Әдебиет • 11 Сәуір, 2022

Бұл жындыхана туралы шығарма емес

1017 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Америка жазушы­сы Кен Кизидің «Кө­кек­­тің ұясы» романы түп­нұсқадан қа­зақ тіліне аудары­лып, оқырманға жол тартты. Отыз­дан ас­там тілге ауда­рыл­ған, кинолар желі­сіне, сахналық қойы­лымдар формасында бейнеленген шы­ғар­ма – әлемдік клас­сикадағы ең жақсы психологиялық ро­ман­ның бірі.

Бұл жындыхана туралы шығарма емес

Коллаждарды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көп уақытқа дейін әлем романды жазу­шының қиялынан туылған шығарма деп таныды. Оқи­ғаның өмірден алынғаны жайлы алыпқашпа әңгімелер бол­ға­ны­мен, автор өзі растамаған еді. Бірақ 2001 жылы автор қайтыс болған соң әйелі Фей Кизи ханым күйеуінің күнделіктерін жарыққа шығарды. Жазушының жазбасынан 1960 жылы Станфордта оқып жүрген жылдарында Пол-Альтодағы психиатриялық ауруханада медбикенің көмекшісі болып жұмыс істегенін, сол ауруха­на­дағы сыр­қаттар мен бас медби­кенің арасындағы оқи­ғаларды роман оқиғасына арқау еткенін білдік. Кейіпкерлердің біразы өмірден алынғаны, тіпті оқиғаға қатысты адам­дардың көзі тірі екені анықталды. Шығарма шын­ды­ғының шынайы оқи­ғаға не­гізделуі де кітап құндылығын арттыра түсті.

Хош, жазушының талай жерде айтылып, жазылып жүрген та­лантын мадақтап өзіміздің де, оқыр­манның да уақытын ал­майық. Айтпақ болғанымыз роман жайы еді, соны толғайық. Бір­ден айтайық, бұл жаңажылдық не сегізінші нау­рызға арналған сыйлықтар тізі­мінен орын ала­тын кітап емес. Кофе ішіп, күнге шуақ­тап отырып оқитын да кі­тап емес. Себе­бі бұл – тап-таза абсолютті классика. Классика-модернистік бағыт­тағы тамаша роман. Кизидің бұл ро­ман­дағы жасаған ғажайыбы: ол оқыр­манын Орегондағы әлгі оқиғаға арқау болған жүйке емханасына жетелеп апарып, барлық оқиғаны өз көзімен көргендей әсерге бөлейді. Оқиға көңіл­сіз әрі сұрғылт, әр күн сайын бір көрініс қайталанатын күңгірт аурасы бар емханаға жаңа емделуші Рэндл Макмерфидің кіріп келуімен басталған. Рэндл – өткен ғасыр басында Америка әдебиетінде жасалған таңдаулы кейіпкер. Бұл – тірі әрі жігерлі образ.

Сырқат емхананың табалды­рығынан аттағаннан-ақ басшы­лық­қа жақпады. Оқиға барысын­да емдеу жүйесіне қарсы шығатын Макмерфиді дәрігерлер мен техни­калық қызметкерлер дөрекі әрі бүлікші деп бағалады. Ол бүлікші емес, бар болғаны өз кеу­десін бас­тырмауға, өзін қорғауға ұмтылды. Жаңа түскен сырқаттың бойында жүйкелік кемшілік жоқ. Ол қара­пайым ағаш кесуші. Тек талапқа көнбегендіктен осында түсті. Қай қоғам болсын өзіне қарсы адамдардан құты­лу­дың классикалық әдісі – оған шизофрения диагнозын іле қою. Бұл да сол, айналасына қар­сылық көрсеткендерді пси­хи­калық ауруханаға тоғытып құтылу әдісінің құрбаны. Оның әрекеттері емде­лушілердің сауалына жауап берді. Қорқыныш күйінде адамдық танымды жоғалтпай қалай сақтауға болады, құлап жат­қан же­рің­нен өзіңе дем бе­ріп, қалай көтерілген жөн, өзің­ді сүюге деген күшті қайдан аласың, өз өміріңді уысыңнан шығарып алуға кім кінәлі деген сұрақтардың жауабын білу үшін «Көкектің ұясын» парақтаңыз.

