08 Сәуір, 2014

Сейітжан

870 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өмірде тағдыр табыстырған, бірге өсіп, біте қайнасқан бір адамдарың болады. Бұл күнде Семей қаласында тұратын қадірлі қарт Сейітжан Тәбәрікұлы мен үшін сондай кісі. Қысқа ғұмырда ұзақтан сыйласып келе жатқан ағаны алғаш рет 1964 жылы жаз айында Аягөз өзені бойындағы шопандар тойында сыртынан көрдім. Кең маңдайлы, мығым денелі, қара торы жігіт ағасы бәйгені басқарып ат үстінде жүрді. Мен онда бәйгеге шабуға барған шабандоз бала едім. Келесі жылы Шұбартау Аягөзден бөлініп, өз алдына аудан болып құрылғанда Сейітжан ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып келді. Менің әкем ол кезде қой бағатын. Мал аралап келіп-кетіп жүрді. Келе-келе әкем екеуі достасып кетті. Екі құрдас бүгінге дейін араласып тұрады. Секеңе мен де бала кезден бауыр бастым. Секеңнің анасы Қадиша ашық жүзді, әңгімешіл, дастарқаны мол, ақжарқын, көпшіл еді. Қолынан талай рет дәм таттық, әңгімесін тыңдадық. Әкесі Тәбәрік өз еңбегімен күн көрген, атбегі, сөзге шешен жан болыпты. Өмірде көрмегені жоқ. Тәбәрік пен Қадиша 32-жылдың аштығында бала-шағасын арқалап Сібірге дейін қаңғыған. Зобалаң жылдары талай жақын-жұрағатынан айырылған. Сейітжан сол аштық кезінде туған әпкесінен ажырап қалады. Күні бүгінге дейін сол кісіні іздейді. Секеңмен тағдыр табыстырған бір адам – қазақтың аяулы азаматы, белгілі қаламгер, атақты ақын Ілияс Жансүгіровтің немере інісі Талап Сұлтанбеков. Оқу бітіргеннен кейін Талапты арнаулы орындар полигонының ошағы – Дегелеңнің түбіндегі Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылына жолдамамен мұғалімдік қызметке жібереді. Кім білсін «халық жауының» тұқымын шалғайға әдейі шеттеткен болар. Әскерден оралған соң Секең Қайнар орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп жүрген. Жаңа келген жас мұғалім Талаптың «халық жауы» Ілияс Жансүгіровтің туысы, ақын Дәмеш Берсүгірованың ұлы екенін білген соң көлеңкесінен қорқып, зәтте болып қалған жұрт үйіне жатқызуға сескенеді. Мектеп директоры жас мұғалімге жататын орын таппай қиналып тұрғанда Сейітжан: «Жүр!» – деп үйіне ертіп кетеді. Көпті көрген, талай тауқымет тартқан Тәбәрік пен Қадиша бір ұлы екеу болғандай қуана қарсы алады. Міне, содан басталған достық күні бүгінге жалғасып келеді. Соңынан ұлын іздеп Абыралыға барған қазақтың белгілі ақыны Дәмеш Берсүгірова сол сапардың әсерінен полигон туралы поэ­ма жазады. Өзінің Қайнарда өткен жылдарын Талап: «Қайнар шын киелі жер, қасиетті ел екен. Менің фантаст-жазушы болуыма Абыралының тауы мен тасы себепкер болды. Тау биігі қиялымды шарықтатып, ұшар қанатымды қомдады. Қайнар мен үшін айтып сөзбен жеткізе алмастай өміріме бетбұрыс, жаңалық ашқан мекен», – деп еске алады. Өз өмірі туралы сөз қозғағанда Сейітжан ағаның аузынан тастамайтын үшінші бір адамы – Қайнар орта мектебінде сабақ берген шәкірті, тағдырлас, жерлес інісі, қоғам қайраткері, академик, жазушы, ғалым Рымғали Нұрғали. Абыралы ауданының полигонға айналып, қыршынынан қиылған жерлестерін көріп, қызғыштай шырылдап келе жатқан аға мен інінің қайраткерлігі кейінгі жастарға үлгі. Туған жерлері көз алдында тозаққа айналған сол өңірдің перзенттері полигон қасіретін басқалардан гөрі қатты сезінетіні анық. Осыдан оншақты жыл бұрын екі ағама еріп, Абыралы ауданына барғаным бар. Cол сапарда жол бойына тоқтаған сәтте екеуінің аспанынан құс, суынан балық көрінбей кеткен туған жерлеріне күрсіне қарап, көздеріне жас алғанына куә болдым. Жүрекке жүк түсірген сол бір сәтті соңынан өлеңге айналдырған едім. Полигон жайлы сөз болғанда Сейітжан аға бала кезден бірге өскен досы, қазақтың аяулы азаматы, өнер білгірі, алабөтен тағдырлы Бақтажар Мекішев, белгілі ақындар Нұтфолла Шәке­нов, Төлеужан Ысмайылов, Семей, Ом­бы мұрағаттарын жылдар бойы ақтарып, өз қаржысымен төрт томдық «Абыралы тарихын» шығарған іскер азамат Болат Нәсе­нов, тағы басқалар жөнінде де тебірене түседі. Саналы ғұмырында жақсы­лармен жанасып, өз өмірін әр қиыр­дағы талай жандармен ұштастырған, үнемі туыс, дос іздеп жүретін Секең көптеген басшы қызметтерде