Картина тақырыбынан-ақ шығарманың ішкі композициясының бедер-биігіне әрі мән-мазмұнына қанығуға болады. Жас суретші Дулат Үсенбаевтың «8-ші шағын аудан» туындысы бұлыңғыр түстей ойдың шарпысуынан жазылғандай. Оны өзі де жасырмайды.
Жалпы, оның кескіндемесіндегі басты екі жанр – пейзаж және натюрморт. Себебі мастихинмен жұмыс істейтін, өзіндік мәнері қалыптасқан суретші жалпақ жағынды кескіндемеде түс пен форманы қарастырады. Яғни түс арқылы форма құрайды. Автордың жұмыстары ойланып-толғануға шақырады.
Мәселен, Алматы қаласына арналған пейзаж топтамаларында экспрессияға толы бояу жағыстары адамның жүрек қағысын жылдамдата түсіп, ерекше көңіл күйге жетелейді. Бұл қалалық пейзаждардың басым бөлігі қараңғы да күңгірт түстермен жазылған тас қабырғалы суық ғимараттар, бос көшелер, шағын үйлер барлығы адам баласына еш жылулық, жайлылық сыйламайтын кеңістік ретінде айқындалған. Міне, бұдан біз үлкен қалада адасқан адамның көзқарасын танимыз. Суретші мұны тікелей ашып көрсетпесе де, ішкі түйсігінің нәтижесінде көрініс тауып тұр.
Автор туындыларының сыртқы көріністерінің түрлілігіне қарамастан, эмоционалдық күйімен ерекшелене түседі. Жас суретшінің шығармашылығы тек өнеріміздің одан әрі дамуындағы бастау емес, сонымен қатар бүгінгі күнгі халқымыздың рухани құндылықтарын қалыптастырудағы идеялық-эстетикалық белсенді күш болып табылатынын ескергеніміз жөн.