Ал мұнда екінші тарап бар. Себебі еркіндігімнің әнін шыр­қаймын деп келген Мак­мерфиді кім тайраңдатып қойсын? Кәдім­гі ақ пен қараның шайқасы. Ақ­жүрек Макмерфи мен зұлым медбике Ратчет арасындағы кү­рес. Емделушілер – қоғам, ал Мак­мерфи – бостандық үшін би­лік­пен күресуші метафора. Қай­талап айтамын, бұл жындыхана туралы кітап емес. Жындыхана – біз өмір сүретін қарапайым кіш­кентай әлемнің макеті. Біз тек кімнің қай образды сомдап жүргенін ұқпаймыз. Бәріміз бір жүйе, бір шеңберде өмір сүре­міз. Әр жүйенің озбыр басшысы – Ратчеті бар. Олар аз емес. Әр жүйенің қорғансыз рөліндегі Хар­динг, Мартини, Билли, Сканлон секілді кейіпкерлері бар. Олар да жеткілікті. Әр жүйенің догмасына көнбейтін Макмерфи сияқты күрескерлері бар. Міне, бұлар аз. Саусақпен санарлық. Ол жалғыз. Бірақ ол жалғыз екенмін, соңымда көлеңкемнен басқа ешкім жоқ деп үрейленбеді. Тұтас қоғамдық жүйеге қарсы шапқан жалғыз адам не істемек деп аузын құр шөп­пен сүртетіндер, адамның шек­сіз мүмкіндігіне күмәнмен қарай­тындар жауапты Кен Кизи­дің кітабынан іздесін.

Оқиғаны баяндайтын – бойы екі метр­ден асатын алып үндіс. Бірақ оның ішкі әлемі сыртқы түріне қа­рама-қайшы. Романның бір кейіп­кері айтпақшы, «қоян тәрізді қор­қақ». Саңырау әрі мылқау кейіп­те жүретін оның да бір басына жетіп артылатын «жыры» бар. Ам­е­­рика өкіметінің үндістерге көрсеткен басқыншылығынан пси­хо­логиялық жарақат алған. Оған қоса танымындағы қос мәде­ниеттің тартысы реттелме­ген. Әкесі үндіс көсемі, анасы ақ нәсілді. Санасы екі түрлі түсі­нік­тің тайталасында дамыған. Оқиға жындыханада өтсе, роман психологиялық бағытта болса, кейіпкерлері жүйкелік сигмадан азап шексе… кітаптың атмос­ферасы ауыр болуы заңды деп, кітапты ашпай жатып тон пішпеңіз. Жаңбыр жаумай үстіңіз су болмасын. Жай ғана Кизидің жазушылық қарымына сеніңіз. Кизи – әзіл-қалжыңның жазушысы. Оның әдемі юморы, толастамас оптимизмі бар. Ауыр оқиғаның өзін күлкіге орап ұсынады. Ол оқырманды көңілсіз кеңістікте тастап кетпейді.

 АҚШ қоғамы 1970-1990 жылдар аралығында бұл кітапқа ты­йым салды. Қайта басу тоқтатылып, кітап­хана сөрелерінен алынып тасталды. Нәсіл­шілдік, жаттанды стереотиптер, феминизацияға қарсылық секілді мифтерді насихаттайды деп түсіндірді. Кітапқа тыйым салынуының басты себебі бұл емес. Өткен ғасыр басындағы АҚШ қоғамының ирониялық трагедия­сын суреттегені үшін жа­зық­ты болды. Роман сол уа­қыт­тағы тәртіпке көнбеген психо­логиялық сырқаттарды лоботомизациялау мен психологиялық денсаулық сақтау жүйесі ақсап жатқандығын ашық жариялады. Нәтижесінде, жүйкелік сыр­қаты бар азаматтардың құқығын қор­ғайтын ұйымдар көтеріліске шығып, өкімет лоботомия оталарын медицинадан шығарып тастауға шешім қабылдады. Әлем оқырмандары осындай күрескер кітаппен 1990 жылдан бастап қайта қауышты. Кизи оқырманның уақытын текке алатын жазушы емес, бұл – көпке дейін ұмытылмайтындай әсерлі кітап. Кітаптан әркім өз керегін табады. Мұнда қандай жағдай болсын, оптимизмді жоғалтпау және ешқашан берілмеу мәселесі көтерілген.

 

Лира ҚОНЫС,

филология ғылымдарының кандидаты