болды. Қайда, қай қызметте жүрсе де бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан өзгермеді. Мансаптың буына мас­танбады. Туған тілінің, өз дінінің қамқоршысы болды. Ұлтын естен шығармады. Жасынан өнерді мұрат тұтқан, сөз қадірін терең сезінетін, әуелетіп ән шырқайтын, сегіз қырлы, бір сырлы Секең зейнеткерлікке шық­қаннан кейін қарап отырмады. Орнынан түссе ойсырап қалатын әлдекімдерше шөгіп қалмады. Қолына қалам алып, өткен өмірін оймен шарлап, қағаз бетіне түсірді. Ел ішіндегі ескі сөздерді жинады. Жаңа Шүлбі ауданында атқару комитетінің төрағасы болып жүргенде, салынып жатқан су қоймасының орнындағы зираттар көшірілгенде, сондағы Абайдың немересі, Мағауияның қызы, Мұхтар Әуезовтің жары Кәмиланың сүйегіне иелік етіп, Ақ­шоқыдағы Құнанбай қоры­мына қайта жерленуіне мұрындық бол­ғаны туралы жазды. Осы оқиғаны жазу барысында Кеңес өкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Абай ұрпақтарының тағдырына терең бойлай түсті. Жанақ ақынды зерттеп, ел аузында шашылып жүрген өлеңдерін жинап, оны жеке жинақ етіп шығарды. Сегіз Серінің ортаншы ұлы Мұсайын жазған «Ер Жиенбай мен қыз Балқия» поэ­масын 1998 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Замана ағысы» кітабында жариялады. Зерттеушілердің назары­на ілін­беген, Секең тапқан бұл қис­са әдебиетке қосылған үлкен олжа. Онда орыс отаршыларына қарсы күрескен, Ертіс бойын­дағы Бәсентиін руынан шыққан Жиен­бай батырдың ерлігі, оның ғашығы Балқия қыздың Сібірге айдалған арыстың артынан іздеп барған оқиғасы сөз болады. Жиенбайдың ерлігі Ермакты өлтірген Сәтбек батырды еске түсіреді. Ермек үшін емес, маржан термек үшін еңбек етті. Бойына біткен азын-аулақ талантын ұштай түсті. Әуелетіп ән салды, әуен шығарды. Белгілі ақын, өзінің жерлесі, мар­құм Нұтфолла Шәкеновтің сөзіне шығарған «Қайнарым менің» әні республикалық баспасөзде жария­ланып, елге тарады. Секеңнің қаламынан туған дүниелер Семей өңіріндегі оқыр­ман­дардың жүрегіне жол тапты. Әлдекімдерше өткен кеңестік заман­дағы дәуренін көксеп күрсін­беді, тәуелсіз аспанның таза ауасымен еркін тыныстап, ел аузындағы асыл мұралардың жұрнағын із­дестіруге бел шешіп кірісті. Ең­бегі еш кеткен жоқ. Басқасын айтпағанда, Жанақ ақын жөнінде жинастырған дүниелері әдебиет тарихына мысқалдай болса да, қосылған құнды үлес. Жанақ әйгілі ақын, Абайдың өзі Жанаққа ден қойған. «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ жырлаған нұсқасы көпке белгілі. Алайда, Жанақ өлеңдері бізге там-тұмдап жеткенімен, өмірінің ұзын ырғасы көмескілеу еді. Секең де аузында әлі де болса сақталған Жанақтың бізге белгісіз өлеңдерін теріп, ақын өміріне байланысты жаңсақ деректердің түп-тамырын қазып, анықтап, аршып беріп отыр. Әдебиет тарихын зерттеумен арнайы айналысқан ғалым болмаса да, өз ынтасымен еткен бұл еңбегіне рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Рас, Жанақ ақын жөнінде мерзімді баспасөздерде белгілі ғалымдарымыз талай рет сөз қозғап, келелі-келелі пікірлер айтып келеді. Сейітжан Тәбәрікұлы еңбегінің олардан өзгешелігі – Жанақ жүріп өткен соқпақтардың соқыр сорабын көмескі уақыт шаңының астынан іздеп табуында жатыр. Санаулы жылдарда Сейіт­жан аға бірнеше кітап жазды. «Тау­қымет» кітабында ашаршылық пен репрессия жылдарындағы ел басынан өткен азапты қасіретті қозғаса, соңғы «Жүрек сөйлейді» кітабында өз өмірін тілге тиек ете отырып, заман, уақыт, тәуелсіздік және замандастары жөнінде толғанады. Өмірімен де, өнерімен де еліне үлгі, халқына қадірлі осы бір асыл ағаның алғашқы кітабына жазған алғысөзімде: «Сейітжан Тәбәрікұлы сияқты жайсаң жанды, бала мінезді адаммен менің жолымды тағдыр ерте түйістірді... Зады, Кеңес өкіметі тұсында атқа мініп, ел басқарғандарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірі – қарақан басының қамын ойлап, партияның атса оғы, шапса қылышы болғандар, екіншісі – ақырын жүріп, анық басып, партияға да адал, халыққа да адал қызмет еткендер. Ұлтын ұмытпағандар. Сейітжан осы екінші топқа жататын азамат» – деппін. Шынында да, солай. Несіпбек АЙТҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.