Оқыс оқиға 3 сәуір күні Күмістау теміржол көпірінде орын алған. Мамандардың айтуынша, пойыз сағатына 37 шақырым жылдамдықпен жылжып бара жатқан екен. Вагондар Ертіс өзеніндегі көпірлердің біріне таяғанда, шойын жолдан шығып кеткен. Ең бастысы, адам аман, зардап шеккендер жоқ. Ұлттық компания өкілдерінің мәліметтері бойынша, жолаушы және жүк пойыздарының кідірісі болған жоқ. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Болған жағдайдың себеп-салдарын тексеріп, анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшыларынан комиссия құрылды. Транспорттық полиция департаменті тарапынан да бірқатар тексеру жұмыстары басталған.
Ал шығарынды қож бен руда төгілген Ертіс өзеніне қауіп төнген жоқ па? Осы сұрақты арнайы өткен баспасөз конференциясында облыстық Экология департаментінің бастығы Данияр Әлиевке қойғанбыз.
– Өскеменнен Алтай стансасына бағыт алған пойыз Күмістау теміржол көпіріне жете бере вагондары рельстен шығып кеткен. Белгілі болғандай, бір вагон руда мен бес вагон қож Ертіске төгілген. Шығарынды қожды кеншілер инертті материал ретінде шахтадағы үңгіген орындарды жабу үшін немесе құрылыс материалы ретінде пайдаланады. Болған жағдайды ести сала экология департаментінің мамандары оқиға орнына шығып, судан сынама алды. Алынған сынама судың химиялық құрамын ауыр металдарға тексерді. Оның ішінде мыс, қорғасын, цинк бар, – деді департамент бастығы.
Айта кетерлігі, сынама нәтижесі бір күннен кейін дайын болды. Белгілі болғаны, вагондар құлаған тұстағы су сынамасында мырыштың шекті рұқсат етілген концентрациясы 1,3 есе артқан екен. Сәл төменгі ағыстан алынған сынамада шекті мөлшерден 1,5 есеге көп. Сондай-ақ 1,3 есеге мыс концентрациясының жоғарылауы байқалады. Енді тексеру іс-шаралары аяқталғанға дейін экология департаменті облыс бойынша «Қазгидромет» ФМДҚ-пен бірлесіп, апта сайын Ертіс өзенінің аталған аумағында судың құрамын тексеріп отырмақ. Сонымен қатар облыстық транспорттық прокуратурасының талабы бойынша «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ «Семей бөлімшесіне» қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру тағайындалды.
Қазгидромет мамандары да мәселені назарға алып, өз міндеттеріне сай жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта суға төгілген қожды шығару жұмыстары да жүргізіледі. Бірақ оқиға орын алған жерге техниканың жетуі қиын. Мамандардың өзі екі шақырымға жуық жолды жаяу-жалпылап жүріп өтіпті.
Шығыс Қазақстан облысы