен фер­­мер­лердің тікелей қатысуымен кеңес өтті. Әрине, проблемалар бар, ең алдымен, әлемдегі оқи­ға­ларға бай­ланысты. Сонымен қатар әкім­дік­тер мен фермерлер егіс нау­қанын өткі­зуге дайындығын растады. Оңтүс­тік өңірлерге барып, көк­темгі егіс жұмыстарын өзім қа­­­рап шықтым. Егіс жұмыстарын жүр­гі­зу­ге, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді тұқыммен, агрохимия­мен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселені үйлестіру мақсатында Рес­пуб­ликалық жедел штаб құрылды, оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкім­де­рінің орынбасарлары енгізілді», деді ведомство басшысы.

Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар.

«Бір мезгілде бірнеше техноло­гия­лық операцияны орындайтын қа­зір­гі заманғы егіс кешендерін пайдалану дәнді дақылдар алаңдарының
70%-ына­ себуді жүзеге асыруға мүмкін­дік береді. Аталған техниканың да­йын­ды­ғы осы күнге шамамен 98%-ды құрайды. Жаппай егіс жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін дайындық 100%-ға қамтамасыз етіледі. Биыл егіс ж­ұ­­мыс­тарын жүргізуге ақпан-маусым ке­зеңіне 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және сату бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға 200 теңге/литрді құрайды (АЖҚС-да баға 230-дан 260 теңге/литрге дейін). Бұл орташа алғанда 15%-ға арзан. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәй­­­кес аграршыларға отын жөнелтуді жү­зе­ге асыруда», деді министр.

Бұған дейін БАҚ-та бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақыл­дарды жеткізу проблемасы қа­лып­тасты. Мұның себебі – Ресей та­ра­пының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы. Бұл тұқымдар бізге сортты жаңарту және ауыстыру үшін қажет екенін ескере отырып, мәселе Премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқым­дарды әкетуге тыйым салуды алып тас­тады. Оны рұқсат беру тәртібіне ауыс­тыру туралы ше­шім қабылданды.

«Қазір рұқсат беру тәртібі әзір­лен­ді, жақын арада бекітіледі. Ресей­ден әкелінетін тұқымдар солтүс­тік өңірлерге дер кезінде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін шаруа­лар­ға жеткізіледі. Тұқым шаруа­шы­лығын қолдауға ағымдағы жылы жер­гілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге көз­делген. Облыс әкімдіктерінің де­рек­­тері бойынша, биыл шамамен 670 мың тонна енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда тыңай­т­қыштарды жеткізуге келі­сім­шарт 290 мың тонна көлемінде жасалды. Барлық өңірде минералды тыңайтқыштарды жөнелту бас­талды, аграршыларға шамамен 149 мың тонна тыңайтқыш, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 51,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қа­лыптасты», деді министр.

Фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайт­қыш­тар­дың қымбаттығы мәселесін көтерді. Үкімет тиісті жұмыс жүргізді, ми­не­­ралдық тыңайтқыштардың ірі өндіру­ші­сі – ҚазАзот компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданып, 16 наурызда күшіне енді.

«Бүгінгі таңда аграршылармен жаңа құн бойынша келісімшарттар жасалуда. Бұл ретте әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылғанын атап өту қа­жет. Яғни сатып алынған тыңайт­қыш­тар құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Пестицидтерге келетін болсақ, олар­дың бағасы да өсті. 2020 жылға қа­рай пестицидтердің бағасы екі есе қым­баттады. Егер көктемде ба­­ға­ның өсуі 70% болса, былтыр күзде ба­ға­лар 2 есе өсті. 2022 жылға арнал­ған пестицидтерді субсидиялау бағ­дарламасына 29,7 млрд теңге көз­дел­ген. Бұл егіс алаңын 100% өңдеуді қам­тамасыз етуге және сол арқылы қо­­­лайлы фитосанитариялық жағдайды сақ­­тауға мүмкіндік береді», деді Е.Қара­шөкеев.

Биыл көктемгі дала жұмыстарына 220 млрд теңге бөлінеді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бо­йынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. Бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталуда.

«Бұл ретте қосымша 70 млрд теңге бойынша кредиттеу нор­ма­тиві ұл­ғай­тылады, бұл туралы фер­мер­лер­дің өздері сұрады. Осы екінші 70 млрд теңге келгенде, норматив 23 мың теңгеден 54 мың теңгеге дейін көте­рілетін болады. Форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік келісім­шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 83,1 млрд теңгеден астам сомаға 466 өтінім түсті. 67,1 млрд теңге сомасына 292 ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілер қаржыландырылды. Негізі, форвардтық сатып алуды қар­жы­лан­дыру көлемі былтырғы 40 млрд теңгеден биыл 80 млрд теңгеге дейін көтерілді. Яғни көктемгі дала жұмыс­та­рына былтыр 110 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 220 млрд теңгені құрайды», деді министр.

Өткен жылдан бастап министрлік АӨК субсидиялау тетігін жетілдіру бо­йын­ша жұмыс жүргізді. Қол­да­ныстағы субсидиялау жүйесін рефор­малаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бір­неше рет талқыланды. Алайда агро­­өнеркәсіп кешенінің дамуының тұ­рақ­­тылығын сақтау мақсатында биыл­ғы геоахуалды ескере отырып, суб­сидия­лау­дың жаңа тетігін енгізу мер­зімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыс­тырылды.

«Сыбайлас жемқорлық көрі­ніс­терін болдырмау, сондай-ақ мем­ле­кеттік қол­дау шараларын алу кезінде ашық­тық­ты қамтамасыз ету үшін бірыңғай мемлекеттік ақпа­рат­тық субсидиялау жүйесі әзір­ленді. Ол фермерлер үшін тегін болады және барлық не­гіз­гі мемлекеттік дерекқорлармен бі­рік­тіріледі. Жүйенің барлық іс-қи­мыл­дары автоматтандырылады. Бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.

Жүйе Ақмола облысында пи­лот­тық тестілеуден өтті, қазіргі кезде жү­йе­ні пы­сықтау бойынша жұмыстар аяқ­­талуда.