Пікір • 11 Сәуір, 2022

Жылы ағыстың арнасын ашты

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Несін айтасыз, алаш баласы үшін зор қуаныш – алаш ардақтылары Абай мен Қонаев рухы қайта жаңғырып, ақ түйенің қарны жарылды! Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қасиетті Ұлытау атауы асқақтап, бірнеше облыс ашылды! Қазақ жұртының өңі шырайланып қалды. Айбарланып қалдық! Президентіміз ел көкейіндегілерді дөп басқаны қандай ғанибет десеңізші.

Жылы ағыстың арнасын ашты

Жолдаудың тұрпаты бөлек болды. Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын тағы бір тәпсірлеп берді. Аудара қарап, ақтара тексерілетінін тағы бір түйіп айтты.

Президент қоғамдағы жүйенің сеңін бұзды. Жылы ағыстың арнасын ашты. Ендігі жерде сайлауға күнделікті қасымызда жүрген қарапайым замандастарымыз белсене қатысып, таңдау жасайтын күн тумақ. Елдің болашағы үшін тер төккісі келетіндер жаңа партия құрамын десе, кедергі жойылып, жол ашылды. Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлайды.

Мемлекет басшысы билік партиясынан кетіп, президентке шамадан артық өкілет беруден бас тартып, әкімдер жетекші партия филиалдарын басқаруды тоқтату керек деп әділдік туын биік көтерді. Несіне жасырайық, бұрынғы жетекші партияны әкімдер басқарғасын, айдарынан жел есті. Енді аты да, заты да өзгерді. Дамудың даң­ғыл жолы осындайдан басталса керек-ті.

Жолдауда Ел тұтқасының: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды», – дегені өте орынды болды. Әсіресе БАҚ туралы заңды қайта қарау туралы атап көрсеткені жағымды жаңалық! Себебі бұл заң ескірді. Арзанның сорпасы татымайтын күйге жетті. Уақыт талабына сай емес.

Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді дегендей, Президент Жолдауында жан дүниеңізге қозғау салатын жүрекжарды жолдар жеткілікті. Айталық: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнін­де, біз үшін Қазақстанның Тәуел­сіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбыл­малы әлемде Қазақстанымыз біз­ден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ», дегенін толқымай қабылдау мүмкін бе?! Бұл әр алаш перзенті үшін тағдыршешті аталы сөз ғой! Себебі түсінікті. Төрткіл дүние дағдарып, толқу үстінде. Алмағайып кезеңнің соңы немен бітетіні белгісіз. Ен­деше әркім өз Отанында, өз жерінде бос сөзден іске көшіп, жұмыла кірісу міндет. Мұны әркім өзінен бастау керек. Осыны сезіну бір басқа да, соған сай іс-әрекет жасау бір басқа. Бізге соңғысы жетпей жатыр.

Президентіміз: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» дегенін естен шығар­мағанымыз лазым.

 

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры