Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Музей басшысы Ербол Қайыров дарынды тұлғаның бірнеше қолжазбалары мен өзі тұтынған заттарын Алматы қаласына барып, жазушының қарындасы Мәкиза Шашкинадан алыпты.
– Ақиық ақын Қалижан Бекхожиннің 100 жылдық тойы республика көлемінде аталып, Алматы қаласына ақын Арман Қани, сол кездері облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бақытжамал Тоқмағанбетқызы үшеуіміз Павлодар өңірінен арнайы делегат болып бардық. Үлкен салтанатты жиын болды. Соңынан ақынның рухына құран бағышталып, ас берілді. Арман ағалар жоғары төрге қарай беттегенде, жасыма қарай төмен жаққа отырайын деп бұрыла бергенімде, «балам, кел біздің дастарқанға отыр» деп апалар шақырды. Жандарына барып жайғастым. Біздің дастарқан тым-тырыс. Бәрі де ойға шомған. Бір мезетте сексеннің сеңгіріне шыққан жанымда отырған апа:
– Балам қай жақтансың,– деді.
– Павлодардан боламын, апа, – дедім.
– Павлодардың қай жеріненсің?
Тереңкөл ауданынан десем сөзіміз жараспай қалар ма деп те ойландым. Талай басымнан өткен жағдай ғой. Алматының ірілерімен сөйлескенде ауданымды айтсам, «ә, білмейді екем» дейтін. Кейде бір затқа, небір дерекке қол жеткізерде «баянауылдықпын» дейтінім бар. Негізі арғы аталарым, тіпті нағашы жұртым Баянауылдан. Сол әдіспен қулығымды асырып:
– Апа, Баянауылданмын, – дедім.
Шіркін-ай! Апамның қара көздерінен мөлтілдеген жас ыршып түскенде, орнымнан ұшып тұрдым.
– Айналайын, менің есімім Мәкиза. Зейін Шашкинді білуші ме едің? Сол жазушының қарындасымын, – деді. Әжім басқан қодарын алып, сүйдім.
Дастарқан жайына қалды, әңгіме ұзаққа созылды. Айтып тауысар емеспіз. Кетіп бара жатып, маңдайымнан сүйді, батасын берді. Қағаз майлыққа мекенжайын жазды да, «балам, үйге кел, қонақ бол», деді.
Сол сапарымыздан оралған соң, араға бір ай салып, апамызды іздеп бардым. Жазылмаған, айтылмаған көп сырларға құлағдар болдым. Көзінің қарашығындай сақтап отырған Зейін ағасының қолжазбаларын (көшірмесі), жазу үстелінде тұрған бірнеше заттар мен «Шындық деп өткен жан еді» атты кітабын құшақтап елге оралдым. Міне, жақсымен өткен бір күнім! – деп тебіренді Ербол Қайыров.
Зейін Шашкин 1912 жылдың 31 желтоқсанында Баянауыл ауданында дүниеге келіп, 1966 жылдың 29 наурызында Алматы қаласында қайтыс болды. Алғашқы еңбектері өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, ал «Әдебиет майданы» журналында өлеңдері, сын-зерттеу мақалалары, бірлі-жарымды әңгімелері жарияланды. 1955-1966 жылдар аралығында «Таң атты», «Ұядан ұшқанда», «Темірқазық», «Өмір тынысы», «Ақбота» повестері мен әңгімелер жинағы және «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» романдары жарық көрді.
Жазушының нақақтан нақақ күйіп, жала жабылып, жер аударылуына өзінің жанында жүрген адамдардың домалақ арыздары себеп болған екен. Сол бір сұрапыл жылдар туралы қаламгер Мұхамеджан Қаратаев былай дейді: «1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігі, Жамбылдың шарықтаған ақындық даңқы, Сәкен Сейфуллин творчествосының 20 жылдығы сияқты мәдениет ортасын дүр сілкіндірген маңызды оқиғалар болған еді. Бірақ не керек, іле-шала сұрапыл 1937 жылдың ызғырығы басталып кетті. Бірінен кейін бірі: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мәжит Дәулетбаев кетті, ақыры Өтебай Тұрманжанов, Сағыр Камалов, Құлмұрза Өтепов, Әлібек Қоңыратпаев кете берді, кете берді. Ең соңында Хамза Есенжанов пен Зейін Шашкин, олардың өкшесін басып мен де кеттім. Сәбит пен Ғабит партиядан шығып «әшкереленді», жұмыстан қуылды. Бұл 1938 жылы. Кеше жұп жазбай жүрген жолдас-жоралар суға кеткендей жым-жылас болдық. Сол кеткеннен хабар-ошарсыз араға 17 жыл салып, Алматыға 1955 жылы оралыппыз».
Зейін Жүнісбекұлы: «Қайрат, қажыр дейтін әсіресе қиындықта қажет. Ол болмаса, мен мына өкпе ауруымен азап жағдайдан тірі қалар ма едім? Сол жағдайдың өзінде тырысып, тырбанып адам емдеуді үйреніп жан сақтадым ғой» деп жазған екен естеліктерінің бірінде.
Павлодар облысы