Қазақстан • 11 Сәуір, 2022

Жаңа облыстардың атаулары мақұлданды

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа облыстардың атаулары мақұлданды

Комиссия отырысында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары әкімдіктерінің жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныстар қаралды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар әкімшілік-аумақтық өзгерісті атап өтті. Олардың барлығы терең экономикалық негіздемеге ие. Бірақ біз үшін ең бастысы - қоғам пікірін ескеру. Енді Қазақстанда жаңа облыстар пайда болады. Атап айтқанда Семей қаласы Жаңа Абай облысының орталығына, Жезқазған жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығына айналады, мұндай өзгерістер Алматы облысына да қатысты», деді Дәурен Абаев.

Кез келген қаланы, елді мекенді немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өту қажет.

Комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарап, қорытынды шығарады. Кейіннен қайта атау туралы шешім Президент Жарлығымен бекітіледі.

«Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің ұсынысын мақұлдады. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес одан әрі жұмыс істеу үшін облыстардың әкімдіктеріне жіберіледі», деді министр.

Бұған дейін Республикалық ономастика комиссиясы Қапшағай қаласын Қонаев деп қайта атау туралы оң қорытынды берген болатын.